Көрмені ҚР МОМ директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев ашты. Ресми ашылу салтанатында Түрік Республикасының Алматыдағы Бас консулы Супхи Атан, Алматыдағы Мысыр Араб Республикасының мәдени орталығының мәдениет пен білім саласы бойынша атташесі, доктор Химдан Ибраһим, Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Жуда Абдуғани Басюни, Иран Ислам Республикасы мәдени орталығы директорының көмекшісі Мажит Камрани, Алматы қаласы әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Нұржан Бейсенбайұлы Жаппарқұлтегі және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты «Омар ибн Хаттаб» мешітінің бас имамы Ахметов Қазыбек Пазылбекұлы сөз сөйлеп, көрмеге қойылған жәдігерлермен танысты.
Көрменің ресми қонақтары
Директордың бірінші орынбасары Б.С. Қақабаев
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Джуда Абдуғани Басюни
Көрменің ашылу сәтінен
Қазақстан, Иран және Мысыр дін істері ғалымдары
Экскурсия барысы
Көрме төрінен орын алып отырған басылымдар мен қолжазбаларды мазмұндық ерекшеліктеріне қарай Құрандар, тәпсірлер, Мұхаммадия және Мұхтасар кітаптар, грамматикалық оқулықтар, діни мазмұнды әртүрлі литографиялық баспа кітаптар және қазақ тілді (төте жазулы) қолжазбалар деп бірнеше топқа бөлуге болады. XX ғасырдың бас кезінде ұлт зиялы қауымының тарапынан мерзімді түрде жарық көріп келген, сол кезеңдегі елдің мәдени-тарихи және әдеби өмірінен, қазақ баспасөз тарихының даму тарихынан маңызды мағұлматтар беретін «Абай», «Айқап», «Тілші» сияқты газет-журналдарды да осы көрмеден көре аласыздар.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының имамдары
Көрмеге осы жазба ескерткіштермен қатар Орта Азия мен Қазақстан аумағында ортағасырларда билік құрған Қарахан, Жошы, Шағатай, Темір әулеттерінің және Осман империясы, Қырым, Қоқанд хандықтарының, Мысыр, Ауғанстан елдерінің күміс, мыс монеталары да қойылып отыр. Дәстүрлі ортадағы өлікті жерлеу ғұрпына байланысты Құран сүрелері мен аяттары қашалған, ислами жерлеу салтында күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан тас белгілердің бірнешеуі осы көрме төрінен орын алды. Сол сияқты бүтіндей сүрелер, жекелеген аяттар немесе қасиетті дұғалармен құснихат жазу үлгілері арқылы безендірілген қару-жарақтар мен сауыт-саймандар да ислам мәдениетінің бір рәмізі ретінде аталмыш көрмеден көрініс тауып отыр. Дәстүрлі қазақы ортада кеңінен қолданылған кестеленген жайнамаздар, таспиықтар, лауықтар, оқу құралы ретінде пайдаланылған жылқының жауырын сүйегіне жазылған әліпби, алуан түрлі діни мазмұнды мәтіндермен өрнектелген ағаш қалыптар, ыдыс-аяқтар сияқты бұйымдарды да тамашалауға болады. Аталған дүниелер ислам дінінің қазақ халқы арасындағы өзіндік дәстүрлі ерекшеліктері мен қызметін көрсететін деректер болып табылады.
Иран және Қазақстанның хұснихат мамандарының шеберлік сыныптары
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы орталық алаңда орналасқан. Көрме 3 ай бойы жұмыс істейді.
Жасұлан Белтенов,
музейлік деректану және қолжазба орталығының жетекшісі.
Нұрлыбек Досымбетов,
музейлік деректану және қолжазба орталығының ғылыми қызметкері.
Суреттерді материал авторлары ұсынды.