Әрине қазіргі таңда еліміздегі музейлер өз қызметін ХХІ ғасырдың талаптарына сай жаңаша ұйымдастыра білу керек. Ол үшін музейлер қалың көпшілік қауымға түсінікті, қолжетімді және ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттайтын танымдық орынға айналуы тиіс. Сондықтан да бірқатар мәселелерді жүзеге асырып, музей ісін жан-жақты жетілдіру қажет-ақ.
Біздің пікірімізше, Қазақстанда музей саласында қазіргі таңда кездесіп отырған өзекті мәселелер төмендегідей:
- музей ісі бойынша білікті мамандардың жетіспеуі;
- музейлерде жаңа ақпараттық технологиялардың тапшы болуы;
- еліміздегі музейлер қорының толық есепке алынбауы;
- халықтың қолындағы құнды мұралар мен жәдігерлердің музей қорына тапсырылмауы;
- музей жәдігерлерінің сараптамасын жасауда арнайы зертханалардың жетіспеуі;
- музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының өткізілмеуі;
- көптеген музей ғимараттарының жөндеуді қажет етуі;
- туризмді дамыту мақсатындағы тарихи-өлкетану музейлерінің қызмет көрсету бағыттарының дұрыс жолға қойылмауы;
- еліміздегі музейлерді қаржыландыру мәселесі және музей қызметкерлерінің жалақысы және т.б.
Қорыта келгенде, музей саласында кездесіп отырған тізбектелген мәселелердің шешімін табу қажеттілігі күн сайын артып келе жатқандығын байқаймыз. Аталмыш мәселелер болашақта өзінің оң шешімін табады деген үміттеміз. Себебі, әлемдік музейлер қызметі мен құрылымы талаптарына сай жұмыстар жасап отырған Қазақстан музейлерінің болашақ ұрпақты тәрбиелеуде және білім беруде алатын орны ерекше екендігі айдан анық...
Ал Сіз қалай ойлайсыз ???
САЯ БОЛАТХАНҚЫЗЫ,
ҚР Ұлттық музейі ғылыми-әдістемелік қызмет басшысы,
философия докторы (PhD)