Анонс


Тектұрмас кесенесі – Ислам дәуірі мен Ұлы жібек жолы тоғысындағы киелі орын

Жұма, 31 Қазан 2025 02:23
Тектұрмас кесенесі – Ислам дәуірі мен Ұлы жібек жолы тоғысындағы киелі орын KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ халқының тарихи және рухани мәдениетіндегі киелі орындардың бірі – кесенелер. Ел жадында мәңгі сақталуға лайықты тарихи тұлғалар – батырлар, билер, хандар мен әулиелерге арнап кесенелер салу дәстүрі кең таралған. Бұл дәстүрдің тамыры ежелгі көшпелі мәдениет пен сақ дәуірінен бастау алып, орта ғасырлар мен кейінгі тарихи кезеңдерде де жалғасын тапқан. Соның бірегей үлгілерінің бірі – ортағасырдан жеткен Тектұрмас кесенесі.

Тектұрмас кесенесі Жамбыл облысы Тараз қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауындағы биік төбеде орналасқан. Белгілі ғалым Г.А. Пугаченкованың пікірінше, бұл кесене XIV ғасырдың мәдени мұрасына жатады. Халық арасында «Тектұрмас» атауымен танымал бұл тарихи ескерткіште Сұлтан Махмұд хан жерленген. Кейбір деректерде ол – жергілікті әулие, ал басқа нұсқаларда Қараханидтер әскерінің бас қолбасшысы ретінде сипатталад. Тектұрмас әулие ислам дінінің таралуына үлкен қосқан тұлға. «Тектұрмас» сөзі түрік тілінен аударғанда «тынымсыз орын» деген мағынаны білдіреді[1, 27-б.] екен. Және халық арасында қасиетті орын ретінде құрметтеледі. Кесенеге батыс қақпа арқылы кіріп, ұзын тас плиталар төселген арнайы жолмен жетуге болады. Оның екі жаны қатпарлы тау тастарымен көмкерілген. Күмбезді кесененің асыңғы бөлігі төртбұрышты, жоғарғы жағы күмбез тәрізді етіп, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Қайта қалпына келтірілген кесененің биіктігі – 14,54 метр, ал көлемі – 7,5х7,5 метр. Алғашқы кезде бұл жерде шырақшылар үйі бой көтерген. Шырақшылар үйі мен әулие кесенің арасы – 300 метр. Кесененің дәл жанында XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы ерлікпен шайқасқан Мәмбет батырдың мазары орналасқан. Оның үстіне де жеке кесене тұрғызылған.

Бірнеше ғасыр бойы сақталып келген Тектұрмас кесенесі соңғы жүз жыл ішінде екі рет қиратылған. Алғаш рет ескерткіш 1864 жылы көктемде орыс отрядының зеңбіректері осы кесене маңына қойылып, төмендегі қоқандықтардың қамалына оқ жаудырып тұрған, қарсыластарының оларға жетіп, кесенеге көп залал келтірген. Екінші рет XX ғасырдың 30-жылдарының соңында, атеистік саясаттың күшеюі нәтежиесінде, діни мазмұндағы көптеген тарихи-мәдени ескерткіштермен бірге Тектұрмас кесенесі де жойылып кете жаздады. Кесененің күйдірілген кірпіштері түрлі құрылыс материалдарына пайдаланылып кеткен екен. Ескерткіштің алғашқы нұсқасы жайлы мәлімет XIX ғасырдың 80-жылдары салынған сурет арқылы жеткен (2-сурет). Ол кезде кесене күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, күмбезді және төртбұрышты құрылыс болған. Бұрыштары пилястрлармен безендіріліп, қабырғаларында сылақ іздері сақталған[2, 312-б.]. Құрылыстың жоғарғы бөлігі күйдірілген кірпіштен қаланған, ал астыңғы жағы тас блоктардан өрілген. Қабырғаларында сүйір пішінді қуыстар мен терезе, есікке ұқсас ойықтар болған.

Тектұрмас күмбезі алғаш рет XIX ғасырдың екінші жартысында зерттеле бастады. Оны алғашқы зерттеушілердің бірі В.А. Каллаур. Кейін бұл ескерткішке А. Диваев та қызығушылық танытқан. Михаил Массон кесене 1939 жылы археолог Г. Пацеевич Тектұрмас жотасына қазба жұмысын жүргізіп, бұл жердің ежелгі қала тұрғындарының жаппай жерленетін зираты болғандығын анықтаған. Қазба барысында киіз үй пішіндес 1500-ге жуық ішінде адам сүйегі бар оссуарилер табылған. 1949 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы (жетекшісі – Л.И. Ремпель), ал 1980 жылы жаңа археологиялық зерттеу жұмыстары (жетекшісі К. Байбосынов) жүргізді. Сонымен қатар, Әулиеата өңіріне әскери жорық жасаған орыс полковнигі М.Г. Черняевтың жазбаларында да кесене жайлы деректер кездеседі. Ол 1984 жылғы 1 маусымдағы «Әулиеата қамалы» деп аталатын жазбасында: «Әулиеатадан батысқа қарай 400 сажень жерде зират бар, сонда кірпіштен салынған, жартылай мүжілген, іші кең кесене тұр. Ол Қарахан деген қасиетті әулиенің есімімен аталады. Осы арадан бір жарым шақырымдай жердегі дөңесте Тектұрмас деп аталатын тағы бір әулиенің моласы бар, бұл жота соның атымен аталады» – деп жазған.

1986 жылы кесене маңы қоршалып, кіреберісіне атауы жазылған мәрмәр тақта орнатылды. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын (жетекшісі – К.М. Байпақов) кесенеге кешенді зерттеу жұмыстарын жалғастырды[3, 209-б]. 2002 жылы бұрынғы суреттер мен жазбаларға сүйене отырып, кесене өз орнында қайта салынып, ортағасырлық стильге сай жаңартылды.

Қандай жағдай болмасын, жергілікті халық бұл орынды киелі санап, зиярат етуді ешқашан тоқтатпаған. Кесене орналасқан төбенің етегінде ежелгі жерасты жолы бар, алайда ол әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Осы маңайдан VI–XI ғасырларға жататын көне зираттар табылған. Жерлеу рәсімдерінен зароастризм, христиандық және буддизм сияқты түрлі діни сенімдердің ықпалы байқалады[4, 111-б]. Кейін ислам діні тарала бастағанда, бұл жерде ерте мұсылмандық жерлеу орындары да қалыптасқан. Бұл деректер аталмыш аумақтың ислам діні келмей тұрып-ақ мәдени әрі діни тұрғыда дамып, қалыптаса бастағанын болжауға мүмкіндік береді. Ұлы Жібек жолының бір тармағы арқылы осы өңір арқылы өткен жолаушылар Тектұрмас төбесіне көтеріліп, құлшылық жасаған деген болжам бар. Талас өзеннің маңындағы тас көпірдің қирандылары бүгінге дейін сақталған. Орта ғасырларда бұл көпір саудагерлер мен керуеншілердің өзеннен өтуіне мүмкіндік берген маңызды өткел болған. Керуен жолының бойында орналасқан бұл өңір жолаушылар үшін аялдайтын, құлшылық ететін киелі орындардың бірі ретінде танылған. Қазіргі таңда Тектұрмас кесенесі республикалық маңызы бар архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.

Тектұрмас әулие жайлы халық арасында көптеген аңыздар сақталған. Аңызға сүйенсек, ол Қарахан дәуірінде әскербасы, жасауылбасы болып қызмет атқарған. Қызметін атқаруға шыққан кезде, қара жолдың үстіндегі жолаушы, керуен біткен түгел тексеруден өтеді екен. Көңіліне жақпаған жүргіншілерді өз бетінше жазалап, оларға өз бетінше шара қолданыпты. Жолаушы жұртты да, тұрғылықты елді де үнемі тексеріп, халыққа да тыныштық бермей, өзі де тыным таппағандықтан, халық оны «Тектұрмас» деп атап кеткен. [5, 21-б].

Қорыта айтқанда, Тектұрмастың кім болғаны жайлы нақты тарихи дерек болмағанымен, оның есімі халық жадында ерекше құрметпен сақталған. Кесененің көркем табиғат аясында, биік төбеде орналасуы және де ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан зиярат дәстүрі – Тектұрмастың көзі тірісінде әйгілі болған ел үшін елеулі, көрнекті рухани тұлға болғандығының дәлелі. Бұл орын тек тарихи ескерткіш емес, сонымен қатар халықтың танымы мен рухани дүниетанымының көрінісі ретінде де аса маңызды. Тектұрмас кесенесі 1982 жылы Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің итізіміне енгізіліп, мемлекеттің қорғауына алынған.

 

Гүлмарал ҚАМБАР, «Ежелгі Тараз ескерткіштері»мемлекеттік тарихи-мәденимузей-қорығының кіші ғылыми қызметкері, археология және этнология магистрі

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. «Ежелгі Тараз ескерткіштері». – 27 б.
  2. «Қазақстанның киелі орындарының географиясы». – Алматы, 2017. – 312 б.
  3. Алипчеев С. «Свод памятников истории и культуры Джамбулской области». –Джамбул, 1982 г. – 209 с.
  4. «Тараз мұралары». Көптомдық. – 7-том. – 2019. – 111 б.
  5. Ж. Дәдебаев. «Талас аңыздары». Алматы 2002 жыл, 21 б.
  6. Смаилов Ж. Е., Абильдин А. К., Буранбаев Р. Н., Тураганбаева Л. Р. «Тарихи Тараз». – 162 б. (2-сурет).
251 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper