Анонс


«Алтын адам» табылған «Есік» қорық-музейі археологияға қызығушыларды экспедицияға қатысуға шақырады

Жұма, 05 Мамыр 2017 01:27
«Алтын адам» табылған «Есік» қорық-музейі археологияға қызығушыларды экспедицияға қатысуға шақырады KAZMUSEUM.KZ -  

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен археолог Бекен Нұрмұханбетов атындағы «Бекен-Ата» қайырымдылық қоры 2017 жылғы 5 мамырдан бастап «Нұрмұханбетов ЭКСКАВЭЙШНС!» жобасының басталғанын жариялады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Экспедиция мақсаты – археологиялық зерттеулерді барынша насихаттау және әрбір адамға балалық кездегі өткен заманның дүниесін сезініп көру сынды балалық арманының жүзеге асуына көмектесу.   

«Нұрмұханбетов ЭКСКАВЭЙШНС!» атты халықтық археологиялық экспедиция  – отандық археология тарихындағы кез-келген ерікті адам қатыса алатын тұңғыш нағыз ғылыми-зерттеу экспедициясы.  

Экспедиция әйгілі қазақ археологы, «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі, Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың туған күніне (17.05.1935) және қайтыс болғанына бір жыл толуына (12.06.2017), 18 мамыр Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырғалы отыр. 

«Нұрмұханбетов ЭКСКАВЭЙШНС!» атты халықтық археологиялық экспедицияға қатыса отырып ашық даладағы нағыз археологиялық қызықты оқиғаларға, тарих тылсымында жасырылып келген ежелгі құндылықтарды өз қолыңмен табу қуанышына куә болып қана қоймай, Бекен атаның достары мен туыстарының, шәкірттерінің өз аузынан аңызға айналған археолог - Б.Нұрмұханбетовтың және басқа да ұлы ғалымдардың өмірі туралы қызықты деректерге, археология ғылымының сырына, ата-бабаларымыз туралы құпияларға қанығасыз. 

Бекмұханбет Нұрмұханбетов іш пыстыратын кабинеттерден гөрі ылғи да дала тылсымы мен ашық аспанды, қазба жұмыстарының қызығы мен қиындығын аңсап тұратын нағыз дала адамы, нағыз археолог-практик болатын.  Оның қала көшелерінен гөрі иен далада өз бағытын оңай табатын қасиетіне орай таныстары оны «дала капитаны» деп атады. Қалалық тіркеуде тұрғанына қарамастан Оның жан дүниесі нағыз Көшпенді, Ұлы дала ұлы болып қала берді. Сәл ғана мүмкіндік туса болды Ол «сасыған қаладан» тап-таза шексіз далаға тартып, бос боп көрінген қорғандар мен қала-жұрттар арасынан ғылым үшін аса бағалы жаңа бір дүние іздейтін еді. 

Ол аз десеңіз, Бекен Ата әрбір экспедицияны «ағарту орталығына» айналдыра отырып жергілікті халықты қазба жұмыстарына тарту арқылы олардың табыс табуына ғана емес, сонымен қатар, туған жерінің және халқының ежелгі тарихын көзбен көрулеріне жағдай жасады.  Сондықтан да Бекен атаның шәкірттері мен ізбасарлары әйгілі археологтың құрметіне ұйымдастырылғалы отырған басты іс-шараны ХАЛЫҚТЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ ретінде өткізгелі отыр.  Аталмыш экспедиция барысында нағыз қазба жұмыстарының құпиясына қанығуға және археологиялық жаңалықтарды ашушылардың қатарында болуға, ашық далада, жұлдызды аспан астында өткеніміз туралы қызықты хикаяларды тыңдауға мүмкіндік болады. Бекен ата да осыны ұнататын. Ата-бабаларымыз да солай өмір сүрген. 

Экспедиция атауы қазақша мағынасы «қазба» дегенді білдіретін, Бекен Нұрмұханбетовтың өте жақсы көретін ағылшын тіліндегі – EXCAVATIONS сөзінен алынып отыр. Дәл осы сөзді Бекен ата ерекше екпінмен, құдды ұрыс алдындағы атой сөздей айта отырып, жаңа қызықтар мен ғылыми жаңалықтарға шақыратын! 

Байланыс телефондары:

Координатор - Арман Нұрмұханбетов +7 705 1194008

Экспедиция жетекшісі -  Төрәлі Төлегенов + 7 777 1276272

«Бекен-Ата» қорының директоры -  Бекбол Нұрмұханбетов +7 707 8329320

5321 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper