Дитер Зайтц – кәсіби фотограф және социолог. Соңғы үш жылдың ішінде оның көрмелері Штутгартта, Тбилисиде, Кёльнде өткізілді. «Мен фотографияның оқуын оқыдым, ол менің алғашқы алған мамандығым болды, – деген еді ол өзінің берген бір сұхбатында, - одан кейінірек көп жылдар социология саласында зерттеушілікпен айналысып, сондай-ақ, ірі компанияның басқару қызметінде жұмыс істедім. Жеті жыл бұрын фотография мен үшін ең басты жұмыс болып қалды».
«Виртуалды ландшафттар» көрмесі автор қызметінің екі саласын да көрсетеді. Бізге ол бүгінгі Қазақстанның шындығына сырт көзбен қарауымен қызғылықты. Дитерді әрдайым деректі фотографиялар қызықтыратын. Ол бірде Боннда, бірде Берлинде тұрады. Қазір Қазақстан бойынша көп сапарларға шығып жүр.
Ол Астанада, Теміртауда, Алматыда, Өскеменде, Қарағандыда болды. Мүмкін, бұл көрмедегі қала пейзаждарының кейбір детальдары бізге етене таныс болып көрінуі ықтимал. Кейде біз бүгінгі қоғамда көзге көрінетін графикалық және нышандық ақпараттардың қаншалықты елеулі роль атқаратындығын аңғара бермейміз. Сондықтан да бұл көрменің маңызы айтарлықтай жоғары. Ол өзімізге өзіміздің сырттай қарауымызға мүмкіндік береді. Ол біздің мемлекет өмірінің барлық саласында орын алып жатқан зор өзгерістердің деректі және шынайы куәгері болып табылады. Және бұл куәгерлік қазіргі барлық ақпарат құралдарының жаппай жазып жатқандығына қарамай, біз туралы өте аз білетін сыртқы әлемге бағытталған.
Германиядан келген қонақ өзінің сапарлары барысында Қазақстанның әр қаласының әр түрлі екендігін көрді. Алайда барлық жерде де мәдениеттанудың дәстүрлі түркілік, посткеңестік және европалық үш қабатының да бар екендігін және олардың өзара ықпалдастығының бар екенін сезінді. «Осы үш бағыт, - дейді ол,- бірге өмір сүруде, кейде қатар жүрсе, кейде әр бағытта жүреді».
Тағы да атап айтарымыз, бұл экспозицияға қойылған жұмыстар – фотошоп та, фото-коллаж да емес. Бұлар шынайы, деректі фотографиялар. Кәсіпқой фотосуретшіге тән ерекше қырағылық біздің авторымызға жазықтық бетінде шынайы көп өлшемді кеңістікті көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай фотокартиналарды көру кейде жұмбақ ойынға ұласып кететін сияқты: фотографияға қарап, шынайы өмір қайсысы, сахналық жалған өмір қайсысы екенін бірден ұғына алмайсың. Қиял мен шынайылықтың ара жігі елеусіз ғана жоғалып кетеді. Физиктерге, математиктер мен фантасттарға құпиясын ашатын тағы бір тылсым әлемнің бар екендігіне сене бастайсың. Жалғанды шынайылыққа, шынайыны қиялға айналдыратын театр декорациясы сияқты бұл көрме..
Көрменің ашылуына жиналған жұртшылық автормен емен-жарқын әңгімелесе отырып, фотосуретшінің шеберлігі туралы ғана емес, оның заманды бағалаудағы деректілік факторларына, философиялыққа ұмтылыстары туралы да көптеген сауалдар қойды.
Фотошеберді өзінің ана тілінде Өскемен қаласындағы «Wiedergeburt» неміс мәдени орталығының өкілдері құттықтап, «Мeiglochen» вокалды тобының орындауында көңілді неміс әуендері шырқалды. Шетелдік фотосуретші-құрметті қонақты Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Нұржази Қалиева құттықтап, оған шығармашылық табыстар тіледі.
Айтмұхамбет Қасымов,
журналист
Өскемен