Анонс


«Қазақ киносының саңлағы» атты мемориалдық көрме ашылды

Дүйсенбі, 13 Қазан 2014 15:13
«Қазақ киносының саңлағы» атты мемориалдық көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде қазақтың әйгілі актері, кинорежиссері, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақ киносының саңлағы» атты мемориалдық көрме ашылды.

Биыл туғанына 100 жыл толған Шәкен Аймановтың өнерге қосқан ұлан-ғайыр еңбегін бүкіл еліміз бойынша еске алып, айтулы шаралар өткізіліп жатқаны бар­шаға мәлім. Мұндай игі шараларды атап өтуден Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік орталық музейі де шет қалмады. Қазақтың біртуар перзентінің өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін көрме ұйымдастырып, келушілер наза­рына ұсынды.

– Қазақ мәдениетінің шоқтығы биік өкілі Шәкен Аймановтың өнері мен өмірі баршамызға үлкен үлгі-өнеге, – деп бас­тады өз сөзін көрмені салтанатты түрде аш­қан Мемлекеттік орталық музейдің ғалым хатшысы Ғалия Садықова. 

Шәкен Айманов қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін қалып­тастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччио, Оттело бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі. «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық дарынын да байқата бастады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды.

Ш.Аймановтың режиссерлық стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеуі басым еді. «Ақан сері – Ақтоқты» траге­диясындағы ақындық шабыт, әншілік толғаныс, таза махаббат, мөлдір сүйіс­пен­шілік сезім, философиялық ойлар, ұлттық тұрмыс-салт, әдет-ғұрып дәстүрлері

Ш.Айманов режиссурасынан ансамбль тұтас­тығына құрылған актерлік ойын­дар­дан көркем шешімін тапты. Актер ғұмы­рының соңына дейін тынымсыз шығар­машылық ізденісте жүрді. Өнер сапарымен әлемнің әр қиырында болып, өзі болған ортаның бәрінде қазақ халқының әнін, өнерін, дәстүрін таныстырудан танбады. Әртүрлі кинофестивальдерде, симпозиум­дарда әлемдік киножұлдыздармен кез­десіп, тәжірибе жинай жүріп, өзі сахнада, кинода ойнаған рөлдерін биік деңгейге көтере білді.

«Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-1966 жылдар аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында» фильмдерінің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты күлкіге батырған әндері, «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы пе­ріште» фильмдеріндегі әзілді көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр. Осыдан кейін шабыттанған дарын иесі ұлттық киноматография саласының Алтын­қо­рынан ойып тұрып орын алған, барша­мызға жақсы таныс, талай рет тамашалаған «Атаманның ақыры» тарихи көркем­фильмін түсірді. Мұнан соң Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын экранға шығаруды мақсат еткен, бірақ бұл ар­манына жете алмай қапыда көз жұмды. Тіпті өзінің соңғы фильмі болған «Ата­манның ақырының» тұсаукесеріне де қатыса алмады. Мәскеудегі сапарында қазаға ұшыраған киногердің көп арманы осылай қапыда қалса да, өз көрермендеріне жол тартты. Мүмкін, ішіне бүккен сыры мен жұмбағын өзімен бірге мәңгілікке ала кеткен де шығар... Бүгінде қазақ өнерінің әйгілі тұлғасына айналған Айманов әлемін өнертанушылар мен киносыншылар толық зерттеп біткен жоқ. Қай уақытта, қан­дай ортада жүрсе де, қазақтың иісін бұр­қыратып, қазақы ойлау мен қазақы қал­жыңға бой алдырып, әдеттегідей ма­ңайын қыран-топан күлкіге қарық қылып жүретін. Шәкен Аймановтың Лондон сахнасында қазақша монолог оқып, ағылшындарды тәнті еткенін біреу білсе, біреу білмес. Қазақ өнерін шетелдерге таныстыру мақсатында талай елге са­парлап барған тау тұлға қазақтың дәстүрі мен ұлттық тағамына дейін насихаттап жүруді ешқашан ұмытпаған. Қанға біткен тектілік қашанда ұлтын сүюдің ұлағатын көрсететіні анық.

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорында қазақтың талай марқасқа тұлғаларының жеке кешендері сақтаулы. Музей қорына олардың кейбіреуін өздері көзі тірі кезінде тапсырған болса, кейбірі музейдің негізгі жұмыстарының бірі – мұраларды жинақтау жұмыстары нәтижесінде жинақталған.

5057 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper