Анонс


Жазба деректердегі қазақ қыстаулары (архив материалдары бойынша)

Жұма, 04 Тамыз 2023 20:50
Жазба деректердегі қазақ қыстаулары (архив материалдары бойынша) KAZMUSEUM.KZ -  

Тұрғын үй халықтың материалдық мәдениетінің ежелгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады, және де шаруашылық-мәдени түрі, өмір салты, табиғат ерекшеліктері, әлемнің тұрақты көрінісін бейнелейді. Барлық тарихи кезеңдерде қазақ тұрғын үйлері мен қоныстарын орналастыру табиғи жағдайларға байланысты болды.

XIX ғасырдан бастап Қазақстанның барлық аумағында тұрақты тұрғын үйлердің пайда болуы экономикалық көрсеткіші ретінде дәстүрлі өмірдің өзгеруіне байланысты. Қазақ қыстауы туралы ақпарат тарихи-саяси процестерді, қазақтың отырықшы тұрғын үйінің қалыптасуы мен дамуы, нарықтық экономикаға бағдарланған және қала өмірімен тығыз байланысты шаруашылық-мәдени түрінің өзгеруі туралы деректерді зерделеу кезінде өте маңызды болып табылады.

ХІХ ғ.-ХХ ғ. басындағы жазба деректерінде қыстауларға қатысты көптеген мәліметтер қалдырылған. 

Қазақ халқының өмір салтын зерттеумен белсенді айналысқан ғалым-энциклопедист Әлихан Бөкейхан елеулі үлес қосты. Ол қырғыз–малшыларды оңтайлы жер телімдері және қыстау қораларында орналастыру тұрғысынан ұтымды жайластыру мәселелері бойынша өзіндік очерктер жасады. Олардың негіздері Ф.А. Щербинның жетекшілігімен дала аймақтарын зерттеу экспедициясы жинаған және әзірлеген «Материалы по киргизскому землепользованию» 13 томдық зерттеуінде көрініс тапты.

Экспедиция құрамына қатыса отырып, Ә. Бөкейхан жиналған материалдарды жинақтап, түзетіп, жүйелеп, кестелер құрастырды, уездік шаруашылықтардың саны және бір көшпелі шаруашылыққа тиесілі жердің ондық саны, сондай-ақ ыңғайлы және ыңғайсыз жердің пайызы көрсетілген. Кестелерді талдай отырып, ол осы аумақтарды пайдалану бойынша ұсыныстар жасады, кейбір жағдайларда жерді пайдалану нормаларын арттыруды ұсынды.

XIX ғасырдың аяғында Ақмола оязындағы қазақ қыстаулары туралы тиянақты зерттеу жасаған Е.Шнэ болды. Өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, қыстаулардың орналасуы, айырмашылығы және олардың түрлерін жазып, схемасын сызды. «Ақмола облысындағы көшпелілердің қыстаулары және басқада тұрақты үй-жайлары» атты мақаласынада қазақ көші қоны мен ерекшеліктеріне мән береді. Ақмола қазақтарының жазғы үйлері кигіз үй екенін айта келіп: «Олар қыста тұрақты, жылы үй салады. Белгілі аумақтағы жерлерді игеруге және далалық аймақтарда көшіп жүруге шектеу болғандықтан, олар ол жерлерге (қыстау) өз белгілерін қалдырады, мысалы: зираттар, мешіт, құдықтар. Осындай құрылыстардың жиынтығы олар үшін киіз үйге қарағанда тұрақты әрі тиянақты өмір сияқты көрінеді және отырықшылдыққа бір қадам болсада жақын екенін байқатады» - деген жазбаларынан бір жағынан патшалақ рейсейдің отырықшыландыру саясаты өз деңгейінде жүріп жатқанын байқауға болады. Қазақтардың қысқы тұрғын-үйлері екі түрден тұрады: далалықтардың қыстаулары, ормансыз қоныстар және орманды аумақтардағы қыстаулар.

1906 жылы Потаниннің қолдауымен Ә. Бөкейханның жетекшілігімен шыққан Мұса Шормановтың «Заметки о киргизах Павлодарского уезда» (Павлодар оязындағы қазақтар туралы ескертпелер) атты шағын мақаласында қазақ қыстаулары жайында жақсы мәлімет беріп өтеді. Әсіресе, далалық және орманды өңірлердегі көші-қон, қазақ халқының мезгілдерді айыру ерекшеліктері сол арқылы көштің бағытын анықтаудың әдістері, қазақтың мезгілдік аңшылығы қыс кезеңінде аса маңызды болды және де Сарыарқаның әр жеріндегі қыстаулардың айырмашылығы олардың құрылысы, салынуы туралы, малдардың қысқы үйде орналасуы, үйді қимен жылыту, мал қоралар мен атаулары туралы, қысқа сақталатын өсімдіктер жайында деректі ақпараттар береді. Мысалы: Қыс мезгілінде қой-қорада (қыстаудың қой қамайтын аумағы) малдың көп жылдан көңінен тапталудың нәтижесінде қи пайда болады. Қойдың көңінің қалыңдығы 4 саусаққа жеткенде (төрт елі) қазақтар оны кет-шотпен төртұрыштап ойып, жазда күннің көзіне кептіріп қыста отқа жағуға пайдаланады. Осылай қыстауды жылытады.

1879-1889 жылдардың аралығында Ресей империясында оба ауыруын толық тоқтату мақсатында арнайы экспедиция жасақталады. Ол тек, 1889 жылы Ақмола және қазіргі Қазақстанның солтүстік өңірлеріне жетті. Мал дәрігерлерінің зерттеулері негізінде жазылған В.Михайловтың «Киргизская (казахская) степь Акмолинской области» атты мақаласында Ақмола облысының солтүстік өңіріндегі қыстаулар және онда қоныстанған рулар туралы айта кетіп, қыстаулар туралы бір шама анығырақ мәліметтер береді. Зерттеушінің айтуынша: «Жалпы қазақ қыстауы отарымен және үйірімен малдарды қамайтын, үйренбеген адам қожайынның үйіне шығатын есікті таба алмайтындай лабиринт тәріздес болып келеді. Қазақ байының үй құрылысының ерекшелігі, аула жағы созылыңқырап көршісі үйіге тақала орналасады. Ал орта және кедей қазақтарда орманды жердің өзінде болсада ағаштан жасалған үйлер аз кездеседі, үйлерін көбінде шымнан салады. Қабырғаларының қалыңдығы 1 ½ аршын (106,68 см), шатыры қамыс, тал және қайың шыбықтарымен жабылып, ағаш дігектермен тіреледі. Төбесі шыммен жабылады. Кіретін есікке қарама-қарсы кішігірім бір терезе, көп болған жағдайда екі терезе орналасады. Жарық жақсы түсу үшін жағдайларына қарай, әйнек терезе болады немесе терезеге малдың қарыны салынады. Едені топырақ (жер), қамыс немесе сабан төселген. Ал, қамыстан тоқылған төсенішті қазақтар бойра деп атаған.

Есіктің оң жағында балшықтан соғылған кішігірім жал пеші орналасқан, ал қыстаудың есігіне қарсы кигіз төселген бөлігі үй иесі және қонақтар жататын бөлме. Қалған бөліктері қарапайым заттар, қазан, самауыр, ер т.б. орналасқан, кейде бұл жерлерге жаңа туған бұзау және қозы қамалған. Қыстауға іргелес бір шатырлы мал қамайтын бөлме бар. Бұл қыстаудың далаға жақын соңғы бөлігі, оның жан-жағы қараңғы болып жабылады (қазақтар оны қора деп атайды), орманды жерде мал қамайтын жер ашық болады (шалы – төбесі ашық мал қора), тек қойды ғана толық жабылған қораға қамаған (қой қора). Қыстаудың соңғы бөлігі мұқият күтімді қажет етеді. Қора құрылысы шымнан, қамыстан, талдан, сабаннан тұрады. Қора мен қой қорада тазалық басты орында: боғы тазаланып едені сыпырылады, боқты қыстаудың маңына тастайды. Бай қазақтың үйі бұған ұқсамайды. Мұнда біз ағаштан тұрғызылған бес қабырғалы екі бөлме, сирек кездесетін дөңгелек тәрізді төрт кіреберісі, үлкен жарық терезелер, голландық пеш және т.б. байқаймыз. Ас үй бөлек орналасып, шошала деп аталады. Аула қоршалған, кейде ағаштан жонып жасалған қақпа қойылады. Мал қамайтын қора бір типті бірақ үйден бөлек орналасады».

Орманды және далалық аймақтағы қыстауларды салыстыра талдап басты айырмашылығына тоқталады «Орманды жерлердегі қыстаулар далалық қыстаулардан айырмашылығы ауласының кеңдігінде, шошала бойында және қорадан шыққан қилар мен көңдердің аулада және қабырғаның жанында үйіліп жатуында. Сонымен қатар орманды жердің қыстауларында малды қыста аяз бен ұйытқыған желден қорғау үшін ағаш бұтақтарына шым жапсырып немесе қамыс пен қурайды қоршау ретінде пайдаланады. Жабық жылы қораларға арық және нашар малдарды қамады».

Қыстаудың сапасы мен бітімі жергілікті географиялық ерекшеліктерге және материалға, әлбетте, әулеттің дәулетіне тығыз байланысты болды. Мысалы, Шығыс Қазақстанның Орталық және Солтүстік орманды өңірлерінде үй құрылысына ағашты көптеп қолданса, орман-тоғайы аз өңірлерде негізгі құрылыс материалы ретінде сары топырақтан жасалған саман кірпіш немесе саз пайдаланылды. Сондай-ақ, қыстау құрылыстың қабырғаларын соқпалау тәсілімен тұрғызатын (соқпа үй). Ауқатты адамдардың қыстаулары күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, төбежабыны шатырланып қаңылтырмен жабылған үлкен әрі еңселі көп бөлмелі үйлер болды. Жиделі, талды, тоғайларды қалың өзен аңғарларында орналасқан қыстауларда үйлердің қабырғасы екі жағынан талдан өрілген шарбақтардан тұрғызылды. Ортасы топырақпен тұрғызылды. Мұны қоныстардың осы экологиялық ортадағы өзіндік жергілікті түрі десе де болады. Тамдардың төбесі, әдетте, сырғауылдармен жабылып, оған бұлақтар салынып, соңынан шөп немесе сабанмен жабылып, үстіне қалың лай төселетін. Кейде сырғауылдың үстіне саман кірпіш немесе ойылған шыммен жабылып, үсті лаймен сыланатын. Төбежабынның үстіне қарай тоқал там, итарқа там деп бөлінетін. Тоқал тамдардың төбесі жалпақ тегіс болып келеді. Ал итарқа тамның төбесі көтеріңкі болу үшін ортасы жуан бөрене және сырықтармен сәл көтеріліп, екі жағы шатырлап еңістеу жабылатын.

Қыстаудағы тамдардың қазақ арасына кең таралған бір түрі – қоржын үй немесе қарсы үй. Ортасы ас бөлменің орнына жүрген дәлізбен бөлінген екі бөлмеден тұратын үйлердің бір түрі.

Қыстау туралы зерттеу алдағы уақытта өз өзектілгін жоғалтпайды. Қазақ тұрмысының сол кездегі толық бейнесін толық шығару үшін көп жақты сала мамандарын қатыстыра отырып зерттеген жөн. Алдағы уақыттарда қыстауды зерттеуде оны бір салада қарамау керек. Сондықтан қыстау орналасқан өңірдің ауа-райының өзгеруін зерттеу маңызды. Әсіресе синоптикалық сынамалар 100 деген жылдан бергі жауын-шашын мөлшері, желдің жылдамдығы мен бағыттары, жыл мезгілдердің ұзақтығының өзгерісі т.б. Сонымен қатар, жер бедері тектоникалық белдеулердің өзгерісі, топырақ құрамы әсіресе тың игеру жылдарынан бұрынғы және кейінгі және қазіргі кездегі өзгерістер, флора мен фауна өсімдік әлемінің зерттелуі ондағы жойылған өсімдікер т.б, сонымен қатар, археологиялық, тарихи-этнографиялық зерттеулері маңызды.

 

Бақытгүл КҮЛЖАНОВА, «Бозоқ» музей-қорығының аға ғылыми қызметкері

 

Мақала ҚР МСМ BR10164134 мақсатты-қаржыландыру бағдарламасы аясында орындалды. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақ халқының тұрақ мекендері  / Дала уалаятының газеті.— Алматы. Ғылым, 1990. — 584 б.
  2. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі: энциклопедия.  - Алматы : Алем Даму Интеграция, 2017 .– 4-т. - 813-831 б.
  3. Чорманов. М. Заметки о киргизах Павлодарского уезда // Записки Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества. Кн. 32.- Омск, 1906. 85-115 бб.
  4. Михайлов В. Киргизская степь Акмолинскойобласти (по обследованиям ветеринарных врачей) // Записки Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества. Кн. 15, вып. 3.- Омск, 1893.-87 б.
  5. Шнэ Е.Зимовки и другая постоянная сооружениия в кочевников Акмолинской области // Записки Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества. Кн. 17, вып. 1.- Омск, 1894.-80 б.
  6. Киргизское хозяйство в Акмолинской области том III. Петропавловский уезд. 1908 года. – 1909. – 393 б.
913 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper