Данияр мен Асылгүл суретшілік өнерді Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқып-үйренген. Данияр мүсін, графика, кескіндеме өнері бойынша Республикалық көркемөнер колледжін, «өнертану» мамандығы бойынша Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, «Сәулет өнері» мамандығы бойынша Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ тәмамдаған. Ал Асылгүл «Сәулет өнері» мамандығы бойынша ҚазБСҚА-да оқыған. Суретшілердің шығармашылығына бірнеше жыл АҚШ-та білім алып, жұмыс істеуі зор ықпал етті.
Суретшілер қазақ ұлттық мәдениеті мен тарихына қатысты туындылар жасау үшін үнемі ерекше бейнелік және композициялық шешімдерді іздестіреді. Д.Байдаралиннің жұмыстары бабаларымыз қалдырған бай мұраға негізделе және суретшінің өз ойларын жүзеге асыруға ұштастыра орындалған. Картиналар негізінен түрлі-түсті және ақ-қара гаммада салынған. Олар – өмір, еркіндік пен бақыт символдарына айналған, мән-маңызы зор мағынаға ие қазақ халқының тарихи өткенінен сыр шертетін көріністерден құралған жарқын, көңілді тербеп, жүректі тебірентетін туындылар. Көрмеге қойылатын жұмыстарда халық тұрмыс-тіршілігінің ұлттық нақыштары, жерін, елін қорғаған батырлардың қайсарлығы мен патриоттық рухы сипатталады. Оның жұмыстарының негізгі тақырыбы – қазақ қару-жарағының тарихы: «Жауынгерлер» сериясы көшпелілер әлемінің ұлы батырларына; «Көшпелілер» триптихі көшпелілердің өмірі, салт-санасына (көш, қонақтарды қарсы алу, әскери әрекет көріністері); «Салт-аттының қазақи садақ атуы» сериясы садақшылық өнеріне; «Қазақ аттары» сериясы ер-жігіттің қанаты – тұлпарға; «Қазақ салт жүрісі» сериясы салт-аттылар машық-дағдыларына; «Дала келбеттері» сериясы Ұлы даланы мекендеген көшпелілер – жауынгерлер мен олардың жарлары, аналар мен балалар, аңшылар мен бүркітшілердің бейнелеріне арналған.
Асылгүл Байдаралинаның жұмыстары кескіндеме және графика техникасында орындалған: әйел мен ана тақырыбын табиғат болмысымен үйлестіре салынған «Әйелді кейіптеу» фантастикалық портреттер сериясы, «Қыз ұзату» триптихі.
Суретші Байдаралиндер әрі жазушы ретінде қалыптасты. Данияр Байдаралин «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахского конного лука» кітабын жазды. Бұл кітап – көшпелілердің бас қаруы – қазақтың ат үстінде садақ ату өнеріне арналған алғашқы терең мамандандырылған еңбегі. Кітап автордың өзінің аударуымен орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Асылгүл Байдаралина «Біздің Сара-апай», «Сиқырлы балта» және «Тауық арманы» сынды балаларға арналған бірнеше кітаптардың авторы және иллюстраторы болды. Кітаптағы иллюстрациялар түрлі-түсті және ақ-қара түсті графикада орындалып, автордың ішкі әлемі кеңдігі мен қиялының ұшқырлығын паш етті.
Асылгүл Байдаралина оқытушылық қызметін де істеген, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ «Сәулет және дизайн» кафедрасында сәулет өнері бойынша пәндерден дәріс оқыған. Данияр Байдаралин Алматы қаласында «Мега Парк» және «Есентай Молл СОО реконструкциясы», сонымен қатар Астана қаласында ЭКСПО-2017 құрамында «Мега Silk Way» сынды ірі архитектуралық жобаларға қатысып, тәжірибе жинаған. Бүгінде суретшілер «Байдаралы Студио» шығармашылық шеберханаларында бейнелеу өнерімен айналысады. Данияр Байдаралин қазақтың ат үстінде садақ ату өнері бойынша ғылыми зерттеушілікпен айналысуды жалғастырып келеді.
Көрменің ашылуы аясында Данияр Байдаралин ат үстінде атылатын садақты пайдалану тәсілдерін көрсетіп, «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахских конных луков» кітабының тұсаукесері өткізеді.
Бұл көрме Байдаралиндер отбасының Қазақстанда өткізіліп отырған бірінші көрмесі. 2003-2011 жж. суретшілер америкалық жұртшылықты қазақ тарихы және мәдениетімен таныстыратын көрмелер өткізді.
Көрмеге Байдаралының балалары Күнкей мен Таймастың жұмыстарын қоса алғанда 80-нен астам жұмыс қойылады.
Көрме 2017 жылдың 15 ақпаны, сағат 16.00-де ашылып, 2017 жылдың 28 ақпанына дейін жалғасады.