Музей ісінде заманауи өзгерістер тұсында халықаралық байланыстар үлкен мәнге ие. Әлемдік біртұтас мәдени және ғылыми кеңістікке ену қорық-музейлердің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Есік» қорық-музейі күн сайын атқарылатын қауырт жұмыстың сыртында халықаралық байланысты басты назарға алып, дамытуға ерекше мән беріп келеді. Соның айғағындай соңғы жылдарда археология және антропология салаларында жүзеге асырылды. Бұл саладағы серіктестер қатарына Археология институты және Ресей ғылым академиясының египтологиялық зерттеулер орталығы, Корея Республикасының ғылыми және мәдени орталықтары, Қытай Халық Республикасының Шәнси облыстық археология институты, Дания Республикасының Копенгаген университетінің Геогенетика орталығы жатады.
Көрмеде 2017-2019 жылдары «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Шәнси облыстық археологиялық институтымен Рахат кешеніне және кешен маңындағы ескерткіштерге жасалған қазба жұмыстары кезінде табылған арте фактілер қойылған. Халықаралық «бір белдей – бір жол» жобасы аясында жасалған келісім шарт (2016 ж. 1-маусым) негізінде, жалпы көлемі 272 м² аумаққа, барлау және қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Рахат кешенінен ерте темір дәуірінен бастап, кейінгі ортағасырға жататын қыш ыдыстар мен бөлшектері, 15 адамның және 2 жылқы қаңқа сүйегінен тұратын түркі дәуіріне тиесілі жерлеу орны табылды. Осы табылған артефактілер негізінде Рахат кешені ерте темір дәуірінен ортағасыр аралығындағы мәдени қабаттар анықталды.
2016-2018 жылдары «Есік» қорық-музейі Корея Республикасының 5 бірдей ғылыми-зерттеу институттарының мамандарымен бірлесіп Рахат және Өрнек қорымдарына археологиялық барлау және қазба жұмыстары жүргізді. Зерттеу барысында түрлі заманауи технологияларды пайдаланып, нәтижесінде қыш ыдыстар мен алтын әшекейлер табылды, Сақ-үйсін дәуіріне жататын жаңа ескерткіштер анықталып, үш өлшемді топографиялық және ортофото түсірілімдер жасалды. Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтамақтастық жұмыстың қортындысы ретінде «Есік» қорық-музейінде Қазақстан мен Корея Республикасының біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы Достық және Әріптестік» естелік-белгісі қойылды. Бұл естелік-белгі Корея Республикасының бастамасымен 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Қазақстанда мұндай ерекше белгіні тұңғыш орнату мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің еншісіне бұйырды.
2013-2021 жылдары аралығында «Есік» қорық-музейі мен Ресей Федерациясы Ғылым академиясының археология институты Рахат тұрағы палеолит ескерткішінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Зерттеу барысында 13 метр тереңдіктегі 47 шаршы метр аумақтағынан 8 бірдей мәдени қабат, күйдірілген топырақ пен көмір дақтары, ошақ бөліктері, ежелгі адам тұрағының үш жоғарғы деңгейі, сонымен қатар тас бұйымдар, қызыл жоса қалдықтары, сынған ұлу қабыршықтары, жоңғы, кескіш, микропластина сынды дайын еңбек құралдары табылды. Ежелгі тұрғындар бұйымдарды жасауға көбіне Рахат өзенінен алынған жергілікті шикізатты пайдаланғаны анықталды.
Қорық-музейдің халықаралық әріптестігі тек бірлескен ғылыми зерттеулермен ғана шектелмей, тәжірибе алмасу, конференцияларға қатысу, мәдени мұраны насихаттауға бағытталған жаңа медиа-өнімдер шығару сияқты қарым-қатынастарда да көрініс табады.
Көрмені қорық-музей директоры Г.Р. Мухтарова ашты, ашылу рәсіміне қорық-музейдің серіктесі Shejire DNA project жетекшісі Нұрбол Баймұханов, «ҚазИнформ» ХАА» акционерлік қоғамы директоры кеңесінің мүшесі Қамбар Омаров, суретші, ҚР Көркемөнер академиясының толық мүшесі Амандос Ақанаев, ҚР Өнер академиясының өкілетті өкілі Ермек Құлбанов қатысты.
Жазира ҚҰРБАНӘЛІ, музей қызметкері