Анонс


«Түркі қағандарының ордасы» ландшафтық музейі «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысады (ФОТО)

Жұма, 03 Қазан 2014 06:00
«Түркі қағандарының ордасы» ландшафтық музейі «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысады (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Астана қаласынан 100 шақырым жердегі Ерейментау ауданында орналасқан «Түркі қағандарының ордасы» атты ландшафтық ашық аспан астындағы музейі «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілердің назарына ұсынылады. Бұл туралы музейдің ұйымдастырушысы әрі сол жерде қазба жұмыстарын жүргізген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, музейтанушы Айман Досымбаева журналистердің қатысуымен өткен пресс-тур кезінде мәлімдеді.

«Түркі қағандарының ордасы» атты ландшафтық ашық аспан астындағы музейінің ескерткіштері қола дәуірі мен Түркі қағанаты дәуірлерінің аралығын қамтиды. Қазіргі уақытта бұл кешен түркі дәуірінің қайталанбас жәдігерлерінің қатарына жатқзылып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қамқорлығына алынған. Еліміздегі туристік кластерді дамыту үшін қолайлы деп танылған кешен 2017 жылы елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде шетелдіктердің назарына ұсынылмақ. Ақмола облысының Бұйратау ұлттық паркінің аумағындағы бұл ашық аспан астындағы музей Түркі дәуіріндегі қоғамдық қатынастар мен әлеуметтік тап туралы деректер береді. Бұл кешен 2009 жылы табылып, содан бері тарих ғылымының докторы, түркітанушы Айман Досымбаеваның жетекшілігімен қазылып, жан-жақты зерттеліп келеді. Құмай өзенінің сол жағалауындағы алқапта радиусы 3-7 шақырым аумақта жатқандықтарына байланысты мұндағы қорымдар ғылыми айналымға да осы атаумен енген.

Кешен аумағындағы Түркі дәуіріне жататын ғұрыптық жерлеу алаңы. 

Түркі дәуіріндегі қорғандар. 2012 жылы қайта жөндеуден өткен. 

    

Қайта жөндеуден өткен қорғанның жақыннан қарағандағы көрінісі. 

   

"Қарағайлы-2" ескерткіштері мен оның төлқұжаты.

Музей жобасының авторы Айман Медеубайқызы пресс-турға қатысушыларға ескерткіштердің ерекшеліктері жайлы түсіндіруде. "КСРО кезінде бұл ескерткіштердің қолында бейнеленген ыдысты "жеңіс үшін шарап көтерген түркілер" деп оқытты. Отаршыл жүйе өзіміздің тарихымызды дұрыс түсіндіруге мүмкіндік бермеді. Анығы, түркі ескерткіштеріндегі ыдыс бейнесі ант беріп, ант-су ішкен адамның бейнесі еді", - дейді А.Медеубайқызы. 

Ғұрыптық алаң. Жырақта жүріп еліне оралған түркілер осындай шұңқырларға тас тастайтын болған. Бұл ғұрып ғалымдардың айтуынша "Отаныма оралдым" дегенді білдіретін тәубеге келетін, Тәңіріне ризашылығын білдіретін іс болса керек. 

"Қарағайлы-1" ескерткіші мен оның төлқұжаты. Шамамен VI-VIII ғасырларға жатады. 

"Қос батыр" ескерткіші. Түркі дәуірінің бұл ескерткіші шамамен VI-VIII ғасырларға жатады. 

Алдағы уақытта Айман Досымбаева бастаған ғалымдар осы кешен жайлы ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастыра түспек. Археолог ғалымдардың сөзіне қарағанда, бұл тарихи орын ашық аспан астындағы музей, білім жолындағы мамандар мен жастарға дәріс өткізетін зертхана, республикалық және халықаралық туризм орталығы ретінде пайдалануға жол ашады.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Суреттерді түсірген автор.

Осы материалды дайындауға қатысқаны үшін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің баспасөз қызметіне алғыс білдіреміз. 

6432 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper