Анонс


«Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» атты құжаттық көрме ашылды

Дүйсенбі, 28 Қыркүйек 2015 09:53
«Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» атты құжаттық көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында қазақ мемлекеттік және қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым, Түркістан халықтарының көсемі Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына орай «Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» атты құжаттық көрмесі ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.   

«Көрмеде алғаш рет Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты Армения, Венгрия, Мысыр, Иран, Қытай, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Франция мұрағаттары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарынан алынып, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының №83 қорында сақталатын және көрнекті қоғам қайраткерлерінің жеке қорларынан алынған мұрағаттық құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері қойылады», - дейді Ұлттық мұрағаттың өкілдері.  

 Мұстафа бастауыш білімді ауылда ата-анасынан алып, Ташкенттегі орыс гимназиясын және Петербор университетінің заң факультетін үздік бітірген. Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының бірден-бір өкілі болған. Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі, ағартушы Мұстафа Шоқай Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы болды, ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін өте жетік меңгерген. Бүкіл ғұмырын ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ар-абыройын қорғауға, шындық үшін күреске арнады. Ұлы Отан соғысы басталысымен нацистер Парижде барлық алдыңғы қатарлы орыс эмигранттарын тұтқындап, Компьен концлагеріне жіберді. Олардың ішінде Шоқай да болды. Үш аптадан кейін оны Берлинге әкеліп, құрамына тұтқындалған кеңес түріктері алынатын Түркістан легионын басқаруға үгіттеген. Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 27 желтоқсанында осы лагерьлердің бірінде дүниеден өтті.

3368 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper