Анонс


Бибімариям Қарсақбаева: Мектеп музейлерін құру арқылы патриотизмге тәрбиелейміз

Сейсенбі, 26 Желтоқсан 2017 16:56
Бибімариям Қарсақбаева: Мектеп музейлерін құру арқылы патриотизмге тәрбиелейміз KAZMUSEUM.KZ -  

Елбасының «Болашаққа бағдар : рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының еліміздің рухани дамуы жолында алар орны ерекше. Мақаладағы басым бағыттардың бірі өлкетану мәселесі болып табылады. Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша республиканың бүкіл аймағында тиісті шаралар қолға алынуда. Бұл тұрғыда шалғайдағы ауылдар да шет қалмақ емес. Кішігірім ауылдар да да өлкетану бағытында үлкен шаралар ұйымдастырылып жатыр. Оған дәлел – Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Көксу ауылындағы С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебі жанынан құрылған өлкетану бағытындағы музейде атқарылып жатқан шаруалар. Музейдің тыныс тіршілігімен танысу үшін музейді құруға мұрындық болған, аталмыш мектеп директоры Бибімариям Қарсақбаева ханыммен сұхбаттасқан болатынбыз. 

- Бибімариям Сансызбайқызы, білім беру ісінен өзге, мектеп жанынан осындай музей құру ісі қызметтеріңізді қосымша қиындықтар туғызбайды ма?

- Жақсы білім берудің кепілі – дұрыс тәрбие берумен өлшенеді. Осы мақсатта оқушылар мен ауыл тұрғындарына, келген қонақтарымызға өңіріміздің тарихынан хабар беретін кішігірім болса да осындай музейді құру ісін қолға алдық. Бұл істі ұйымдастыруда мектеп мұғалімдері, ауыл тұрғындары тіпті оқушылар да атсалысты. Өткенімізге тағзым, болашағымыздың баянды болуы.

- Музей туралы баяндап берсеңіз?

- Біздің музейіміз жеті бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы «Археология» бөлімі. Көксу ауылы аумағында ортағасырлар кезеңінде гүлденген қалашық орны болған Оған дәлел ауыл маңындағы топырақ үйінділердің астынан табылатын көне жәдігерлер куә бола алады. Қалашық орны мен мұндағы күмбезді ескерткіштер туралы орыс саяхатшылар мен археологтардың еңбектерінде де егжей-тегжей баяндалған. Ауыл маңынан кездейсоқ немесе құрылыс жұмыстары кезінде табылған археологиялық артефактілер аталған бөлімімізде топтастырылған.

Келесі бөлім, «Киіз үй – әлем үлгісі» деп аталады. Бұл бұрыш музейдің нағыз көркі, қазақы ауылдың көрінісі. Киіз үй бөліктері айшықталған.

Ауыл тұрғындары мен мектеп бітірушілері және мектеп оқуышалары жасаған қолөнер бұйымдары жинақталған «Ел іші-өнер кеніші» бөлімінде  тоқыма, қашалған және кестеленген, ойықпен әрленген өнер туындыларын көруге болады.

Ауыл халқынан жинақталған этнографиялақ мұралар шоғырланып музей бұрышы – «Мәдени мұра – ғасырлар үні, тарих куәсі» деп аталады.

«Ел мерейі – Елбасы» экспозициялық бұрышы Президентіміз Н.Ә. Назарбаевқа арналған. Мұнда елбасымыздың өмірі мен қызметі туралы құжаттардың көшірмелері, оның жарияланған кітаптары қойылған.

Ал, мектебізге есімі берілген дарынды жазушы, ақын, публицист, белгілі әдебиетші Сатар Ерубаев атамызға арналған көрме бұрышында ол кісінің әр жылдардағы суреттері, мақалалары мен өлеңдері, жалпы шығармашылығы мен өмірі жайлы мағлұматтар  берілген. Бұл бөліміміз – «Мектеп  тынысы» деп аталады. Сонымен қатар бұл бөлімде мектеп тарихы мен оны басқарған директорлар, мектептен түлеп ұшқан белгілі тұлғалар туралы да бяндалады.

- Мектеп жанынан құрылған музей болса да атқарар қызметі ауқымды екен. Осы атқарып отырған жұмыстарыңыз жайлы әкімшілік немесе білім ұйымдары тарапы хабардар ма және қолдау білдіріп отырады ма?

- Біз бұл музейді ашуда қомақты қаржы қажет етпедік. Атап өткенімдей, көп болып жасалған жұмыс бұл. Енді жәдігерлер қорымыз көбейген сайын музей экспозияциясын де көріктендіру тұрғысындағы қаржы тапшылығы байқалып жатыр. Қазіргі таңда экспозицияны жаңарту, витриналар алуға да демеушілер қарастырудамыз.

Бізде аудандық білім бөлімі тарапынан ауылдардағы мектептер жанынан құрылған музейлер арасында ішінара сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Жеңімпаз музейлердің құрылуы мен экспозициясының ерекшелігі, жәдігерлер қорының молдығы сияқты критерийлерге қарай анықталады. Нәтижесінде «Облыстық жас туристер станциясы» тарапынан арнайы сертификаттармен марапатталып, куәліктер табыс етіледі. Бұл да болса жасалып жатқан жұмысқа ары қарай дамытуды ынталандырады.

 

Сұхбатыңызға рахмет, жасап жатқан істеріңіз табысты болсын!

 

 

3658 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper