Анонс


«Астанадан астанаға» экспедициясы: Қазақстанда географиялық патриотизмді қолға алу керек

Сейсенбі, 07 Шілде 2015 16:56
«Астанадан астанаға» экспедициясы: Қазақстанда географиялық патриотизмді қолға алу керек KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Астана күніне орай, «Астанадан астанаға» халықаралық экспедициясы тарихи астаналарымызда болуды мақсат етті. Оралдан шыққан ғылыми экспедиция 3 мың шақырымға жуық жер жүріп өтті. ХҮІ ғасырдың басындағы Қазақ хандығының астанасы Сарайшыққа, Бөкей хандығының орталығы Хан Ордасына, Қазақ АКСР-дың 1920-1925 жылдардағы астанасы Орынборға ат басын тіреді.

Экспедиция құрамында Астана, Атырау, Мәскеу, Орынбор, Самара, Астрахан және Орал қалаларының тарихшы-ғалымдары, археологтары мен тілшілері болды.

 «Ақжол» БҚО ғылым және білім қоғамдық қоры» ұйымдастырған экспедицияға Орал қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. Ғылыми жорыққа аттанған топты қала әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, сапарға шығарып салды. Қала әкімдігінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде Оралдың зиялы қауымы экспедиция мүшелерін алда күтіп тұрған тарихи орындардың қазақ елі үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Қазақ хандығының 550 жылдығын насихаттауға шетел ғалымдарын тарту, олардың көмегімен тарихи ізденістерді ел шеңберінен шығарып, өзге елдердегі деректерге қол жеткізу, жас тарихшыларды тәрбиелеу мәселелері сөз болды.

 

Сарқыншағы қалған Сарайшық

 Экспедиция алдымен Сарайшық музей кешенінде болған соң, қалашықтың өзіне де ат басын бұрды. Көне шаһардың орнында жүргенімізде бізге кішкене балақан жақындады. Уысында 4-5 көне тиын бар. Осы орыннан тапқан екен. Шамасы Алтын орданың ақшасы болса керек. Әңгімеге тартып көріп едім, ең үлкен олжасы қыш құмыра болғанын, оны бес мың теңгеге сатқанын айтты. Әрқайсысын 500 теңгеден ұсынған баланың тиындары лезде «өтіп кетті». Иә, тарихымыз осылай оңай олжа боп, әркімнің қалтасында кетіп жатыр.

Сәбиді кінәлай алмайсыз, үлкендерден көргенін істейді. Тіпті, еңбектеніп ақша тауып жүр десек те болады. Кінә – алақандағыдай ап-анық болып жатқан көне астанамызды сақтай алмаған елдігімізде. Жағалау бекітіледі деп айтылып-айтылып, сөз жүзінде қалды. Жыл сайын 5 метрден қысқарып, өзенге ағып бара жатқан шаһардың бір кездері ұзындығы – 10, ені 8 шақырым болғандығына бүгін жұртты сендіру қиындау.

Экспедиция құрамындағы Ресей ғылым академиясының Н. Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Эмма Зиливинская қалашықтың мүшкіл халіне қынжылыс танытты.

 - Қазақстанда біршама жылдан бері археология саласында жұмыс істеп келемін. Алтыр Орда кезеңімен жұмыстанатын болғандықтан Сарайшықты көру арманым еді. Дәл қазіргі күйіне қарау аянышты. Көптеген тарихи ескерткіштер сияқты бұл мекеннің де құрып бара жатқаны жақсы емес. Жағалауды  бекіту  жұмыстары жүргізілсе игі еді. Сондай-ақ ол жерде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесін ғылыми айналымға қосу, жақсылап жариялау қажет.  Табылған заттар жайлы қысқаша болса да мақалалар жарияланса. Бұрынғы жүргізілген жұмыстардың материалдарымен аз ғана ғалымдар таныс, көпшілік біле бермейді. Мәселен мен кітабыма Жайық қалашығын қостым да, Сарайшық жайлы толыққанды ақпарат таба алмадым, - деді Эмма Давидовна.

- Мен қазір Жалпақтал қалашығының қазба жұмыстарына қатысудамын. Ол мекен өркениеттен алыс жерде жатқасын жақсы сақталған. Ал өзен арнасында қалған Сарайшықтың жыл сайын бірнеше метр куб мәдени-тарихи қатпарынан айырылып жатқанымыз көңілге қаяу түсіреді. Болашақ ұрпақ үшін барлық жағынан маңызды бұл қалашықты қайткенде де сақтап қалуға биліктің тырысқаны абзал, - дейді Астрахан мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, археолог Даниял Жарқыналиев.

 

Географиялық патриотизм – нағыз идеология

Экспедиция Сарайшықтан шығып Атырауға аялдады. Онда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде кездесу өткізілді. Аталмыш оқу орнының ректоры, филология ғылымдарының докторы Бейбіт Мамыраев жиналған зиялы қауымға экспедиция мүшелерімен, мақсатымен таныстырды. Бұл жиында екі елдің тарихшылары Қазақ хандығының 550 жылдығы тойлануының мән-маңызына тоқталды.    

        - Бұл эспедиция екі ел ғалымдарының үш жылғы бірлескен ғылыми жұмысының жемісі. Біз көршілес Ресей жерінің қазақ тарихына қатысты тұстарын зерттей бастадық. Нәтижесінде ғылыми еңбектер жазылуда, - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықов. 

        - Дала – табиғаттың ерекше бөлігі. Өзіне тән климаты бар. Ресейде даланы қорғаудың арқасында, жоғалып кеткен аша тұяқтылар соңғы кезде келе бастады, жабайы жылқылар қайта өсіріле бастады. Еуразияда даланың маңызы аса зор. Ұшы-қиыры көрінбейтін бұл дала небір тарихтың куәгері. Ресей мен Қазақстанды байланыстыратын небір тарихи оқиға да осы далада өтті. Әлі тасада қалып келе жатқан тарихымыздың екі елге ортақ тұстарын бірлесе зерттеу арқылы ары қарайғы қарым-қатынасымызды да құра аламыз, - деді Ресей ғылым академиясының Урал дала институты бөлімшесінің ғылыми қызметкері, Ресей географиялық қоғамының мүшесі, фотограф-анималист Сергей Жданов. Ол Атырау университетіне 1755 жылғы Орынбор аймағының картасын сыйлады. Онда Қазақ хандығына қатысты дерек те молынан.

Батыс Қазақстанның тумасы, ғылыми ортада «Дала адамы» аталып кеткен С. Ждановтың кітаптарында табиғаты ұқсас Орынбор мен Батыс Қазақстан даласының 500-дей құс суреті бейнеленген. Сондай-ақ киік – фотографтың ерекше дендеп кіріскен тақырыбы.

Жалпы, Ресей ғылым академиясының Дала институты деген құрылымы ерекше. Біздің елдің негізгі бөлігі даладан тұрады. Осы даланы жан-жақты толыққанды зерттеп, бақылау-қорғаумен айналысатын сондай ғылыми мекеме бізге де керек. Ұлы дала деп ән-жырға қосып, мақтанғанда керімбіз, ал оның табиғаты мен жан-жануары ғылыми тұрғыдан еш бақылаусыз жатыр. Кешегі иен даламыздағы киіктің қырылуын да бақылай алмай отырғанымыз сондықтан.

Сергей Ждановтың географиялық патриотизм идеясы өз басыма қатты ұнады. Шынымен де, ұрпаққа өз туған жерін кеңірек, жан-жақты таныстыра отырып туған жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру – санасына ұғымдырақ болмақ. Яғни жас буын туған жері жайлы құр сөз арқылы білмей, керісінше өз көзімен көріп, сезініп өссе – нағыз елшіл болар еді. Ал оны тарихпен байланыстыра түсіндірсе,   тіпті керемет. Тарихи жеңістеріне, әскери күші мен қаруына масаттанатын патриоттық өткен ғасырмен бірге қалса керек-ті. Біз өз елімізде өмір сүріп қоймай, онда саяхаттасақ, тарихымен демалып, ата-бабамызды мақтан тұтсақ, міне, нағыз идеология.

 

 

Тарихқа тұнған Орда

Шетелдік ғалымдар құмдақ тақыр даламен келе жатып оазиске – жап-жасыл Хан Ордасына тап болғанда қатты таңғалды. Экспедиция Орда тарихымен жете танысты. Аядай ғана ауылда мемлекет қорғауына алынған алпыс шақты (!) өткен ғасыр ғимаратының керемет сақталуы – сирек жағдай. Яғни Орданы аспан астындағы музей десе де болатындай. Жолшыбай Ақжайық аудандық музейі мен Жалпақталдағы ескерткіштерді көрген ресейлік тарихшылар қазақ халқының тарихына деген құрметтейтініне қатты риза болысты.

Бөкей ордасы тарихи музей кешенімен танысқан соң экпедиция Орда ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Отырыста Бөкей хандығының қазақтың тарихындағы орны сараланып, музейдегі жәдігерлер жайында әңгіме өрбіді. Экспедиция мүшелері хан-сұлтандар жатқан қорымда болып, Жәңгір хан отырғызған орманды аралап көрді.

 

Орны бөлек Орынбор

Орынбор облысында 120 мың қандасымыз тұрады. Қазіргі халқының 6 пайызы. Экспедицияны қарсылаған Орынбор қаласы әкімшілігінің  қызметкерлері  біраз тарихи орындарды көрсетті. Тарихи-өлкетану музейіндегі қазақ тарихына қатысты жәдігерлермен таныстырып, Орынбордың астана болған кезіндегі маңызды нысан болған ғимараттарға апарды. 1917 жылы Қазақстанның ұлттың мемлекеттілігінің қалыптасу тарихында маңызды орын алған І және ІІ жалпықазақ сиездері өткен ғимарат, 1920 жылы қазан айында Қазақ АКСР-дың тұңғыш кеңестерін бекіту сиезі болған, 1920-1925 жылдары Қазақ АССР-дың өкімет үйі болған ғимараттарды көру  бізге ұмытылмас әсер берді. Бұлар  шатырының астында Алаш қайраткерлерінің төрт көзі түгел бас қосқан, қазақ үшін қимас орындар. Көне қаланың көп өзгере қоймаған бөлігінде келе жатып, көз алдымызға сол көшелермен Алаштың арыстарының алшаң басып жүргені елестеді...

Экспедицияның қатысуымен Орынбордың Қазақстанның астанасы болып жарияланғанына 95 жыл толуына орай «Орынбор – Қазақстан-Ресей достығының тарихи жолайрығы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Жиынға сол жердің билік өкілдері, ғалымдары, қазақ диаспорасы қатысты. Онда БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықов «Орынбордан Астанаға дейінгі қазақтың астаналары» тақырыбында баяндама жасады. Орынбордың қос ел тарихындағы орны жайлы Орынбор мемлекеттік университеті тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Сафонов, Ресей архивтеріндегі қазақ тарихы жайлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің З.Қабдолов атындағы гуманитарлық зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Аққали Ахмет, Орынбордың далалық геосаясаты жайлы Ресей ғылым академиясының Урал дала институты бөлімшесінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Алексей Палкин, ХҮІІІ-ХХ ғасырлардағы Орынбор ведомоствосы қазақтарының кәсіптік-өндірістік қызметі туралы Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Биғайша Әлімбаева баяндама жасады.

Орынбордағы қазақ этноорталығында диаспорамен кездесу ретінде өткен бұл жиында біз Орынбор қазақтарының үні – «Жаңа айқап» газетінің ұжымымен де таныстық. Дөңгелек үстелге сол жердегі қазақ диаспорасының жас ғалымдары да келді.

***  

Экспедиция 1925-1929 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы болған Қызылордада да болып, қазіргі елордамыз – Астанада қорытындыланғанда, мән-маңызы одан сайын арта түсер ме еді? Алайда, «Астанадан астанаға» экспедициясы барысында ғалымдардың назары тарихтағы шешімі қиын мәселелерге ауды. Ғылымдағы ортақ мәселелердің түйінін шешуге тырысты. Тәжірибе алмасылды. Мәселен, екі елдің археологтары саладағы жаңа технологиялар, компьютерлік графикалау, фотограмметрия тәсілдерін қолданудан дәрістер оқып, өзара пікір түйіндеді. Бұл экспедиция қорытындысы бойынша жинақ кітап басылатын болды.

       

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

журналист

Орал-Сарайшық-Орда-Орынбор-Орал

 
 
3166 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper