Тарихты түгендеу – парыз
Қазақ елінің тарихы дұрыстап жүйеленіп, хатталмаған. Оның себебіне үңілсек, ол ұзақ-сонар әңгіменің арқауы болары анық. Біздің ата-бабамыздың кереметтігі сол – ұрпағы тарихын білгісі келсе, еңбектеніп іздеп табарлық белгілер, мәліметтер қалдырған. Тек соны орнымен тауып сөйлете білсе. Болашақ бағдарымызды айқындап, берік ету үшін қиын болса да төл тарихымызды зерттеумен адал айналысқан жанкештілер әр кезде де болды, тәуелсіздігімізді алған соң еліміздің шынайы тарихын жазушылар арта түсті. Қомақты қаржы да бөлінді. Бірақ, бар күшті бір жерге біріктіріп, білімді және білікті мамандарды жинақтап, қажетінше қаржымен қамтамасыз ету жұмысы әлі де жолға қойылған жоқ. Тіпті, кей жағдайда өзіміз де салғырттық танытып, қолда бар мүмкіншілікті пайдаланбай келеміз.
Тарихты толыққанды, шынайы, дұрыс жазу үшін жан-жақты мәлімет толық жиналу керек. Ол үшін кемінде мынадай жұмыстарды бір-бірімен байланыстырып ұйымдастырса орынды болады деп ойлаймын: біріншіден, Қазақстан шеңберіндегі мұрағат, музей, кітапхана қорларындағы барлық мәлімет пен жазбаны жүйелеп, жинақ шығарып, оны кез келген зерттеуші іздеп таба алатындай жағдай жасау керек. Болашақта электронды нұсқасын дайындап, арнайы сайт жасақталған жөн.
Екіншіден, шетелдердегі мұрағат, музей, кітапханалар қорында Қазақстанға қатысты құжаттардың барлығының көшірмесін елге әкелу қажет. Түрлі зерттеушілер там-тұмдап айналысып жүр. Бірақ, мардымсыз. Жүйесіз. Шетелдіктер біздің тарихымызды қашанға дейін сақтар дейсіз?!
Үшіншіден, ауыз әдебиетімізді толық зерттеп, тарихымызбен ұштастыру керек. Яғни, аңыз-әңгіме, ертегі, жыр-дастан, ән мен күйдегі деректерді сөйлетуіміз қажет.
Төртіншіден, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты терең зерттеп, озығын алып, тозығын тарих қойнауына жіберген жөн.
Бесіншіден, жер астына көмілген ескі қала орындары, түрлі жәдігерлер, жерленген адамдардың сүйегі, олармен бірге көмілген бұйымдарды зерттеу, яғни, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру. Бір көңілге медеу тұтатыным – жер өзіміздікі, құмның астында қанша болса да жоғалмай шыдайды ғой.
Алтыншыдан, араб әліпбиімен жазылған құлпытастардың толық тізімін жасақтап, мемлекеттік қорғауға алып, араб әліпбиінен кириллицаға аударып, арнайы жинақ шығару және осы мәліметтер толық қамтылған сайт жасақтау қажет. Бұл істерді аса ыждағаттылықпен атқарған жөн. Құлпытастарды ата-бабамыздың өмір салты, мәдениеті ретінде қарастырып, терең зерттеу өз уақытын күтуде.
Кем дегенде жоғарыда айтылған жұмыстарды ұйымдастырып, әр деректі бір-бірімен байланыстыра зерттесек, толыққанды тарих жазылатынына сенімдімін. Осы қыруар жұмысты қолда бар мүмкіншілігімізбен бүгіннен бастаған абзал. Соның ішінде құлпытастарды жүйелі зерттеуде бас біріктірсек, нәтижелі іс қылуға болады. Әр жыл, әр ай, тіпті әр күннің өтуі тасқа басылған тарихымыздан айрылғанымыз. Сондықтан, осы бағыттың маңыздылығына кеңірек тоқталғанды жөн санадым.
Тастағы белгінің уақыты өлшеулі
Құлпытас – сөзінің астарында терең мән жатыр. Кілтін тап та, ашып керегіңді ал дегендей. Кілті қарапайым ғана, араб әліпбиін білу. Отарлаушылардың қарқынды саясатының кесірінен бұл әліпбиді білетіндер санаулы, құлып салынған тастарды кәдеге жаратуға әрекет баяу. Негізі кей облыстарда құлпытастарды мемлекет қорғауына алып, есебін жүргізіп, мүмкіндігінше тасқа жазылған жазбаны кириллицаға аударып та жатыр. Бірі тек мемлекеттің қорғауына алу үшін санын санамалап, нөмірлеп, тізбегін жасаса, енді бірі іріктеп өзіне қажет тұлғаларға қойылған құлпытастарды жинақтауда. Алдағы уақытта еліміздің аумағындағы барлық құлпытастың орналасу картасын жасап, толық суретке түсіріп, араб әліпбиінен аударуға келетіндердің бәрін кириллицаға аударуымыз қажет. Бұның маңызды тұстары өте көп. Солардың бірсыпырасына тоқталсақ.
Біріншіден, араб әліпбиімен жазылған құлпытастардың дені XVIII-ХХ ғасыр аралығын құрайды. Әр құлпытаста қайтыс болған адамның аты-жөні, қай жылы туғаны, неше жаста қайтыс болғандығы, қай ру, тайпа, бөлімнен, тас қойғандар кімдер екендігі көрсетіледі. Тіпті, кейбірінде қайдан білім алғандығы, ұстазы кім болғандығы туралы да мәлімет болатынын ескерсек, бұл – тарихты зерттеуге аса маңызды, таптырмас мағлұмат болары анық.
Екіншіден, елу не жүз жылдан кейін бұл құлпытастар жаңбыр мен қар, күннің көзі, жел, т.б. табиғаттың әсерінен тозып, жазбалар оқылмай қалары анық. Оған мал сүйкеніп, жазуын кетіріп, не құлатып тастау мүмкіндігі және құм көшуінен көміліп, жер астында қалып қоюын қосыңыз. Шетел мұрағаттарындағы құжаттарды әкелуге қыруар қаржы қажет деп жүргенде көз алдындағы тасқа жазылған тарихымызды қағазға түсірмесек, ұрпағымыздың алдында не деп жауап береміз?
Үшіншіден, «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақал бар. Разылық өліге керек пе, әлде тіріге ме? Өлі – сенің ата-бабаң, тірі – бүгінгі сен. Оның ұрпағы. Әрине, сен үшін керек. Бүгінгінің ата-анасы қайтыс болса, көл-көсір тойдай етіп асын береді, қырқы не жүзіне дейін бейітін көтереді. Тіпті, біреулері зәулім кесене салады. Енді ойлаңызшы, олардың алдындағы ата-аналарымыз қайда? Оларды ұмытқанымыз жөн бе? Оны білуге әке-шешеңнің мүмкіншілігі болмағаны айдай анық қой, себебі Кеңес үкіметі тарихымызды жойып, ата-бабамызды ұмыттырып, жерімізді иеленгісі келгені айқын. Көптеген ескі қорымдағы тастарды, құлпытастарды құрылыс материалына пайдаландырып, қарсы болған қазақтарды «билікке қарсы» деген желеумен жазалаған жағдайлар болған. Тіпті, даладағы құлпытасты әдейі трактормен құлатып, талайын сындырғанын да көзі көргендер айтып отырады. Тәуелсіздігімізді алдық, бойда рух болса парызымызды өтеген абзал. Жеті атаның қағидасы тек жетінші буынға дейін қыз алыспау емес, сонымен қатар, кем дегенде жеті атаға дейінгі ата-бабаңды біліп, құрметтеу деп түсінген жөн.
Төртіншіден, қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді. Бүгінгі күнге дейін еліміздің аман сақталуына, ұланғайыр жердің иесі болуымызға жеті аталық қағиданың үлкен рөлі бар. Ұлттың қаны таза, ой-жүйенің жақсы дамуы, тәрбиелі, текті болуымызға да негіз осы жеті аталық жүйе себеп. Өкініштісі, отарлау саясатының кесірінен бүгінгінің адамы жеті атасы түгілі, төртінші не бесінші атасын да білмейді. Егер әр атаның жас аралығын 35 жыл деп алсақ, жетінші атаң осыдан 245 жылдай бұрын өмір сүргені анық. Осыдан-ақ даладағы қараусыз, дұға бағышталмай, ұмыт қалған құлпытастар біріміздің, болмаса біріміздің ата-бабамыз екені анық. Міне, құлпытастағы жазбалар оқылса, көп адам өзінің ата-бабасын біліп, жеті атасын айқындап, қыз алыспайтын жақын-туысын көбейтіп, ұрпағына оң тәрбие беріп, тектілікті сақтап, елімізге адал қызмет етер ұрпақты көбейтері анық.
Бесіншіден, ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің жолы. Әр қазақ үшін Қазақстан – Отан болса, сол Отанға сүйінспеншіліктің қайнары әр адамның өзінің және ата-бабасының туып-өскен жерінен бастау алады деп есептеймін. Елінен жыраққа кеткен кез келген есті адам туған жеріне табаны тигенде аунап, кеудесін кере ауамен терең тыныстап, бойына қуат алатыны да осыдан. Самсаған құлпытас қазіргі қаланың да, ауылдардың да маңында кездесетінін ескерсек, тамырымыздың қайдан бастау алатындығы белгілі болады. Бүгін халықтың көбі, соның ішінде, жастар қалада өмір сүреді. Бұл – өмір заңдылығы. Бірақ, қаланың қабатты үйлері нағыз отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға жеткіліксіз. Оның орнын толтырам десең, ата-бабаңның туып-өскен жерін біліп, суына шомылып, құмына аунап, ауасын жұтып бойыңа рух алуың қажет.
Алтыншыдан, отарлау саясатының кесірінен елге еңбегі сіңген, тарихта елеулі орны бар тұлғалардың аты аталмай, есімдері жадымыздан өшіріліп, жерленген жерін білмейтін халге жеткенбіз. Тәуелсіздігіміздің арқасында осы олқылықтың орны толуда. Елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың жерленген жерін қарайтып, басына кесене тұрғызу ісі жаңғыруда. Бірақ, кей кезде істеріміздің арты дау-дамайға айналып, жікке бөлінеміз. Құлпытастарды жүйелі зерттеу – осы мәселенің оң шешілуіне сеп болары анық. Мысалы, әріптесіміз Қазбек Құттымұратұлының тыңғылықты еңбегінің арқасында ұранға айналған батырымыз Дәуқара Қарақожаұлының құлпытасы тұңғыш рет оқылды. Дәуқара батыр 1687 жылы дүниеге келіп, 64 жасында 1751 жылы қайтыс болған. Бір атадан тарайтын Сырым батыр бабамыз жас та болса байбақтының ұранына айналған Дәуқара батырды көрсе, орда бұзар отыз жастың шамасында Науша батыр Сырым бабамызбен замандас болғаны анық. Осыған дейін көптеген зерттеуші қашан, қайда қайтыс болғаны белгісіз деп жүрген Науша Қаржауұлының жерленген жерін ақсақал Наурызбай Әбілхайыров көрсетті. Құлпытасы да сақталған. 1849 жылы 81 жасында қайтыс болған. Қос батырды Сырым бабамызбен салыстыруымның басты себебі, оқырманға бұл тұлғалардың қай кезеңде өмір сүргеніне назар аударсын дегенім. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы, бір атадан тараған ұрпақтың қай-қайсысы да бірінен соң бірі ел үшін өлшеусіз еңбек сіңірген.
Жетіншіден, елдің қамын жеген хан, би, батыр, әулие, ғұламалардың жатқан жері болашақта туризмнің өзегіне айналары анық. Себебі, кім болса да ұрпағының елге адал қызмет ету арқылы танымал болып, ізін абыроймен жалғастырғанын қалайды. Өзі үшін, елі үшін үлгі тұтарлық бабаларымыздың басына барып, туған жерді аралап халқын, жерін сатпайтын ұрпақ тәрбиелеуге тырысады. Оның сыртында сырттан келген қонақтарды да сол жерлерге апарып, туризмді жандандыра түседі.
Сегізіншіден, қазақты «надан, оқу, жазу білмеген» деп күйе жаққандардың өтірігін көкке ұшырады. Құлпытастағы жазулар қазақтың бай тілі, сауатты жазуы болғандығын дәлелдейді. Бір-ақ мысал, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылының батыс бетінде 18 шақырым қашықтықта орналасқан Мәулемберді қауымындағы құлпытастарды оқыған ғалымдар жазулардың араб тілінде өте сауатты жазылғандығына таң қалды. Ол жерге жерленген адамдардың өте терең білімді, ғалым болғаны, тас қойған адамдар да жай емес екендігін айтты. Тіпті, сол жерде бір атадан тараған бірнеше адамның құлпытасы болды. Бәрінің де терең білімді, діни сауатты болғандары жазылған. Тектілік деген осы, ұрпақтан ұрпаққа терең білім, оң тәрбие берілген. Міне, қазақ надан, сауатсыз болса, осылай бола ма? Әрине, отарлаушының да қорыққандығы осы, біз тамырымызды білсек, ұлы халық болғандығымыз ашылады.
Тоғызыншыдан, құлпытас жазуындағы әліпби түбіміз бір түркі елдерімен бір екендігімізді, бәріміздің ұлттық дәстүрімізге жақын ислам дінін қабылдап, барша мұсылман елдеріне тән араб әліпбиін кеңінен қолданғанымызды көрсетеді. Тіпті, жыл санауымыздың өзі бірдей болғанына да осы құлпытастар дәлел. Құлпытастағы адамның бұл фәниден өткен жылы хижра жыл санауымен берілсе қазіргі қазақ бүгінгі жыл санауымызға өткізе алмай дал болады. Ал, құлпытастағы жазбалардан хабары жоқ адам тіпті ерекше күйде болады, ол өте ескі құлпытас табылды деп қуанып, қуанышын жасыра алмай, таңдайын қағып таңырқай бастайды. Тек бәрін түсінгеннен кейін ғана өзінің білместігіне қатты қызарады. Осыдан-ақ, құлпытасты түбіміз бір, дініміз бір түркі елдерімен байланыстырушы жәдігер деп айтуға әбден болады.
Оныншыдан, ХХ ғасырдың басы нағыз аласапыран кезең болды. Тек Алаш зиялыларының аянбай, жеке бастың қамынан елдің қамын жоғары қойып, табандылықпен туған жерді, елді сақтап қалуға бар күшін салғанының арқасында бүгін азат ел болып отырмыз. Қиын-қыстау заманда еліне қорған болар азаматтарды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген бабаларымыз қараусыз қалған құлпытастардың иесі екендігін естен шығармау абзал. Алаш идеясы аясында бас біріктірген, Алаш орда үкіметін құрған қазақ зиялылары қуғындалып, атылып кетті. Бүгінгі ұрпақ тектілерді тәрбиелеген тұлғаларды білуі үшін тасқа қашалған жазулардан олар туралы мәліметтерді алып, ел игілігіне айналдыруы тиіс.
Міне, құлпытастарды зерттеудің қажеттілігіне он негіз келтірдім. Әр оқырманның ойына басқа да маңызды тұстары келген болар. Ең маңыздысы, бұл – Мәңгілік ел болуымызға қажет дерек пен жәдігер. Көпшілік құлпытас әдейі қиратылғанын жоғарыда айттық. Қалғаны табиғи түрде жойылуда. Қаншама тарихымыз бен мәдениетіміз, өркениетіміз туралы мәліметтерден айрылдық. Енді, қалғанын сақтап, ұрпағымыздың қажеттілігіне жарату – парыз.
Бірлескен іс берекеті
Құлпытасты зерттеуді жұмыла атқару қажет. Уақыт шектеулі, бәріміз бас біріктірсек, оң нәтиже болатынына сенімдімін.
Бірінші кезекте әр ауданның басшысы осыған белсене араласса оң болады. Ол өз тарапынан аудан бойынша негізгі жауапкершілікті өз мойнына алып, ауылдық округтің аумағына ауыл әкімін тікелей жауапты етіп, құрамына жергілікті өлкетанушы, мектептің тарих пәнінің мұғалімі, тағы басқа елінің болашағына еңбек етуге дайын ауыл белсенділерін қосып, топ құрса. Топ мүшелері өз ауылының аумағына кіретін барлық қорымды анықтап, арнайы дайындалған нұсқаулыққа сай бірін қалдырмай нөмірлеп, суретке түсіріп беруді ұйымдастырса, негізгі жұмыс атқарылады. Әр қорымды нұсқаулық талабына сай жасақтап, электронды нұсқасын табыстаса, біз өз тарапымыздан аудармасын жасап, арнайы сайт жасақтап, терең зерттеу объектісіне айналдырмақпыз.
Біз әзірге мүмкіндігімізге қарай тек бір облысты айтып отырмыз. Алдағы уақытта барлық облыста осылай жүйелі жұмыс атқарылса, одан әрі еліміздің шекарасының сыртында қалған ата-бабамызға қойылған құлпытастарды зерттеу қажет.
Болашақта ұрпағымыз білімді, білікті, өр, намысты болатынына, құлпытас кілтін аша алатындар, яғни араб әліпбиін жетік білетіндер де болатындығына сенемін. Тек олардың қолында кілт болғанымен біздің салғырттығымыздан құлып сақталмауы әбден мүмкін. Құлып болмаса, қолдағы кілттен не пайда? Ендеше, бабаларымыздың таспен қашап қалдырған құлыптарды ашып, табылған қазынаны ұрпаққа аманаттап жеткізейік.
Құлпытас – қазақтың ұлттық рухы, тілі, діні, тарихы, жазба мәдениеті, сәулет және қолөнер өркениеті, жердің нағыз иесі кім екендігін дәлелдейтін белгі, әр адамның ата-тегі. Ендеше, еліміздің болашағы үшін бірлесіп атқарар ісіміз сәтті болғай.
Жантас Набиоллаұлы,
«Нұр Отан» партиясы Батыс
Қазақстан облыстық филиалы
жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің жетекшісі,
Орал қаласы.