Көрмелік макеттің ұзындығы – 2 метр 20 сантиметрді, ені – 1 метрді, биіктігі - 50 сантиметрді құрайды. Ол негізінен белгілі сәулетші, ҚР Сәулетшілер Одағының мүшесі Бек Ибраевтің «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешені, үлгі-жобасы бойынша дайындалды. Макет авторлары – семейлік этнодизайнер Болат Кәрібаев пен сәулетші, Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесі Архат Оразғалиев.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейі кешенінің көрмелік макетінде Абайдың Жидебайдағы музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, «Шәкәрімнің саятқорасы» экспозициялық көрмесі, «Зере-Ұлжан-Құдайберді» мазары, «Еркежан» зираты, «Мешіт», «Еуразия кіндігі» тасбелгісі, «Құнанбай құдығы», «Поэзия» бағы, «Этноауыл», «Мәдени-тұрмыстық кешен» секілді бірнеше мәдени-әлеуметтік нысандар қамтылған. Ең бастысы, аталған тарихи ескерткіштер макетін ландшафтық-дизайндық тұрғыда безендіру үшін ұлы ақын Абайдың ата қонысы Жидебайдың қараған-бұтасы, ши-қамысы, құм-тасы, мысалы Әйгерім бұлағының қызыл тасы пайдаланылды. Сондай-ақ мұндағы мәдени-әлеуметтік нысандардың, соның ішінде амфитеатрдың макеттері айналасына электродиодты лампалар орнатылып, «Поэзия» бағы мен этноауылға жасыл ағаштар, әппақ киіз үйлер макеттері жасалып қойылды. Әсіресе, табиғат понарамасы, атап айтқанда Шыңғыстың сары даласы мен көгілдір аспаны әдемілігімен көз тартады, алыстан Кіші Орда тауының бір биігіндегі Кеңгірбай би кесенесі және Доғалаң, Шұнай таулары мұнартып көрініс береді. Мұның өзі макеттің дизайнын ерекшелеп, оның маңызы мен құндылығын арттыра түседі.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі кешенінің кішірейтілген форматтағы бұл көрмелік макеті таяу арада Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қонақтарына ұлылар мекенін таныстырып, еліміздің шығыс өңіріне шетел туристерін тартуға ықпалын тигізеді.
Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік қорық-музейі