Анонс


Қарағанды облысында Сарыарқаның көшпелі мәдениетіне арналған симпозиум өтті (ФОТО)

Дүйсенбі, 15 Маусым 2026 03:09
Қарағанды облысында Сарыарқаның көшпелі мәдениетіне арналған симпозиум өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қарағанды облысында «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы даланың құпиялары – Талды» атты халықаралық симпозиум өтті. Ғылыми форум Қазақстан, Түркия, Германия, Мажарстан және Ресейден келген археологтар мен зерттеушілерді біріктірді, деп хабарлады 24KZ арнасы.

Қатысушылар көне ескерткіштерді зерттеудің жаңа әдістерін, археологиялық мұраны сақтау мәселелерін және халықаралық ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

«Талды» тарихи-археологиялық паркі симпозиум өтетін орын ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұнда Қазақстандағы қола дәуірінің ең танымал археологиялық ескерткіштерінің бірі – бірегей Қаражартас пирамидасы орналасқан. Қарағанды облысы әкімінің орынбасарының айтуынша, дәл осындай археологиялық нысандар тарихи мұраны сақтауға көмектесіп, Ұлы дала тарихының жаңа беттерін ашуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей:

– Тарих бізге өзіміздің кім екенімізді және тамырымыздың қайдан бастау алатынын түсінуге көмектеседі. Өткенін ұмытпаған халық өзінің болмысын сақтайды. Мысыр пирамидалары Ніл аңғары өркениетінің символына айналса, Сарыарқадағы сақ қорғандары әлемге Ұлы дала өркениетінің ауқымы мен тереңдігін танытты.

Ғалымдар көне артефактілерді зерттеудің заманауи әдістерін, өткен дәуір адамдарының сырт келбетін қайта қалпына келтіру жолдарын таныстырып, археологиялық олжаларды зерттеудің жаңа тәсілдерін талқылады.

Симпозиум барысында түркиялық ғалымның баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Антрополог Назлы Ақбас алғаш рет «Талды» кешені аумағынан табылған сүйек қалдықтарына жүргізілген антропологиялық зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Назлы Ақбас, антрополог (Түркия):

– Зерттеу нәтижесінде олардың ер адам мен әйел адам екені анықталды. Жерлеу орны ежелгі заманда тоналғанына қарамастан, қаңқалар жақсы сақталған. Ер адамның жамбас және омыртқа сүйектерінде үзеңгісіз ұзақ уақыт атқа мінген адамдарға тән өзгерістер байқалды. Сүйектердің беріктігі олардың табиғи тағаммен қоректенгенін де көрсетеді.

Халықаралық симпозиум ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қоюмен аяқталды. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, мажарлық студия өкілдері және әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің тарихшылары тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында бірлескен зерттеулер жүргізуге келісті.

 

 

Фото: Ұйымдастыру комитеті

137 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper