Мәдени туризм – бұл баратын ел мен жердің мәдениеті, мәдени ортасы, дәстүрлері мен мәдени ландшафтарымен танысуды көздейтін туризмнің бір түрі. Мәдени туризмге жергілікті халықтардың мәдениетіне қатысты іс-шараларына қатысу, музейлерді, ескерткіштерді аралау да кіреді. «Мәдени туризм» салыстырмалы түрде жақында пайда болған термин. XX ғасырдың 70-ші жылдары «мұралық туризм» деген атпен көпшілікке танымал болып, әлемге кең тарай бастады. Дамыған батыс елдерінде соңғы 30-40 жылдарда басқа елдерге түрлі мақсатта сапар шегу бұқаралық мәдениеттің бір бөлігіне айналып, соңғы кездері басқа да елдерге де тарала бастады.
Қазақстанда да 2000 жылдан басталған экономикалық өсім сыртқы туризмге деген сұраныстың жылдам өсуіне алып келді. Оны төмендегі диаграммадан (диаграмма -1) анық көруге болады. Алайда 2015 жылдың соңында елімізде орын алған ұлттық валютаның девальвациясы сыртқы туризмді 2016 жылы 70 % дейін қысқартады деп болжанып отыр[1]. Бұл өз кезегінде ішкі туризмге деген сұранысты арттыруы мүмкін, яғни ішкі туризмге жұмыс жасайтын туроператорларға жол ашады.
2017 жылы Қазақстанда «Халықаралық көрменің» өтуі тек Астана қаласының ғана емес, бүкіл еліміздің имиджін көтеретін, шетелден туристердің келуіне ықпал ететін халықаралық деңгейдегі шара болмақ. Астана мен оның маңайы халқымыздың төл көшпелі мәдениетінің, сондай-ақ, отандық шеберлердің орындауындағы ұлттық және әлемдік музыка, би, театр өнерінің үздік туындыларын таныстыру орталығына айналады. Көрме шеңберінде салынған павильондар мен кешендер Елорданың мәдени инфрақұрылымын байыта түседі деп күтіліп отыр. Бірегей дала мәдениетінің тумасы болып табылатын қазақ мәдениетінің өткені мен қазіргі жай-күйін жан-жақты көрсететін жобалар мен іс-шаралар халықаралық, республикалық деңгейде ғана емес, сондай-ақ, облыстық, аудандық деңгейде өткізіліп тұруы ішіміздегі халықтың өз мәдениетіне тарихына деген сүйіспеншілікті қалыптастырып қана қоймай, келешек ұрпақ үшін үлкен танымдық маңызы бар.
Мәдени саясат тұжырымдамасы. Жобалардың ғылыми-теориялық және әдістемелік жағын мәдениетті 2030 жылға дейін дамытудың басым бағыттары туралы 2014 жылдың 4 қарашасында Президент жарлығымен бекітілген мәдени саясат тұжырымдамасына сәйкес музей ұйымдастырушы және үйлестіруші орталық ретінде көрсетілген. Онда «бүгінгі күні мәдениет пен мәдени әлеуетті дамыту әлем халқы мен мемлекеттерінің көпшілігінің аса маңызды даму басымдықтарының қатарына кіреді. Мәдениеттің даму деңгейі, ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтап қалу мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтардың жасалуын, таратылуы мен қолданылуын, жемісті мәдени алмасу мен тұлғаның рухани-шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз ететін, тиімді жұмыс істейтін мәдени институттар инфрақұрылымы мен тетіктерінің болуы табыстың аса маңызды критерийлерінің бірі болып табылады»[2] делінген. Көріп отырғанымыздай тұжырымдамада әлемдік үрдістерден қалыспай еліміздің бай мұрасы мен мәдениетін түрлі заманауи әдістер мен тиісті инфрақұрылым құру арқылы қалың көпшілікке тарату көзделген. Сонымен қатар, оны экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтайтын аймақтың экономикалық әлеуетінің өсу факторына айналдыру көзделген. Осы мақсатқа жету үшін туризм мен мәдениетті ұштастыру арқылы Мәдени-туристік кластерлер құрып, дамыту жолдары ұсынылған. Мәдени –туристік кластерлерге: «Астана – Еуразия жүрегі» ,«Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Шығыс Қазақстан – Алтай маржаны», «Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек Жолын жаңғырту» кластері, «Батыс Қазақстан – Каспий қақпалары» кіреді. Тұжырымдамада мәдени туризмді дамытуға қатысты пунктердің барлығында дерлік музейлер жайлы сөз қозғалған. Музейлердің арасында дала мәдениетін танытуда қорық музейлерінің зор әлеуеті баса көрсетіліп, болашақта оларды әлемдік мәдени туризмнің орталықтарына айналдыру мүмкіндігі айтылған. Оларды дамыту аймақтарды 2020 жылға дейін дамыту бағдарламаларының аясында жүргізілетін болады. Мәдени саясат тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңінің (2015 – 2019 жылдар) түйінді индикаторы ретінде музейге келушілер санын 3 есеге арттыру мақсаты қойылған. Жергілікті және өңірлік музейлерді дамыту үшін әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерімен ғылыми және шығармашылық алмасуды қамтамасыз етіп, мәдениет саласына инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту арқылы табысты салаға айналдыру көзделген.
Өзінің классикалық қызметтерінен ауытқып, талабы мен сыны жоғары, ақпаратты технологиялар шарықтаған заманда, «Музейге келушілерді қалай көптеп тартуға болады» деген сұрақ қазірде көптеген шетелдік музейлердің алдында тұрған мәселе. Жаңа мәдениет саясат тұжырымдамасына сәйкес келушілер санын арттыру мен қосымша табыс табу арқылы өз рентабельділігін арттыру біздің музейлердің де негізгі мәселесіне айналуы заман талабы. Қазір интернет арқылы кез келген адам өзіне қызықты ақпаратты жылдам ала алады. Көптеген музейлердің виртуалды сайттары арқылы оларды аралай алады. Әлеуметтік желілерде, түрлі интернет форумдарда көптеген тақырыптарға байланысты ой-пікірлермен бөлісу қазіргі заманның шындығына айналғанына да біршама уақыт болып қалды. Егер қандай да бір жағымен музейлер өз ісімен көрініп жатса, ол осындай виртуалдық форумдарда тиісті пікірлерімен бөлісіп, бағасын береді. Музейдің экономикалық тұрғыдан тиімді қызмет етуі келушілердің санына байланысты. Бірақ бұл жерде музей қаржы табу жолында өзінің дәстүрлі қызметтері болып табылатын танымдық, рухани, әлеуметтік миссиясын жеңіл ойын-сауықтық формалармен алмастырып алмауын терең ойластыру қажет. Өйткені әлемде көптеген музейлер табыс табу мақсатында классикалық музейлік тұрпаттан ауытқып бара жатқан жайы тағы бар.
Музейлердің даму тенденциялары. Жалпы әлемдік музей ісіндегі және оның туризмге қатысты тенденцияларына қысқаша тоқтала кетпей, қазіргі ғаламдық музей кеңістігіндегі өз орнымызды анықтау қиын.
XX ғасыр бойы музейлердің статусы ұлғайып, басқа да әлеуметтік мәдени институттардың қызметтерін өзіне алуына байланысты мәдени ақпаратты трансляциялаудың негізгі құралына айналды [3]. Егер бұрындары музейлерге баратындардың негізгі легі жоғары білімді, оқыған адамдар және олардың ұрпақтары болса, қазірде музейлерге барушылардың әлеуметтік құрамы біршама кеңейген. Қазіргі әлеуметтік мәдени жағдай музейлерге жаңа идеялар, білімдер, рухани құндылықтар іздеуге итермелейді. Осылайша музейлер қоғамдық сананың дамуын белгілі деңгейін бейнелейтін институттан біртіндеп оған жаңаша серпін беретін институттқа айналуда. Осыдан біраз уақыт бұрын музей экспозицияларын орналастыруда ғылыми схемаларға сүйенушілік күшті болса, қазірде қойылған жәдігерлердің мағынасы мен мазмұнын жеткізу үшін түрлі әдіс-тәсілдер мен жаңашылдық таныту кеңейіп келеді. Яғни, ақпараттың аса мол уақытында, тек музей қабырғасында ала алатын әсерлер беруге бағытталған материалды келушілерге ұсынуда бірегейлік пен ерекшелік жасауға тырысушылық басым. Алайда адамдардың рухани, танымдық, рекреациялық қажеттіліктерін өтеу орындарының барған сайын молайып, өз қызметтерін жетілдіріп отыруы музейлер үшін жаппай бәскелестік заманында үлкен сын болып отыр. Елдің әл-ауқаты жоғары болған жағдайда ол көп білінбесе, экономикалық дағдарыс кездерінде ол сұраныс тіптен түсіп кетуі мүмкін. Батыс елдерінде ХХ ғасыр бойы саны жағынан ұлғайып келген музейлердің көпшілігінің жағдайы қазірде мәз емес көрінеді. Германияда мәдени менеджмент саласының белді мамандары болып табылатын Дитер Хазельбах, Армин Кляйн, Пиус Кнюзель және Штефан Опиц елде мемлекет есебінен жұмыс істеп тұрған музейлер, кітапханалар мен театрлардың жартысынан артығын жауып тастауды ұсынды. Мәдени саясаттың елде сәтсіздікке ұшырағандығы туралы «Мәдени инфаркт: барлық жерде бір-біріне ұқсастық тым көп» деген кітапта жан-жақты ашылып жазылған[4].
Музей ісіндегі тағы бір тенденцияға арнайы мамандандырылған музейлердің, яғни белгілі бір топқа, аудиторияға арналған музейлердің ұлғаюы. Олардың қатарына балаларға арналған музейлерді немесе белгілі бір қоғамдық мәселеге арналған музейлерді жатқызуға болды. Балаларға арналған музейлердегі экспозициялар музейлік педагогика құрастырған әдістемелерге сәйкес балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. 2004 жылы Израильдің Холон қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірінші қозғалмалы көрменің негізі қаланды. Музей ішіндегі «Түнектегі диалог» деп аталатын көрме келушілерді бір мезет көзі көрмейтін адамдардың әлемімен таныстырады. Келуші тастай қараңғыда көзі көрмейтін адамды жетектейтін таяқты ұстап, түрлі дыбыстарды, иістерді, машиналардың, қала көшелерінің дыбыстарын айыруға үйренеді. Көрменің павильондары көшенің, парктің, порттың тіптің кафенің үстелдеріне дейін асқан шынайылықпен берілген. Музейде құлағы естімейтін адамдардың әлемімен танысуға арналған көрме де бар[5].
Цифрлы технологиялар мен IT саласының дамуы музейлік жәдігерлерді 3D моделдерін құру арқылы қайта қалпына келтіру ісін жаңа деңгейге көтерді. Қазірде дамыған батыс елдерінде осы технологиялар кеңінен етек жайған сала болып табылады. ХХ және XXI ғасырлар тоғысында пайда болған Digital Humanities деген пәнаралық бағыт қазірде гуманитарлық ғылымдардың барлығын дерлік өзіне қосады десек болады. Қазірде осы бағытта жұмыс жасайтын 100-ден астам ғылыми зерттеу орталықтары, университеттерде кафедралар белгілі. Олардың ішінде ең танымалы Лондон корольдық колледж (King’s College London) Digital Humanities кафедрасы. Олардың жасаған жобаларына Британ музейінен цифрлау арқылы электрондық форматқа өткізілген 10000-ға жуық өнер туындыларының электрондық кітапханасы, 1550 жылға дейінгі ағылшын ортағасырлық музыкасының цифрлы архиві және тағы басқа тарихи мәліметтердің электрондық базалары жатады. Электрондық базалар қазірде одан ары толықтырылып, жетілдірілу үстінде.[6] Әрине, бұл технологияларды ұтымды және орынды пайдалану ғана қажетті нәтиже беретіндігі сөзсіз. Дегенмен, ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың музей ісіне кіруін қайтымсыз үрдіс деуге болады. Бұл жерде қай музей осы технологияларды неғұрлым ерте және тиімді пайдалана алса сол ұтары анық. Осы тенденцияны түсінген біздің үкімет 2025 жылға дейін виртуалды мұражайлар желісін құру және барлық мұражай қорларын, концерттік жазбаларды, материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұраның атаулы туындыларын электрондық форматқа көшіруді жоспарлауда.
Енді өзіміздің елдегі музейлердің туристік әлеуеті мен оны арттыру жолдарына тоқталсақ. Республикамыздағы 231 музейдің біреуі ғана жеке меншікте қалғаны мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
Музейлердің рентабельділігін көтеру мақсатында 2015 жылы музейлер мен қорық музейлердің ұйымдық формасы мемлекеттік кәсіпорыннан мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға ауыстырылды. Осының арқасында Ұлттық музей 2016 жылдың ақпан айында 104 млн. теңге табыс тапқан. Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы министрлік музейлердің экономикалық тиімділігін арттыруға, қосымша қаржыландыру көздерін табуға бағытталған жұмыстарды одан ары жалғастыратындығы туралы мәлімдеді[7]. Сондай-ақ, министр «саланың туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Есік», «Ежелгі Тараз», «Берел» қорық-музейлерінің аумағында интернет-дәмханасы, оқу және көрме залдары, кәдесый павильондары бар Визит-орталықтар құрылған және олар келушілер арасында үлкен табысқа ие» деді.
Кез келген қызмет көрсету немесе өнім сияқты музейлік қызмет көрсетуді өз еліміздің ішінде дамытып алмай, бізге бірден халықаралық туристік орталық болу өте қиын. Сондықтан өз ішімізде сұраныс тудыра алмасақ, әлемдік танымалдылыққа жету мүмкін емес. Осыны еске ала отырып, музейлік саланы ішкі және сыртқы туристерге қызықты болуы үшін жан-жақты ойластырылған кешенді бағдарламалар болуы тиіс. Астана мен Алматының біреуі заманауи ғимараттары жыл санап өсіп келе жатқан Елорда, екіншісі Алатаудың әсем баурайынан орын тепкен, мәдениет, білім мен қаржы орталығы ретінде ішкі және сырттан келетін туристер көп таршылық көрмесе, басқа өңірлердегі музейлердің қосымша туристерді тарту әлеуеті шектеулі. Туристік сала үлкен бір кешенді индустрия болғандықтан, онда болып жатқан әрбір үрдіс бір - бірімен тығыз байланысты. Мысалы, бірегей тарихи-мәдени ескерткіш бола тұрып, оған баратын жолдар дұрыс болмаса, не қызмет көрсетуі тиісті деңгейде болмаса, қонақ үйлер болмаса ол жердің мүмкіндігін біз пайдалана алмаймыз. Сондықтан мәдени-кластерлерді құру бастамасы терең сараланып, икемді жоспарға сүйене отырып іске асырылуы қажет. Еліміздің климаттық, маусымдық, географиялық орналасуына байланысты шектеулерді ескерсек, туризмді жоғары деңгейге жеткізу үшін ведомствоаралық, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар арасында үйлесімді жұмыс қажет. Ол жерде БАҚ-ты, жалпы халықты қатыстыру өте маңызды. Әрине ондай кешенді жоспарлар жасауда ғылыми зерттеу институттарының, ғалымдар мен эксперттердің идеялары, жасаған жобалары форумдар мен конференцияларда, дөңгелек үстелдерде талқылануы ескерілмей қалған сұрақтардың басын ашып алуға мүмкіндік береді. Мұнайдың арзандауына байланысты бюджеттің қысқаруы біздің экономикаға қосымша табыс көздерін белсенді іздестіруді талап етеді.
Музейлер арасында әріптестікті арттыру да келушілер легін ұлғайтуға бағытталған жақсы шара. 2015 жылы Ұлттық музей қабырғасында басқа өңірлердің музейлерінен әкелген жәдігерлер көрмелерінің ұйымдастырылуы соған жақсы мысал болды. Осыған ұқсас шетелдік музейлермен әріптестік ұйымдастырылса, оның эффектісі одан артық болмаса, кем болмайды деп есептейміз. Шетелге баруға мүмкіндігі жоқ халық үшін басқа елдердің музейлерінде сақталған жәдігерлерді көрудің тамаша мүмкіндігі осы. Ондай музейаралық көрмелер ұйымдастыру әлемде қазір біршама кең тарап келе жатқан дәстүр десек болады.
Музей базасында ірі бір мәдени немесе ғылыми шараны өткізуді дәстүрге айналдырып, жыл сайын оған қатысушылардың саны мен сапасын арттыруға бағытталған жобалар, фестивальдар, мерекелер, форумдарды болашағы зор деп есептейміз. Әрине ондай шараларға дайындық тиянақты, жан-жақты ойластырылғандығы өте маңызды. Өйткені біздің көптеген мекемелерде әлі күнге дейін ондай шараларды есепті жақсарту үшін немесе жоспарды орындау үшін дайындықсыз апыл-ғұпыл өткізе салушылық бұрыннан қалған әдет.
Әр музей жанында музейлік маркетинг бөлімі ашылып, музейлік қызмет көрсетуді, онда болып жатқан шараларды халыққа, инвесторларға танытатын арнайы бөлімнің жұмыс жасауы қазіргі заман талабы. Келушілерді музейге тарту тек қана арнайы мамандардың ғана емес, бүкіл музей қызметкерлерінің кәсібилігіне байланысты. Сондықтан музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып отыратын, музей ісі саласындағы соңғы тенденциялар мен өзгерістерден хабары болып, оны практикалық жағдайда қолдана білуі үшін мастер кластар мен семинарлар өткізетін бір орталықтың болуы да музейлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесетін тағы бір шара деп есептейміз.
Осындай мастер кластар мен семинарларды, музей қызметкерлерінің түрлі мәселе бойынша тәжірибе алмасу алаңының ролін Астана қаласында жаңадан құрылған Ұлттық музей орындай алар еді. Заманауи құрылыс қабырғасында ірі көрмелер ғана емес, ірі конференциялар мен дөңгелек үстелдер, эксперттік бас қосулар өткізуге өте ыңғайлы.
Туристік әлеуетті көтеру мен келушілер санын арттыру мәселесін шешуде турбизнес өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнату қажет. Ол байланыс тек қысқа уақыттық табыс табу аясында ғана емес, біріккен шаралар мен туристік маршруттар әзірлеуге бағытталған, ұзақ уақыттық әріптестік дәрежесіне жеткізу өз жемісін береді деп айтуға болады. Сыртқа шығу туристік бағытының айтарлықтай қысқарғанын ескерсек, бұндай әріптестік бастарынан тоқырау кезеңін өткізіп жатқан турбизнес өкілдеріне аса қажет дүние. Турбизнес өкілдерінде маркетинг басқа салаларға қарағанда жақсы дамуы және олардың туристердің нені ұнататындығы туралы ақпараттың болуы музейлерді жаңа шығармашылық ізденістерді алдыға жылжытуға жақсы итермелеуші күш болар еді. Турбизнес арқылы музейлердің жарнамасын еселей түсетін мүмкіндік ашылады. Ол туралы ең жоғары мінберлерден солтүстік көршіміздің мәдениет министрі В. Мединский 2015 жылы өткен «Интермузей» фестивалінде «Ресейде аймақтардағы музейлер туристерді келуге ынталандыратын негізгі фактор»[8] деп мәлімдеме жасады.
Интернет қоғамдық өмірге әсіресе өскелең ұрпақтың күнделікті өмірінің ажырағысыз бөлігіне айналған заманда Қазақстанның ірі қалаларындағы кейбір музейлерінде интернет сайттың болмауы оларға келушілердің ағынын азайтпаса, көбейтпесі анық. Мемлекеттік немесе арнайы қорлардың кепілді ақша аударымдарына арқа сүйеп отырған мұндай музейлердің нарықтық экономика жағдайында қаншалықты ақталған деген сұрақ туады. Біз қаншалықты формальді түрде нарыққа өттік десек те, әлі күнге дейін сол бұрынғы кеңестік санадан толығымен айырылмағанбыз. Әрине ондай патронаттық қызмет атқарып отырған билікке де, бұндай жағдай тиімді ма деген ойға келесің.
Тағы бір біздің ойымызша, келушілерді нақты сол музейді таңдауына итермелейтін факторға музейдің ішіндегі және сыртындағы инфрақұрылым, оның залдарының көркемделуі, келушіге ыңғайлы орналасуы, ішінде тамақтанатын, сувенирлер сатып алатын орындардың болуы сияқты жақтарының адамдарға ыңғайлы болып орналасуы жатады. Музей басшылары мен қызметкерлерінің турбизнес өкілдерімен сол жағын да жақсы ойластыруы келушілер ағынын дәл сол музейге бағыттауына ықпал етері сөзсіз. Орналасу жағын келушілер мен туристерге ыңғайлығы жағынан саралаудың мысалы ретінде біз тағы өзіміздің Ұлттық музейді алдық. Ұлттық музей басқа да Астана қаласында ішкі және сыртқы туристерді тартатын бірегей ғимараттарына жататын «Пирамида», «Тәуелсіздік сарайы», Орталық Азиядағы ең үлкен «Хазрет –Сұлтан» мешіті, «Тәуелсіздік монументі», Қазақ Ұлттық университетінің ерекше дизайндағы «Шабыт» ғимаратымен үйлесімді архитектуралық ансамбль құрып тұруы бұл ауданды жалпы тартымды етіп тұрады. Яғни ғимараттардың бір –бірінің қасында тұруы ауданның туристік әлеуетін еселей түседі. Келген туристердің бір алаңда қаншама бірегей ғимараттарды көріп кетуге мүмкіндіктері болады. Музейдің өз ішінде ыңғайлы тамақтанатын орнының, конференц залдарының болуы, сувенирлік заттар алатын, ыңғайлы күту орындарының және үлкен автопарковканың болуы да музейдің тартымды болуын арттыратын факторға жатады. Әрине, бұл ауданның әзірге кері тұстары да жоқ емес. Оған ауданның әлі белсенді салынып жатуына байланысты әлі шеткері ауданда орналасуын, қаланың басқа нүктелерінен жету қиындығын, қонақ үйлер кешенінің салыстырмалы түрде шалғайда орналасуын, қоғамдық көлік желісінің нашар дамуын жатқызуға болады.
Мақаламызды қорытындылай келе, мынадай түйіндер жасауға болады:
- Музейлер мәдени туризм саласының негізгі жүйе құрушы бөлігі. Бұл тұжырым Қазақстан сияқты көшпелі өркениеттің өзегі болып табылатын ел үшін айырықша өзекті.
- Музейлердің туристік әлеуетін көтеруді еліміздің жалпы туристік, инфрақұрылымдық жұмысымен тығыз кіріктіріле және оның дамытуға мүдделі жақтардың қаржы-экономикалық, интеллектуалды-шығармашылық, әкімшілік ресурстарын үйлестіріп, нақты жоспармен жұмыс жасағанда ғана жүзеге асыруға болады.
- Музейге келушілерді арттыруда жаңа шығармашылық шешімдерді қолдану, әлемдік музей ісіндегі сәтті тәжірибелерді енгізу жылдам қарқынмен өзгеріп бара жатқан дәуірде аса өзекті.
Музейлердің басшылығы мен ұжымдарына жаңа ұйымдық формаға өткеннен бастап, келушілерді тарту жұмысында жаңашылдық пен шығармашылық таныту негізгі қағидаларына айналуы тиіс. Жаңа технологиялар мен бірге түрлі маркетингтік амалдарды ойластыру жұмыс бағыттарын әртараптандыру, туристік, білім беру ошақтарымен тығыз әріптестік орнату, түрлі тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, республиканың басқа музейлерімен, шетелдік музейлермен қарым-қатынасты белсендіру музейлерге деген халықтың қызығушылығын арттыратын негізгі факторлары деп есептейміз.
Ұсыныстар:
Мәдени туризмді дамыту аясында музейлерге ішкі және сыртқы туристер легін арттыруға бағытталған арнайы жұмыс тобын мәдениет және спорт министрлігі үйлестіруімен Ұлттық музей қабырғасында құру;
Музейлердің туристік әлеуетін арттыру жолдарын талқылайтын халықаралық немесе республикалық деңгейдегі конференция ұйымдастыру;
Мемлекеттік музей жұмыстарының тиімділігін бағалайтын индикаторларға қоғамдық бақылау мен қатысу пунктерін енгізу;
Музейлердің туристік бизнес, білім беру орындары, БАҚ өкілдерімен, ықтимал инвесторлармен әріптестікті белсендіру.
Шетелдік сәтті маркетингтік шешімдерді отандық музейлерде қолдану.
Осы жасалған талдауымыз ескеріліп, болашақта үлкен ғылыми зерттеулерде жалғасын тауып, жақын болашақта тиімді шешімдерге айналады деп үміттенеміз.
Қалибек АСЫЛБЕКОВ,
ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері
Қолданылған әдебиеттер:
[1] Выездной туризм в Казахстане упадет на 70%, внутренний уже растет — эксперты. http://365info.kz/2016/02/vyezdnoj-turizm-v-kazahstane-upadet-na-70-vnutrennij-uzhe-rastet/
[2] "Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 22 қыркүйектегі № 998 қаулысы
[3] А.Ю. Гиль ИЗМЕНЕНИЯ В ДЕЯТЕЛЬНОСТИ МУЗЕЕВ С УЧЕТОМ ТЕНДЕНЦИЙ РАЗВИТИЯ СОВРЕМЕННОГО ОБЩЕСТВА
Статья выполнена при поддержке фонда РГНФ (проект «а» № 12-03-00206 на 2012 год
[4] Культурный инфаркт. Режим доступа. https://lenta.ru/articles/2012/03/29/kultur/
[5] Теория история искусства: Музеи мира. Режим доступа: http://www.philol.msu.ru/~tezaurus/library.php?view=d&course=5&raz=3&pod=2&par=2
[6] Л.И. Бородкин Digital Humanities и виртуальные реконструкции в музейном пространстве. Современные тенденции в развитии музеев и музееведения Материалы II Всероссийской научно-практической конференции (Новосибирск, 29 сентября-3 октября 2014 г.)
[7] Национальный музей Казахстана заработал 104 млн тенге в 2015 году
[8] Мединский: музеи важны для привлечения туристов в регионы России