«Түпкі сана» деп аталатын көрмеге автордың 20-ға жуық кескіндемелік және графикалық туындысы қойылған. Көрермен назарына ұсынылған шығармалар реализм үлгісінде жазылып, романтизммен ұштастырылған. Сонымен қатар суретші туындыларына күрделі композициялық құрылым, кескіндемелік кеңістіктің динамикасы, түрлі ракурс және бояу түстерінің үйлесімі мен ұстамдылығы сынды суретшінің өзіндік қолтаңбасының қалыптасуындағы ерекшеліктер тән.
Н. Нұрахмет өзінің дербес бірегейлігін іздеу барысында өмірлік құндылықтарға бет бұрып, адам және отбасы сынды негіздерге басты назар аударады. Осы тақырыпты қамтитын «Көш», «Түн», «Кеш» және «Фонтан» композицияларын автор түрлі мәнерде шешеді. Кейбір жұмыстары бір түстің көмегімен шешілсе, енді бірі контрасты реңдер арқылы үйлесім тапқан. Ол өзінің кейіпкерлерін түстік жазықтық бетіне орналастырған және олардың әрқайсысы өз әлемінде өмір сүреді.
Өзіндік жеке дүниетанымы бар және оны бізге өз картиналары арқылы жеткізуге құштар суретші шығармашылығын қамтитын басты тақырыптың тағы бірі – түс көру. Ұйқы және түс ұғымдары бір сәт шынайы өмірден арылу, көз жұмып уайым-қайғыдан алшақтау. З. Фрейдтің айтуынша, түс − адамның шынайы өмірдегі арманына, тілегі мен ықыласына және ынтызарлығына қолын жеткізіп, көңілін тыныштандыратын тылсым құбылыс. Аталмыш тақырыпты сипаттайтын суретшінің «Түс», «Қыс», «Уақыт пен естелік», «Нәзік жан» туындылары суретші мәнерінің тағы бір ерекшелігін айқындай отырып, жоғарыдан, алдынан, қырынан алынып, түрлі күрделі ракурста жазылған. Бұл композициялары арқылы автор адамзат баласына ой тастап, сын айтып тұрғандай. Нұрбол бірде өз жұмыстары жайлы былай дейді: «Адамдар бүгінгі өмірінде қайшылыққа ұрынып, қауымның ағымына ілесіп, қиындықтарға көз жұмғысы келетіндей. Елімізге қыс түскендей, халқымыздың терең ұйқыға батқанын сеземін. Сол ұйқыда шынайылық пен сағымның арасында жаңылғандай, адамдар көздерін ашуға асықпайды». Суретшінің келесі қатардағы «Таң» атты топтамасы ұйқыдан оянып, шынайы өмірге оралған ер және әйел бейнелері арқылы жаңа күн, жаңа бастауды меңзейді.
Нұрболдың туындыларының тағы бір қыры – композицияларының қоғамдағы проблемаларға негізделуі. «Атаусыз» («Қақтығыс»), «Би» және «Көш» жұмыстарында адам баласының түпкі сана деңгейіндегі ішкі жағымсыз энергиясын сипаттайтын бейнелерді көрсетуге тырысқан.
Айта өтейік, көрме 2014 жылдың 24 қазанына дейін жалғасады