Анонс


Еңбектері бейнелеу өнерінің «алтын қорына» кірген суретшінің мерейтойы өтеді (ФОТО)

Бейсенбі, 22 Желтоқсан 2016 02:24
Еңбектері бейнелеу өнерінің «алтын қорына» кірген суретшінің мерейтойы өтеді (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арий Георгиевич Школьныйдың туғанына 90 жыл толуына арналған жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрме экспозициясына ҚР МӨМ қорындағы суретшінің 1960-жылдардың басынан бастап салған картиналары мен автордың жеке меншігіндегі жұмыстары, жалпы саны 100-ге тарта жұмысы қойылады.

Арий Георгиевич Школьный 1926 жылы 27 желтоқсанда Орынбор қаласында дүниеге келген. 1932 жылдан бері Алматыда тұрады. 1941 жылы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, алайда 1943 жылы әскерге шақырылып, оқуын үзуіне тура келеді. 1943-1950 жылдары Тәжікстанда, Памирде шекара әскерінде қызмет етеді. 1954 жылы қайтадан көркемсурет училищесіне оқуға оралып, 1957 жылға дейін кескіндеме профессоры А.М. Черкасскийдің шеберханасында дәріс алған.

Көркемсурет училищесін аяқтағаннан кейін алғашқы жылдары-ақ, 1950-жылдардың соңында А. Школьный белгілі қылқалам шеберлерімен қатар тұратын және өзінің салиқалы кескіндемеші екенін дәлелдейтін туындылар жазады. Оның жеңіл кескіндеме ырғағында жазылған және шебер лиризмге толы «Жайлау кеші» (1959), «Балықшылар колхозында» (1960), «Шопандар» (1960), «Көктем таңы» (1961) туындылары осының мысалы.

1960-жылдары суретшінің шығармашылық мәнері оған тән композицияның ықшамдығымен, түстік байланысымен, нобай-кескіндерінің анықтығымен, қалыптарының монументалды тұрақтылығымен  қиыса бастайды. 1960-1970-жылдары А. Школьныйдың шығармашылығында өмірлік сенім, романтизм, лирика мен эпикалық кеңдік үйлесіммен табысатын жанрлық суреттерінде еңбегінің жемісі басымырақ. Солардың ішінде «Мәңгілік» (1967), «Көктем. Ауыл қыздары» (1968), «Күннің басталуы» (1968) картиналары мен «Дала балладасы» (1970), «Аралдың қалыпты күндері» (1975) тариптихтары көбірек мәлім.

А. Школьныйдың шығармашылығы көп қырлы. Ол айналыспаған бейнелеу өнерінің жанрын атаудың өзі қиын: жанрлық картиналардан басқа тарихи тақырыпқа арналған композициялар, портреттер, пейзаждар, натюрморттар дүниеге келді. Суретшінің заттық этюдтерден туындаған портреттері, атап айтқанда,  («Ақсақалдар», 1966), «Шопанның әйелі» (1965), «Санжар мен Жамал» (1968), «Шопан» (1970) және т.б. нақты  адамнан гөрі бір типті көрсетуге бейім, оларды бір образдардың жиынтығы ма дерсің.

Астарында табиғатты бақылап, оның бүкіл егжей-тегжейін бере білетін пейзаж – суретшінің жаны сүйетін  жанры. А. Школьный ел арасын көп аралады, өзі болған жерлердің суреттемесі мен  этюдін де көп жасады. Алайда оның басты құштарлығы мен сүйіспеншілігі – көрермен алдында  картиналарындағы өзінің қатаң сұлулығымен және жаратылысының құдіреттілігімен көрінетін Қазақстан жеріне, әсіресе оның тауларына арналды. А. Школьныйдың пейзаждары сияқты натюрморттары да ішкі күш-қуатқа толы. Оларда өзінің бүкіл шығармашылық өміріндегі сенімінен айырмаған жаратылысты жанымен сезінетін байқампаздықтың ізі жатыр.

 А. Школьный 1958 жылдан бастап 200-ге жуық республикалық, бүкілодақтық және шет елдік көрмелерге қатысты. Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорында суретшінің 40 шақты туындысы сақтаулы. Олардың көбісі Қазақстан бейнелеу өнерінің "алтын қорына" кірген. Суретшінің картиналары музейдің тұрақты экспозициясынан орын алған, сонымен қатар музей залдарындағы уақытша тақырыптық көрмелер мен Қазақстан Республикасының қалаларына және шет елдерге алып шығатын уақытша көрмелерге де қойылады. А. Школьныйдың 50-ден астам туындысы Қазақстан Республикасының облыстық көркемсурет музейлерінде сақтаулы.

Көрменің ашылуы 2016 жылғы 23 желтоқсанда сағат 16.00-де өтеді.

 

 

2505 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper