Айта кету керек, Филиппов қорғанында өткен ғасырда сарматтардың көптеген алтын бұйымдары табылған болатын. Ал, былтыр археологтар сарматтың жауынгер әйелінің сүйегін қазып алды. Оның қабірі тұтастай алтын әшекейлермен көмкерілген. Биыл қазба жұмыстарын жалғастырған ғалымдар б.з.д. V-IV ғасырларға жататын үш моланы тапты.
"Олардың бірі ертеректе тоналған екен. Екіншісінен жалғыз әйелдің сүйегі, үшіншісінен баласын құшақтаған әйелдің сүйегі табылып отыр. Сонымен қатар, қабірден әйелдің әшекейлері де қазылып алынды" дейді Халяпина.
Тоналған қабірден бүлінген адам сүйектері мен түртілмеген қола ошақ, аюдың тырнақтары мен қабанның азу тісі табылыпты.
Бүгінгі таңда Филиппов қорғанындағы қазба жұмыстары толықтай аяқталған. Ғалымдар бұйымдарын жинап зерттеу орталықтарына аттанды. Онда олар табылған сүйектердің кімге тиесілі болғанын анықтайтын болады.
Сарматтар — көне дәуірде Қазақстанның батыс өлкелерін, Оңтүстік Орал алқаптарын мекендеген, үлкен тобы Еділден батысқа қарай өтіп, Солтүстік Қара теңіз өңірлерін жайлаған тайпалардың шартты атауы. “Сарматтар”, “Сарматия” сияқты атаулар антик дәуірінің жазба деректерінен келген және көптеген тайпалар мен олардың одақтарына таңылатын жалпылама ұғым болып табылады.