Анонс


Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойында көне жәдігерлер ел назарына ұсынылады

Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2015 11:20
Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойында көне жәдігерлер ел назарына ұсынылады KAZMUSEUM.KZ -  

Республикалық «Қазархеология» ғылыми орталығының қызметкерлері Тараздағы орта ғасырлық қала орнынан күні бүгінге дейін қолданыста болған ою-өрнектер мен дәйекті деректер табылып жатқа­нын айтады. Бұл табылған жәдігерлерден көшпенділердің қолтаңбасын тайға таңба басқан­дай анықтауға болады. Құнды жәдігерлер зерттеліп, тексерілген соң «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық музейіне сақтауға беріліп, Қазақ ханды­ғының 550 жылдығы мерейтойында көпшілік назарына ұсынылмақшы.

– Жалпы алғанда, көне қала орнындағы қазба жұмыстарымен екі жылдан бері Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Қазархеология» ЖШС айналысуда, – дейді бізбен әңгімесінде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тәкен Молдақынов.

 – Осы уақыт ішінде көне Тараз қаласының әр кезеңіне жататын жәдігерлер, оның ішінде алтын, күміс, мыстан жасалған әшекей бұйымдар сияқты құнды жәдігерлер топырақ астынан аршылып алынды. Күні кеше ғана біршама жақсы сақталған орта ғасырлық ыдыс қоймасы табылды. Қазір қазба орнында негізінен табылған сәулет өнерінің жәдігерлерін және ежелгі қала қорғанының фрагменттерін қалпына келтіру, шығыс қақпасын қайтадан тұрғызу секілді жұмыстар атқарылуда. Қайта жаңғырту жұмыстарына Алматы, Түркістан, Қызылордадағы «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің мамандары қамтылды, - деді ол.

Дәл қазір бұл аумақтан «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы бой көтеріп жатыр. Орталықтың ішін жасақтау, яғни, жәдігерлерді орналастыру жұмыстарымен «Заман Ту» ЖШС мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің мамандары айналысуда екен. Осыған орай жәдігерлер іріктеліп, тарихи кезең-кезеңге бөлініп қалыптастырылуда. Қазба барысында шыққан жәдігерлерді қайта жаңғырту үшін қорық-музей жанынан «Археологиялық зертхана» құрылған. Енді бұл аумақ толығымен тазаланып, архео­логиялық саябақ жасау жұмысы қолға алынуда. Яғни, ашық аспан астындағы музей жасалып, қазылған жерлер заманға лайықты бастырмалармен жабылады. Тарихи орталықтың аумағында Шолу мұнарасы, Достық үйі, Мыңбұлақ құрылымдары бой көтеріп, өз алдына әдемі бір кешен болмақ.

 

Дереккөзі: «Егемен Қазақстан». 

3419 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper