Анонс


Қапалдағы тарихи ескерткіштер сыры

Сейсенбі, 16 Наурыз 2021 01:22
Қапалдағы тарихи ескерткіштер сыры KAZMUSEUM.KZ -  

Ресей империясы 1848 жылы Ұлы жүз қазақтарын басқару үшін және Жетісу өлкесін басқару үшін үлкен Орда пристовствасын құрған  және бұл пристовстваның орталығы Қапал болып бекітілді. Қапал уезд болған кезінде Қапал қаласы осы Қапал уезінің орталығы еді. Бұл кезде Қапал территориясы Семей облысына қарасты болды. 1867 жылы Жетісу облысы құрылғанда оған бес уезд кіріп, сол уездерінің бірі Қапал уезі болған. Сөйтіп Қапал уезінің территориясы қайтадан Жетісу облысына енген. Қапал бай тарихымен, қайталанбас сәулетімен, ағаштан салынған әдемі үйлерімен, табиғатымен ерекшеленді. Ол жерде мешіт, медіресе салынып, «приходская школа», орыс мектебі, «туземная школа», «Якобия» татар қыздар медресесі мен мектеп ашылды.

Сол кезде Қапалда салынған бірнеше тарихи нысанға тоқталсақ. Бүгінгі күні Ақын Сараның мемориалды музейі орналасқан ғимаратқа көз салсақ, сол кездегі ағаштан салынған әдемі, қайталанбас сәулетімен ерекшеленіп тұр. ХІХ ғасырдың екінші жартысында лазарет болған бұл ғимаратта Қапал уезінің дәрігері генерал И.Саболевский тұрған. 1856 жылы қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов өзінің іс сапарларының бірінде сырқаттанып Қапалда ем алған. Сол сияқты П.П.Семенов-Тян-Шанский Жоңғар Алатау тауларында саяхат кезінде тұмауратып, аяқ қолдары сырқыраған ол, Қапалда емделіп сауығып кеткенше осы жерді мекендеген. Кейін бұл ғимараттың тозығы жетіп, 1993 жылы ғимаратқа қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Ақын Сараның мемориалды музейі орналасты.  

Музей экспозициясы 4 залдан тұрады. Олар:

- Сараның балалық шағы залы;

- Сараның өскен ортасы залы;

- Сараның шығармашылығы залы;

- Ақын Сараның ізбасарлары залы.

Музей залдарында келушілер Ақсу ауданынан шыққан Жетісу бұлбұлы атағына ие болған ақын, айтыскер Сара Тастанбекқызының өмір жолы мен шығармашылығымен таныса алады. Музей экспозициясында ең құнды жәдігерлер, Сараның жеке заттары ұсынылған. Музейдің әр бөлмесі өз тақырыбына сай безендірілген. Мәселен, сол заманның тұрмыс-тіршілігіне қатысты заттар, күміс әшекейлер, киімдер, сондай-ақ, Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы мен ақынның өлеңдері экспозицияда жүйелі түрде орналастырылған.

Келесі ғимарат Қапалдың төменгі жағында орналасқан  Ноғай мешіті. Бұл мешітті татар саудагері Ғалиақпар Сейфулмуліков қажы өз қаржысына салдырған. Бұл ғибадат үй 1865-1867  жылдары тұрғызылған. Іргетасы таудан арнайы алдырылған, үлкен көгілдір тастардан өрілген. Мешіт қабырғалары қалыпқа құйылған саз балшық кірпіштен құрылған. Ғибадат үй -300 орындық, 14 терезелі, мұнарасының биіктігі 10 метрдей. Мешітті салғызған Ғалиақпар ұрпақтары Қапал уезінде туып өсіп, осы мешітте оқып білім алған.

Ғалиақпар Татарстаннан Семейге көшіп, саудагер Ғабдессалам (Абселем) Мохсиновтың қоластында жұмыс жасап жүріп, оның қызына үйленеді. 1854 жылы Ғалиақпар Семейден Қапалға көшіп келеді. Оның Садтық, Лоқман, Хаким, Сұлтан деген төрт ұлы болған. Ғалиақпар бай саудагер болды, екі рет Қытайға барып өз қаржысына сауда жасап келген. Ол туралы Ш.Уәлиханов былай деп жазған: «Приказчики Абселема по имени Галиакпар и Нахмиджен в прошлом году в городе Кульдже вели торговлю со своим капиталом. Зять Абселема по имени Галиакпар имеет большой капитал».

1920 жылы Қапалды қызыл  әскерлер басып алып, мешіттің мұнарасындағы жарқыраған "айды" құлатпақ болады. Командир солдатқа сол айды түсіріп тастау туралы бұйрық береді. Сарбаз мешіттің төбесіне шығып, айды лақтырып жібереді, ай жерге қадалып түседі. Бұл ай бірнеше күн жерде жатады, большевиктердің жазасынан қорыққан ел оған тиіспейді.  Тек төртінші күні Ғалиақпардың немересі Әмин түн жамылып, айды үйге әкеліп, оны үйдің жертөлесіне көмеді. Мешіттің мұнарасы қиратылады. Мешіттің ғимаратында түрлі мекемелер орналасты. Қойма, асхана, дүкен, т.б. қызметтерін атқарды.

1920-1991 жылдар аралығында осы ай Мулюковтар отбасының үйінің жертөлесінде ақ матаға оралып жатқан. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған кездеғана  бұл ай өз орнына мешіттің жаңадан салынған мұнарасына орнатылып, мешіт өз есігін қайта ашты (2 суретте).

 

А.Т.АЛИМБАЕВА, Ақын Сараның мемориалды музейінің меңгерушісі

2004 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper