Аталмыш көрмеге қорық-музей қызметкерлері ұзақ дайындалды десек те болады. 2015 жылы Еңбекшіқазақ ауданын аумағы бойынша бірнеше барлау экспедициясы жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде Есік қаласының оңтүстік жағында теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан Қыземшек асуынан осы аттас петроглифтер шоғыры табылды. Осынау игі істің жалғасы ретінде қорық-музейдің ғылыми қызметкерлері 2016 жылы Астана қаласында орналасқан Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтымен бірлесе отырып «Көшпелі қазақтардың мәдениеті мен өнеріндегі дәстүрлі жан-жануарлардың бейнесі мен сарыны» атты жоба аясында Жетісу археологиялық мұраларына жататын жартас суреттерін барлау экспедициясын жүргізіп қайтты. Барлау экспедициясы Алматы және Жамбыл облыстары аумағында, Есік-Асысаға-Қурайлы-Шошанай-Науаскескен-Қаракүңгей-Таңбалы-Құлжабасы-Есік бағыты бойынша өтті.
Осынау экспедиция кезінде топ мүшелері 2200 шақырым жолды басып өтіп, 7 пункттағы ескерткіштерді зерттеп, 500-н астам сурет түсірді. Барлық нысандарға сипаттама жасалып GPS бағдары жасалған болатын. Сол барлау жұмыстарының нәтижесінде бүгін қорық-музейде осындай көрме ашылды.
Көрме қорық-музей директоры – Г.Р.Мухтарованың алғы сөзімен ашылып, «Таңбалы» қорық-музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары – Б.А. Железняковтың ақжарма тілегімен жалғасты. Одан кейін Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет бөлімнің бас маманы – Н.Б. Елекенова аудан көлеміндегі ірі тарихи-мәдени ошақтағы әр жаңалыққа қуанышты екенін жеткізе келе, алдағы уақыттарда музей ісіне табыс тілеп, қолдарынан келген көмектерін аямайтынын айтты.
Содан соң «Таңбалы» қорық-музейі директорының орынбасары – Алмас Сарбасов пен белгілі ғалым, т.ғ.ғд. – А.Н. Марьяшевтар көрмені ашты. Келген қонақтар А.Н. Марьяшевтың қазақ петроглифтері туралы тың деректерге толы дәрісін тыңдады. Ғалымның айтуынша қазақ даласы көне жартас суреттері жөнінен Еуразия аймағында басты орындардың бірін иеленеді екен. Сол мұраларымызды зерттеу арқылы біз қазақ даласында ежелде өмір сүрген халықтардың шаруашылық-мәдени типтерінің ерекшеліктерін, қоршаған ортамен және көрші елдермен қарым-қатынастарын, рухани жан-дүниесін, философиялық, эстетикалық көзқарастарын және т.б. ерекшеліктерін түсіне аламыз.
Қазақстан Респбуликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Есік» қорық-музейінде ашылған бұл көрменің басты мақсаттарының бірі әлі де болса ашылмай жатқан Жетісу петроглифтерін таныту, насихаттау, оларды ғылыми-білім беру ісінде пайдалану, сол дерекөздер арқылы қазақ жеріндегі ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігімен, әдет- ғұрыптарымен таныстыру, ел азаматтарын тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің сақталуына үлес қосуға шақыру және олардың тарихи мұрамызға деген қызығушылығын ояту болы табылады.
Көрме ғылыми зерттеушілер, тарихшылар мен археологтарға және көпшілік қауымға арналады және ол алдағы уақыттарда да келуші қонақтар үшін қызмет көрсететін болады.
Досым ЗІКІРИЯ,
«Есік» қорық-музейінің ғалым-хатшысы