Көрмеге Сәкен Нарынов, Рашид Нүрекеев, Юлия Сорокина, Елена Воробьева және Сәуле Дүйсенбиналардың туындылары қойылады. Суретшілер әртүрлі көркемөнер бағыттарында жұмыс жасайды, сонымен қатаролардың әрқайсысы өз елінің рухани зердесінің қалыптасуына өзіндік үлес қосып келе жатқан өнер иелері болып саналады.
Бұл жобаның мақсаты – көкейтесті өнер саласында жұмыс жасайтын, өз отанынан гөрі, шетелдерде әлдеқайда танымал аздаған қазақстандық суретшілердің шығармашылығын дәріптеу.
Юлия Сорокинаның «AstraNomads» жұмысы – 1980-2010 жылдар арасында Қазақстан мен Орталық Азияның көкейтесті өнеріндегі белгілі суретшілердің бағдарламалық туындыларынан тұратын сандық мұрағат. Аталаған ресурс виртуальды топтамалардың құрамына кіреді және Орталық Азиядағы виртуалды музейдің сынақ жобасы болып табылады.
Ал Рашид Нүрекеевтің туындылары жергілікті және жаһандық әлеуметтік-саяси, мәдени құбылыстарды қамтып көрсетеді және өз елінің бүгінгісі мен келешегі туралы толғаныстарға бағытталған сыни пікірлерден тұрады.
Өнер мен ғылым Сәкен Нарыновтың қызығушылығының бөлінбес салаларын құрайды. Оның «Астероидтың соңғы ұшуы: автопортрет» атты арт-нысаны көптеген әсем және «жерге тән емес» нәрселерді жасаған жетпіс жастағы суретшінің шығармашылық қортындысына ұқсайды. Оның жұмыстарында шындықтың мәнін түсіну, бүкіл әлемді және оның жұмыс істеу заңдарын тану үшін адам басты құрал әрі қозғаушы күш болып табылады.
Елена Воробьева Виктор Воробьев екеуі атақты шығармашылық жұп болып саналады. Көрмеде Еленаның шығармашылығы кескіндеме жанры арқылы таныстырылады. Бір қарағанда оның картиналарының сюжеттері - кофе шәйнек, майысқан шанышқы, жалғыз рөмке, кішкентай ақ шәйнек сияқты күнделікті тіршіліктің заттарын бейнелейтін тұрмыстық қарапайым композициялар. Дегенмен үңіліп қарау арқылы сіз философ-суретші бояуды бейнелі жағу, түстерді минималды үйлестіру арқылы жан толғанысының толқынын сезіне аласыз.
Сәуле Дүйсенбина өзінің графикалық туындыларының коллажынан тұратын «Жады картасы» деп аталатын жұмыстар топтамасын және бір кездері белгілі «Көшпелілер» фильмінің жұмыс материалы болған ескі фотосуреттерді ұсынған. Суретші өзін осы тұлғалардан табуға, өзінің оларға ұқсастығын сезінуге тырысады.
Көкейтесті өнерді түсіну посткеңестік аймақ кеңістігіне қайта құрумен бірге 1990 жылдардың ортасында келді. Осы кезеңде суретшілер өздеріндегі де, көрермендердің де өнерді қабылдаудағы таптаурын түсінікті бұза отырып, заманауи өнердің «батыстық» түрін (перфоманстар, инсталляциялар, видео-арт және т.б.) шабытпен меңгерді.