Ақынның торқалы мерейтойының аясында еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі ауқымды мәдени-ғылыми шаралар өткізіліп, шығармалары жан-жақты насихатталып жатыр. Айтулы мерейтойдан қазақтың рухани және заттай құндылықтары жинақталған қасиетті қара шаңырақ – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі де қалыс қалмақ емес. Осыған орай Алматы қаласындағы бас музей 30 қыркүйек күні қазақ халқының біртуар һәм бас ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын таныстыру әрі дәріптеу мақсатында «Абай әлемі» атты көрменің ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Атаулы бұл мәдени шара ҚР МОМ-нің директоры, белгілі этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбайдың және Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бекен Нұғыманұлы Теміровтің тікелей басшылықтарымен бірлесе ұйымдастырылып отыр.
Ұлы ақынның шығармашылығынан мағлұмат беретін көрме төрінен орын алатын қолжазбалар музей қонақтарының ерекше назарын аударуы тиіс. ҚР МОМ қорындағы сирек кездесетін қазақ қолжазбалары мен басылымдары ішінде шоқтығы биік Абай Құнанбайұлының 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен жазылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» бірегей қолжазбасын ерекше атап өту керек. Аталмыш сегіз беттік қолжазбаны көптеген зерттеушілер Абайдың өзінікі деп қарастырады. Бұдан өзге Абай шығармалары жинақталған Тұрағұл Абайұлының (1875-1934) 1925-1927 жылдары жазған «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы», ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікеұлының (1860-1917), Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) қолжазбалары көрменің экспозициялық құрылымын айшықтай түскендігі даусыз.
Көрменің бір бұрышынан Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхтар Әуезовке тиесілі жәдігерлердің орын алуы заңдылық. Бірі Құнанбай әулетінің ұрпағы һәм Абайдың ізін жалғастырушы шәкірті болса, екіншісі Абай бейнесін өзінің әдеби кейіпкері ретінде әлем халқына танымал етті. Сондай-ақ Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды үш алыптың өмір жолында маңызды орын алған Семей қаласының көне көріністері бейнеленген фотосуреттер көпшілік қауымның қызығушылығын арттыратындығы сөзсіз.
Музей саласында көрме құру ісі ғылыми ортаға ғана емес, жалпы көпшілік қауымға арналып бағытталатындықтан ақынның шығармашылық қырынан бөлек, жеке өмірі, қоршаған ортасы да көрме экспозициясынан көрініс табады. Осыны негізге ала отырып ақынның туған жерін, туып-өскен ортасын, туған-туыс, ұрпақтарын көрсету мақсатында қойылған фотосуреттер мен белгілі суретшілердің туындылары көрменің мазмұнын аша түседі. Атап айтқанда, Ә.Қастеев, А.М. Мартова, Г.А. Исмайлова, Б.Чекалина сынды белгілі суретшілер ақынды әр қырынан, ұрпақтарын, жайлауын, қыстауын т.б. ақ кенепке бейнелеген. Бұдан өзге көрермендер музей қорында сақтаулы тың тарихи фотосуреттермен де таныса алады.
Сонымен қатар, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, артында қалған мол мұрасын зерттеген М.О. Әуезов, Қ. Мұхаммедханұлы, Ә.М. Жиреншин, З.А. Ахметов, М. Мырзахметов, Р.С. Сыздық, Д. Досжан, Р.Ш. Сейсенбав Ж. Ысмағұлов, Ғ. Есім, Т.Қ. Жұртбай, Ж. Дәдебаев және т.б. жазушы-ғалымдардың еңбектері, шет тілдеріндегі аударма кітаптар, кейінгі кезде жарық көрген тың басылымдар да жұрт назарына ұсынылды.
Аталмыш көрменің ресми ашылу салтанатында алғаш болып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директоры, белгілі этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбай құттықтау сөз сөйледі. Бұдан өзге Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы Шынар Мұратқызы Садықова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абайтану» институтының директоры, профессор Жаңғара Дәдебаев, Халықаралық «Абай» қорының президенті Жұмабек Ашуұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлына қатысып сөз сөйледі.
Ақылбайдың немересі, Абайдың шөбересі Исраилова Қасира апай ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Көрменің ашылу салтанатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Ернар Күншібаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері және Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттері өз өнерлерін көрсетті.
Көрме орналасқан №4 экспозициялық залда арнайы дайындалған орында көрменің ашылу салтанатындағы концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Концерттен соң Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы Шынар Мұратқызы Садықова Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің, музей қорында сақталған Абайға қатысты экспонаттардың жинақталу тарихы туралы, Ақылбайдың немересі, Абайдың шөбересі Исраилова Қасира апай Абай ұрпақтары жайында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абайтану» институтының директоры, профессор Жаңғара Дәдебаев Абайдың «Сегізаяқ» поэмасының зерттелу қырлары хақында көрме қонақтары мен студенттерге лекция оқыды.
Музейлік деректану және қолжазба орталығының қызметкерлері Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысымен бірге.
Кең көлемде ұйымдастырылып отырған аталмыш көрмеге еліміздің белгілі абайтанушы ғалымдары мен ақынның ұрпақтары қатысады. Мыңмен жалғыз алысқан Абай өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы орталық алаңда орналасқан. Көрме жыл аяғына дейін созылады.
Музейлік деректану және қолжазба
орталығының жетекшісі Жасұлан Белтенов,
ғылыми қызметкер Нұрлыбек Досымбетов.