Тәттігүл Қартай – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Кандидаттық диссертациясының жетекшісі – профессор Нұрсан Әлімбай. Зерттеу бағыты: тарихи этнография, мәдени антропология, ескерткіштану, этноархеология. Үш жүзге жуық ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектердің авторы. «Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасы» (2010); «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалі (2011) мемлекеттік марапаттарының; «Ғылым мен техникаға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия» (2015); «ЖОО – үздік оқытушысы» (2016) мемлекеттік гранттардың иегері. Тәттігүл Қартайдың есімі Түркиядағы Стамбул қаласындағы Халықаралық Expo Heritage көрмесіндегі ескерткіш тақтаға жазылған (2021).
«Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» (2018-2020); «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-малшаруашылық ландшафттарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері» (2020-2022) атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаларының ғылыми жетекшісі. Тәттігүл Қартайдың ғылыми жетекшілігімен Жәңгір хан қаздырған Хан құдығы, Хан бағы мен Хан мешіті құдығы қайта қалпына келтіріліп, Батыс-Қазақстан облысындағы «Хан Ордасы» қорық музейіне табысталған (2019).
Тәттігүл Қартайдың ғылыми жетекшілігімен жүргізілген экспедициялар: Сыр-Арал этнографиялық экспедициясы (2012-2014); Сыр-Арал, дариялық тақыр геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2020); Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2019); Шу-Іле аңғары, Қызылқұм геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2021).
Көрмеге этнографиялық ескерткіштердің фототіркелімдері қойылған. Фотокөрме қолданыстағы дәстүрлі баспана, дәстүрлі әдіспен шегенделген құдық түрлері, мерзімдік жайылымдағы төрт түлік малдың бағымы, үй кәсіпшілігінің қазіргі кезеңде дамуы, байырғы қоныстарда сақталған сәулеттік ескерткіштер және исламға дейінгі реликтерге байланысты ғұрыптармен таныстырады.
Көрменің ашылу барысында автордың «Бөрітаным: экспедициялық зерттеулер», «Сутаным: экспедициялық зерттеулер» атты ғылыми-танымдық кітаптарының таныстырылым рәсімі өтеді.
Фотокөрме 2021 жылғы 6 желтоқсан күнгі сағат 15.00-де ашылып, 20 желтоқсанға дейін жалғасады.
Көрме өтетін мекенжай: Алматы қ., Самал-1, 44 үй
Анықтама телефондары: 2 64-46-50, 2 64-55-77