Көрме білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ислам ұйымының қолдауымен ашылды. ИСЕСКО мұсылман әлемінің ЮНЕСКО-сы саналады. Көрме ислам діні мен өркениетінің Қазақстанда таралу және орнығуының мыңжылдық тарихын, оның ерекшеліктерін көрсетеді. Экспонаттардың көпшілігі көрермен назарына алғаш ұсынылып отыр. Мысалы, жүзікте тұрған әшекей таста «Алла» деп жазылған. ХХ ғасырдан жеткен жәдігердегі жазуды лупаның көмегінсіз оқу қиын. Ал ХІХ ғасырда түсірілген суретте Сауран медресесінің мұнаралары бейнеленген. Өкінішке орай бұл мұнаралар қазір сақталмаған. Көрмеден Арал теңізінің түбінде кесенелердің болғанын, Қазақстандағы алғашқы мешіттің Ақыртаста салынғанын білуге болады. Сондай-ақ археологиялық ескерткіштер Қазақстан территориясында әртүрлі мәдени дәстүрлердің қатар өмір сүргенін көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты ислам туралы жалған түсініктерді жоққа шығару.
Карл Байпақов, археолог, ҚР ҰҒА академигі:
- Ислам өркениеті өзге діндер мен мәдениеттер секілді Жібек жолы арқылы тарады. Осы керуен жолдарында экономикалық алыс-беріспен бірге рухани байланыс та дамыды. Мұсылман ренессансы әлемге Әль-Фараби, Беруни, Хафиз секілді ғалымдар мен ойшылдарды танытты.