Ж.Қ. Таймағамбетов 1953 жылы 14 желтоқсанда Қостанай облысы, Комсомол ауданы, бүгінде Қарабалық, Батмановка кентінде дүниеге келген.
Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетовтың ғылыми еңбектері археология ғылымы, соның ішінде ең күрделі кезеңі болып табылатын тас дәуірінің мамандары үшін өте құнды. Ол қазіргі таңда әлемге танымал болған Қазақстан аумағындағы ежелгі ескерткіштерді - Қызылтау, Саяқ, Қошқорған, Шоқтас, Ембі, Майбұлақ және т.б. тұрақтарды алғашқы болып ашқан археологтардың бірі. Ж.Қ. Таймағамбетов 420-дан астам ғылыми еңбектердің, 49 монография, жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарының авторы. Оның көптеген мақалалары ағылшын, кәріс, жапон және француз тілдерінде жазылып, шетелдерде баспаға шықты (АҚШ, Ресей, Франция, Бельгия, Германия, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және т.б.).
Профессор Ж.Қ. Таймағамбетов ғылыми ізденістерінде Еуразияның ежелгі мәдениет тарихы, Қазақстан территориясындағы тас дәуірі ескерткіштері мен алғашқы адамдардың қоныстануы және миграция мәселелерін қарастырады. Ол Қазақстанның көне дәуірі палеолит кезеңінен еңбектер жазып отандық археология ғылымына зор үлес қосқан ғалым.
Дүние жүзі халықтарының тарихында - тас дәуірі, адамзат тарихының қызықты және өте маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады. Осы орайда, қазіргі Қазақстан территориясындағы тас дәуірі мәселелерімен айналысып келе жатқан қазақстандық ғалым, танымал археолог Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетовтың ғылыми-зерттеу жұмыстары өте құнды екені сөзсіз. Ол археология ғылымына қомақты үлес қосып, Х.А. Алпысбаев және А.Г. Медоевтың зерттеулерін сәтті жалғастырып келеді. Сол себепті, Қазақстанның көне мәдениетін зерттеуші отандық және шетелдік археологтарға Ж.Қ. Таймағамбетовтың зерттеулері мен ғылыми еңбектері үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ғылыми-әдістемелік қызмет ұжымы атынан Жәкен Қожахметұлын 65 жасқа толуымен құттықтай отырып, зор денсаулық, қуаныш пен шаттыққа толы ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тiлеймiз.
Сая Болатханқызы,
ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми-әдістемелік қызмет басшысы,
философия докторы (PhD)