Көрменің мақсаты – қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасының элементі ретінде тазы және төбет, сол сияқты аушы жыртқыш құстардың ұлттық тұқымын дәріптеу болып табылады. Экспозицияға ит пен құс иелерінің 50 фототуындылары қойылған.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған «Қансонар» Республикалық қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов: «Бүгінгі көрмеде назарларыңызға ұсынылып отырған иттер мен аушы құстардың біздің Ұлттық мәдениетіміздің үлкен саласы екені белгілі. Оның үстіне кешегіден қалған баға жетпес мұра деп есептейміз. Ендігі міндет осының бәрін сақтап қалу асыл тұқымды иттер мен аушы құстарды қорғау әрі тұқымын жоғалтпай өсіру», – деп, көрменің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай төл мәдениетіміздің бір саласы аңшылық және құсбегілік өнерді насихаттап жүрген «Қансонар» Республикалық қауымдастығына алғысын білдірді. «Біздің мәдениетіміздің тарихы өте тереңде. Қазіргідей Тәуелсіздік алған шағымызда соның бәрін халыққа көрсетуіміз керек. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында бүгінгідей көрме ашу арқылы бұл саланы да ұмыт қалдырып жатпағанымызды көрсеткіміз келеді. Ит жүгіртіп, құс салу біздің бекзаттық өнерімізге жатады. Шын мәнінде аңшылықпен оның қадірін білетін адамдар ғана айналысқан», – деді музей директоры.
Қазақстандағы халықтық дәстүрлердің ең бейнелілерінің бірі ежелден-ақ тазы иттермен және жыртқыш құстармен аңға шығу болатын. Осы жақын уақытқа дейін тазы мен төбет жойылып кетуге шақ қалған еді. Иттердің тұқымдарын сақтап қалған энтузиасттардың арқасында және «Қансонар» Аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдастығының бастамасымен тазы мен төбет заңнамалық тұрғыдан мойындалды. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Ұлттық банкі тазы мен төбет бейнеленген коллекциялық монеталар топтамасын шығарды. Келесі қадам Қазақстанның аушы жыртқыш құстарын сақтау болып отыр.
Фотокөрменің қоғам назарын жануарлар дүниесін қорғауға және сақтауға аудару, сол сияқты әрбір адамның бойында жануарлар әлеміне деген қайырымдылықты ояту сынды әлеуметтік маңызды міндеті де бар. Көрмеге қойылған туындылар әр адамға осы міндетті жеткізуге шақырады.