Салтанатты шарада сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Біздің терең тарихымызды көркем өнерде, бейнелеу өнерінде, мүсін өнерінде көрсету мәдениетіміздің өркендеуіне қосылған үлкен үлес. Көрменің «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» деп аталуы да тегін емес. Бүгінгі азат күн үшін бабаларымыз қанын төкті. Солардың мұқалмас жігерінің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Ал Тәуелсіздік тақырыбына өнер туындысын жасау оңай емес. Ол үшін, ең әуелі, елдің патриоты болу керек. Одан бөлек шыңдалған шеберлік қажет. Сонымен қатар, барлық заңдылықтарды, жанрды игеру де қажет екені анық», – деді.
Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева: «Біз үшін республика көлемінде Тәуелсіздік мерекесіне орай үлкен байқау өткізіп, оны еліміздің Ұлттық музейінде қорытындылау үлкен мәртебе. Бұл байқау осы жылдың мамыр айында басталған болатын. Қатысуға ниет білдірген суретшілердің туындылары әділ қазы алқаларының іріктеуінен өтіп, екінші айналымда қатысушылар өз қиялдарындағы туындыларын жарыққа шығарды. Байқауға қатысқан барлық туындыларды алып келу мүмкін болмады. Бүгінгі көрмеге қазылар алқасының қатаң сынынан өткендері ғана қойылып отыр», – деп, байқау туралы мәлімет берді.
Байқау нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды Дәурен Қастеев «Ақтабан шұбырынды» атты триптихымен иеленсе, екінші орынды Нұрғожин Мейіржанның «Қасым сұлтан ұстаханаға келді» картинасы алды. Үшінші орын Жақыпбек Әсеттің «Алтын орда хандағының құрылу қарсаңы» картинасына берілді.
Конкурс «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының контексінде еліміздің біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыруға бағытталған, әрі өнер арқылы мемлекеттік саясаттың дамуына қосқан зор үлес болмақ. Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының тарихындағы беймәлім беттерді көрсетіп, көркем образдар туындату, ел есінде қалған тарихи тұлғаларды сомдау.
Республика көлемін қамтыған жобаға көптеген суретшілер қызығушылық танытып, еліміздің Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Атырау, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Түркістан сынды ірі қалалары мен аймақтарынан кескіндемешілер мен мүсіншілер қатысты. Осылайша конкурс нағыз халықтық жобаға айналды.