Анонс


«Есік» қорық-музейі «Музейдегі түн» шарасының соңында ерекше шамдарды ұшыруды жоспарлап отыр

Сейсенбі, 16 Мамыр 2017 04:52
«Есік» қорық-музейі «Музейдегі түн» шарасының соңында ерекше шамдарды ұшыруды жоспарлап отыр KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы облысындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде 2017 жылғы 19 мамыр күні сағат 16.00-ден бастап ІІІ-ші «Музей түні» шарасы өтеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Шара аясында жасөспірімдер мен студенттерге арналған квест-ойындар өтеді, ұлттық және басқа да қолөнер шеберлерінің, елімізге әйгілі суретшілер мен мүсіншілердің мастер-кластары болады. 

Музейге келуші қонақтар осы түні жергілікті өнерпаздар мен «Арқайым» нео-этно-фольктобының орындауындағы кәсіби әндерді (дәстүрлі аспаптардың сүйемелдеуіндегі, заманауи өңдеудегі көмей әуендері) концерт тамашалап, түрлі іс-шараларға белсене араласатын болады.

Сонымен қатар, «Бекен ата есімізде» атты әйгілі археолог Бекен Нұрмұханбетовтің өзі қазған қорған басындағы көрмені, белгілі суретшілер Сәуле Сүлейменованың «Целлофан кескіндеме» туындысын, Елена және Виктор Воробьевтардың «Қазіргі заманғы археология. Үндестік?» көрмесі, Алёна Велардың Еуразия мәдени альянсы атынан ұсынылатын «Рингтон» объектісі де көрермендер назарына ұсынылады.  Олардың басты тақырыбы – қазіргі өркениет қоқыстары – көлік дөңгелектері мен целофан қалталар. Іс-шараға келушілер оларды лақтырып тастамай «целлофан кескіндеме» ретінде қалай қолдану керек екенін Сәуле Сүлейменованың жұмысынан көре алады. Ал, Елена және Виктор Воробьевтардың көрмесіне біздің алып үйіміз - Жердің бүгінгі қасіреті өзек болады.

Қорық-музейде осындай іс-шаралар мастер-кластарсыз өтпейді. Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Станислав Потапов ежелгі көшпенділердің қару-жарақты жетілдіру және ұрыс жүргізу әдісі туралы қызықты әңгіме өткізіп, садақ ату, сақтардың ат үстінде жақ тарту ерекшеліктері, сақтардың қылыштасу өнері туралы да көрініс көрсетеді. «Верный мануфактурасы» компаниясының директоры Алексей Боровиков ежелгі дүниелерді қалпына келтіру ісінің құпияларымен бөліссе, қорық-музейдің бас суретшісі Дәулетбек Бектеміров қыш бұйымдардың қыр-сырымен таныстырып, ерекше мастер-клас өткізеді.  

 Мерекеге келген келушілерге музей залдары бойынша шолу экскурсиялар жүргізіледі. «Музей түнінде» лезде шығарылатын фото, ұлттық қолөнер бұйымдары саудасы мен қолөнер шеберлігінің мастер-кластары, «Алтын адаммен» бірге суретке түсу, ат арбамен қорық-мұражай аумағында серуендеу, сақ тақырыбына арналған кәдесыйлардың сатылымы, қонақтар үшін ұйымдастырылатын концерт,ұлттық ойындар,«Музей түні» шамдарын ұшыру сынды қызғылықты шаралар да ұйымдастырылады.

 «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Сіздерді 2017 жылдың 19 мамыры күні  осынау қызықты оқиғаларды бірге тамашалауға шақырады.

Қосымша ақпараттарды «Есік» қорық-музейінен алуға болады. Мекен-жайы:  Алматы обл., Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат а/о, Алматы-Көкпек-Көктал тас жолы, Есік кіре берісі 6,6 шақырым., «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі.

3084 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper