Анонс


Ақтөбе музейінің экспозициясынан ғарышқа сапар

Сәрсенбі, 20 Сәуір 2022 00:32
Ақтөбе музейінің экспозициясынан ғарышқа сапар KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе өңірінің ғарыш әлемімен өз байланысы бар: қаламыздағы Планетарий жұртшылықты тылсымға толы кеңістікпен таныстырса, Жас ұшқыштар мектебі өскелең ұрпақты аспан көкжиегіне баулиды және екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысының әскери институты ұшқыштарды дайындайды. Есімдері белгілі ғарышкерлер В.И.Пацаев, Т.Мұсабаев, Ю.Лончаковтар өлкемізді әлемге паш етті.

2018 жылы жаңадан жасақталған «1945-1991 жж Ақтөбе өлкесінің тарихы» тақырыптық залына бұрынғы «Ғарыш» залы біріктіріліп, жылдар бойы келушілерге өте қызықты боп табылатын экспонаттар толығымен экспозицияда орын алған. Экспозицияның бірінші бөлімінде ғарыш кеңістігі фонына музейіміздің арнайы тапсырысымен Мәскеу қаласында жасалған «Салют-6» орбиталық станциясы мен «Союз-11» ғарыш кемесінің макеттері және 1967 жылы сәуір айында ғарышкер В.Комаровтың «Союз-1» ғарыш кемесінен апатты жағдайда түскен капсула аппаратының қақпағы (d-100 см), ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры В.И.Пацаевтың мүсіні (мүсінші Ю.Тур, 1972 ж.) қойылған. Екінші бөлімде Виктор Пацаевтың жеке тұтынған заттары – жаттығу киімі, логорифмикалық сызғыш пен қаламы, қойын дәптері мен жең түймелері, құжаттары мен 1971 жылғы «Союз-11» экипаж мүшелері Г.Добровольский, В.Волков, В.Пацаевтың фотосуреттері, аталмыш ғарыш кемесі қонған жерден әкелінген топырақ та бар. Сонымен қатар, «Байқоңыр ғарыш айлағының ұшу алаңы» макеті, Балқаш пен Алтай аумағының ғарыштан түсірілген фотокартасы, қазақ ғарышкерлері – «Халық қаһармандары» Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов, Ақтөбеден түлеп ұшқан қазіргі кездегі Ресей азаматы Юрий Лончаков туралы фотосуретті мәліметтер келтірілген. Экспозицияда арнайы орынға қойылған ғарыш кеңістігінде қолданатын ғарышкерлердің арнайы ыдыстардағы азық-түлік үлгілері де көпшіліктің таңданысын туғызары сөзсіз.

Қызықты мәліметтер:

-алғашқы жасанды жер серігінің ұшырылуы (КСРО, 4 қазан 1957 ж);

-ғарышқа алғаш рет адамның ұшырылуы (Ю.А.Гагарин, КСРО, 12 сәуір 1961 ж);

-ұшырылған автоматты аппараттар мен басқарылатын кемелердің алғаш рет  қабыстырылуы (КСРО, 30 қазан 1967ж – автоматты қабыстыру, АҚШ, 16 наурыз 1966 ж – қолмен қабыстыру);

-алғаш рет адамның кемеден ашық ғарыш кеңістігіне шығуы (КСРО, 18 наурыз 1965 ж);

-тұңғыш басқарылатын орбиталды станцияның ұшырылуы (КСРО, 7 маусым 1971 ж);

-алғашқы халықаралық ғарыш кемесінің ұшырылуы (КСРО-АҚШ, 15 шілде 1975 ж «Союз-Апполон» бағдарламасы бойынша);

-алғашқы жүк кемелерінің ұшырылуы (КСРО, 7 маусым 1971 және 22 қаңтар 1978 жж).

«Ай» автоматты планетаралық станциялардың нәтижелері

2 қаңтар 1959 жылы «Луна-1» станциясы Ай беті маңында ұшып шықты. 12 қыркүйек пен 4 қазан күндері «Луна-2» Ай бетіне қонып, «Луна-3» станциясы артқы беті жағын фотосуретке түсірді. 2 сәуір 1963 жылы «Луна-4» станциясы Айды және аймаңы кеңістігін зерттеді. Ал 1965 жылдың 9 мамыр, 8 маусым, 4 қазан, 3 желтоқсан күндері түрлі астробағыт, радиобақылау зерттеулерін жасап, Ай бетіне жайлы қонудың элементтерін басқаруды жаттықты, ал 1966 жылы 3 ақпанда «Луна-9» алғаш рет Ай бетіне жайлы қонып, сол аумақтың панорамасын Жерге жіберді. «Луна-10» станциясы 1966 жылы 31 наурызда ұшырылып, 3 сәуірде Айдың алғашқы жасанды серігі атанды.

«Шолпан» автоматты планетаралық станциялардың нәтижелері

12 ақпанда 1961 жылы алғаш рет «Венера-1» станциясы Шолпанға ұшып, мамыр айында ғаламшар маңына жетті. 1 наурыз 1966 жылы «Венера-3» станциясы Шолпан бетіне түсірілді. 15 желтоқсан 1970 жылы әлемде алғаш рет «Венера-7» станциясының түсірілетін аппараты Шолпанға қонды.

«Марс» автоматты планетаралық станциялардың нәтижелері

1 қараша 1962 жылы алғаш рет Марс ғаламшарына  «Марс-1» станциясы ұшырылып, ғаламшар кеңістігіне зерттеулер жасалды. 27 қараша 1971 жылы Марсқа Кеңестік Одақтың елтаңбасы бейнеленген жалауша жеткізілді. 1973 жылдары Марстың жасанды серіктері кешенді зерттеулерді кеңінен жасаған.

Пайдаланылған әдебиет: Сенкевич В.П. Космонавтика в цифрах и фактах.

 

Лаззат НҰРКЕЕВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы  

2047 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper