Анонс


Қостөбе -Талас өңіріндегі қала мәдениетінің озық үлгісі

Сейсенбі, 17 Қараша 2020 23:28
Қостөбе -Талас өңіріндегі қала мәдениетінің озық үлгісі KAZMUSEUM.KZ -  

Ортағасырларда Талас жəне Шу өңірлерінен Жібек Жолының бір тармағы Түркі жолы өтті. Түркі жолының басты жолға айналуының себебі, ең алдымен Шу, Талас өңірінің түркі қағанаттарының ата жұртына айналып, қағандардың ордаларының осында орналасуы еді. Бүгінгі таңда түркі халықтарынан бізге жеткен тарихи ескерткіштер Талас, Шу өңірлерінде кеңінен таралған. Ашық аспан астында тұрған бұл ескерткіштер қала-қоныстар, жерлеу орындары, ғұрыптық ескерткіштер ретінде көрініс табады. Ортағасырларда бұл аймақта көптеген қалалар мен елді мекендер бой көтеріп, көркейіп, ірі мəдени ошақтар қалыптасып, қолөнер мен сауда-саттықтың дамуына мол мүмкіндіктер ашылды. Ортағасырлар кезеңінде Қазақстанда гүлденген көптеген қалалар өмір сүрді. Олардың тамаша архитектуралық үйлесімділіктері, сарайлары, мешіттері, ұлық кесенелері, медреселері, ұстаханалары, шеберханалары кімді болмасын таңқалдырмай қоймаған. Талас жəне Шу өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен жазғы жайлаулар жайында жазба деректерде мəліметтер баршылық. Сондай-ақ Талас, Шу өңірінің түркі халықтарынан қалған ескерткіштері едəуір зерттеліп, нəтижесінде бірқатар ғылыми еңбектер де жарық көрді.

Қазақстан тарихында жарқын оқиғалардың бірі - жазба деректерде көрсетілген ортағасырлық қалалық мəдениет пен қалалардың табылуы еді. Қазақстан тек көшпелілер Отаны деп кешегі күнге дейін айтылып келген пікір жоққа шығарылып, жеріміздің өзіндік далалық өркениеттің бесігі болғандығы айқындалды. Ол өркениет диқан мен малшы, қала мен дала мəдениеттерін бойына сіңіре білді.

Талас жəне Шу аңғарларындағы қалалар жиынтығы үлкен бір топты құрайды деп айтсақ қателеспейміз. Талас өңірінде күні бүгінге дейін сақталған жəне ортағасырларда Қазақстан териториясында ірі мəдениет орталығы болған ортағасырлық қалашық – Қостөбе қаласы. Бұл қала жайындағы мəліметтер Х ғасырлардың аяғына жататын жазбаларда кездеседі. Қостөбе қалашығы туралы ортағасырлық географтар, тарихшылар мен саяхатшылар да көптеген мəліметтер қалдырған [1].

 

 Қостөбе қалашығы (аэрофотосурет 2019 ж.)

Қала өзінің ортағасырдағы алар орны мен тарихи-мәдени өркениетінің биік дәрежеде дамығанының нәтижесінде 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.  Қостөбе VI – XII ғасырлардағы көне қала орны. Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының шығыс жағында, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан.  Қалашық VI ғасырда Түркістанға қоныс аударған бұхар соғдылары негізін қаланған Жамукат қаласына баланады [2].

Бұл қала жөнінде де көптеген ғалымдарымыздың өзіндік пікірлері бар. Жамукат туралы деректер Х ғасырдың географы әл-Макдисиде, сондай-ақ Нершахидтің «Бұқар тарихы» атты еңбегінде кездеседі. Әл-Макдиси еңбектерінде  «Жамұқат үлкен қала. Айналасында қабырға мешіті бар, рабадында базарлары бар»-деп сипатталады [3].

Өз кезегінде В.В.Бартольд Жамұқатты зерттеушілер айтқандай Сырдарияда емес, Талас аңғарында  жатқанын дәлелдеген. Алайда қаланы нақты бір ескерткішпен сәйкестеу мәселесі әлі күнге пікір таласты  болып келеді. Мысалы, А.Н.Бернштамның ұйғаруы бойынша Жамұқатқа Тараз қаласынан оңтүстігінде орналасқан Майтөбе немесе Бесағаш қала қалдықтары сәйкес келеді. Алайда бұл ескерткіштер , қазір айқындалғандай, көлемдері жағынан  Жамұқаттың сипаттамаларына дәл келмейді [4].

Әсіресе, Мұхамед Наршахидың Х ғасырда жазылған «Бұқар тарихы» атты еңбегінде қаланың пайда болуының негізі әдемілеп түсіндіріліп жеткізілген. Осы аталған еңбекте Наршахи Бұқар қаласының пайда болуымен бірге ондағы жергілікті халықтың осы маңға қайдан келгенін тәптіштеп жазады. Мұның біз үшін маңызы зор, себебі сол дәуірдегі Бұқар қаласы мен оның аймағын соғдылар емес түркілер жайлағанын дәлелдейді.

 «Түркістаннан келген адамдар осында қоныстанды, өйткені бұл жерде су мен ағаштар көп болды, аң аулайтын тамаша орындар бар еді, бұл адамдарға өте ұнады. Басында олар киіз үйлер мен шатырларда тұрды, бірақ кейінірек адамдар жинала бастады және ғимараттар тұрғыза бастады. Көптеген адамдар жиналды, олар өз арасынан біреуін таңдап, оны әмір етті. Оның аты Абруи болатын» [5] .

Түркістан өңірінен келген бабаларымыз Бұқар аймағын дамытып, өздерінің жеке әмірін сайлап алады. Дәл осы кезеңде Еуразия даласында Ұлы Түркі қағанаты дәурен құрып тұрған шақ болатын. Сондықтан, әмір ретінде тек Түркі қағандарының ұрпақтары ғана сайланатын. Ал Абруй да ұлы Түркі қағаны Бумын қағанның ұлы Мұқан қағанның күңнен туған баласы болатын. Абруйдың бұл аймақты қалай билегені туралы «Бұқар тарихында»: «Патшаның өзі өмір сүрген үлкен ауыл Пейкенд, ал қала Кала-и Дабуси деп аталды. Біраз уақыттан кейін Абруидің күші артып, аймақты аяусыз басқара бастады тұрғындардың шыдамы шегіне жетті» деп жазады [5].

Бірақ, Абруй қаған өзін билікке көтерген Бұқар халқының адами парасатын түсінбей, оларды қаталдықпен басқарды. Тіптен, оның қатыгездігі шектен шыққаны соншалық халық одан мезі болып, жан-жаққа қаша бастады. Елге керегі тыныштық пен бейбітшілік қой. Өз қағандарынан шаршаған ел оны тәубесіне келтіріп, өз жағдайларына қамқор болатын адамды іздейді де, оны Батыс Түрік қағаны Қара Шырын Түрікке арыз ретінде шағымданып, өздерін құтқаруды сұрайды. Қара Шырын Түрік қаған мұны жедел қабылдап, Абыройды тәубесіне келтіру үшін өзінің ұлы Шырын Арслан қағанды жібереді. Ол Абыройды ұстап, оны азаппен өлтіреді. Бұл туралы тағы да «Бұқар тарихы» былай дейді: «Дихкандар мен  бай көпестер бұл аймақтан кетіп, Түркістан мен Тараз бағытында жол тартады. Олар қаланы тұрғызып, оны Хамукат деп атаған, өйткені бұрынғы қоныстанушылардың басшысы Ұлы Дихкан бұхар тілінде "Інжу", ал "кат" - "қала" дегенді білдіреді. Сондықтан бұл атау «Хамука қаласы» дегенді береді.  Жалпы, бұқаралықтар «хамукас» деп ақсүйектерді атаған.  Бұхарада қалған елшілерді өз әміршілеріне жіберді және оларды Абруйдің зорлық-зомбылығынан қорғауды сұрады. Ақсүйектер  мен дихкандар Кара-Джурин-Турк деп аталатын патшадан көмек сұрады. Оның ұлылығы үшін халық оны Бияга деп атаған. Бияғаға сол кезде ұлы Шири-Кишварды үлкен әскермен жіберді. Ол Бұхараға келіп, Пайкенде  Абруйді қолға түсіріп, үлкен қызыл қапты арамен толтыруға бұйрық береді. Осының себебінен Абруй ажал құшады» [6]. Міне, Хамукат қаласы осылайша Бұқар жерінен Абырой әміршіден қашып келген тегі түркілік бай-көпестердің қолымен тұрғызылады. Осы жерде айта кететін бір жағдай қазіргі ғалымдарымыздың көбісі қаланы Орта Азиялық соғдылықтар соқты дейтін тұжырымы. Екі өзен арасында Соғдиана болғаны шындық, бірақ, дәл мына дереккөзден ұғатынымыз Бұқар қаласын да, Хамукат қалашығын да жайнатып гүлдендірген түркілер екендігі.

Алғаш Қостөбе қалашығын 1938 жылы А.Н.Бернштам; 1985 – 87 ж., 2000 жылдары  К.М.Байпаков сынды атақты археологтар зерттеген болатын.  1985-1987 жылдары жұмыстар барысында ескерткіштің топографиясы туралы жаңа деректер алынған. Қостөбе қалашығы Талас алқабындағы ірілерінің бірі екендігі мәлім болды.  Оның топографиясы, жеке тұрған күмбез тәріздес дөңес (от ғибадатханасы болуы мүмкін) пен бекіністік қабырғаның солтүстігіне қарай орналасқан некропольдер қоса алғанда, Суяб пен Навакет қалаларына баланған Шу алқабының Ақбешім мен Красная речка қалажұртының топографиясына жақын [7].

Қостөбе от алтары

Қаланы қоршаған ұзын қамалы, рабад, шахристан, орталық бөлігі, от храмы мен төңірегінде қорымдары бар. Қаланының негізгі шаруашылық бөлігі ор мен мұнаралы қабырғалар арқылы қоршалған аумағы 460х375 м келетін биік алаң және орталық бөлігі төртұрышты шағын төбе түрінде сақталған.  Ішкі қамалдағы археологиялық зерттеулерден VІ-ХІІІ ғасырлар кезіндегі сәулетті құрылыс нысаны ашылған. Қала құрылысының төменгі қабаты VІ-VІІІ ғасырларда салынған. Ол айналма дәліздер, тұрғын бөлмелер мен шаруашылық жайлары бар қамал сарайы болған. Ішкі қамалдағы ою-өрнек жергілікті сәулет өнерінің дамығанын көрсетеді. Өсімдік пен геометриялық ою-өрнектің жиі кездесуі, ислам дінінің ықпалы болса керек. Сәулет өнерінде Орта Азиялық нақыштардың ең озық үлгілері айқын байқалады. Бұның өзі Талас өңірінде сәулет өнері жоғарғы деңгейде болғанын көрсетеді. Ең жоғарғы қабаттан табылған тиындар мен қыш бұйымдар оның ХІІІ ғасырдың басына дейін өмір сүргендігін дәлелдейді. Қазба барысында қамыс пен ағаш күлінің жиі кездесуіне қарағанда қала қалың өрттің немесе соғыс салдарынын қираған болуы ықтимал [8].

 

Қостөбе қалашығы: археологиялық қазба жұмыстар

Қорыта айтқанда жалпы қалашыққа әсер ететін теріс антропогендік және табиғи факторларға қарамастан, қалашық жақсы күйде сақталған. Тараз қаласына жақын орналасуы, оның гүлденуіне үлкен әсер еткені сөзсіз. Қала өмірі монғол шапқыншылығын кейін тоқтай бастаған. Қалашық Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан және Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс қалаларымен сауда, мәдени байланыста болған ең ірі саяси және экономикалық орталықтың бірі болған. Елбасының Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мәдени-географиялық тарихи нысандарды «Халықтың рухани қорғанышы және ғасырлар бойына сіңіріп келе жатқан мақтанышы» екендігін атап өтті. Қазіргі уақытта «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің нысандарының бірі Қостөбе қалашығының жергілікті археологтармен қатар әлемдік деңгейдегі археологтардың назарын өзіне аудартып отыр. 2000 жылдан асып түсетін тарихы бар киелі Тараз қаласында орналасқан осы іспеттес қалашықтардың тарихын зерттеу, жандандыру, насихаттау біздің міндетіміз деп білемін. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қостөбе қалашығы тарихи, стратегиялық маңызы өте жоғары ескерткіш екенін білу үшін тиісті деңгейде көңіл бөліп, туристік нысанға айналдыра білсе пайдасы мол нысандардың бірі болары анық.

Ұлжалғас ШАИЗХАН, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің кіші  ғылыми қызметкері

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. /5,107/. Қытай деректерінде Талас /Талас-Тараз/ деген аттармен белгілі болған Тараз қаласының аты Талас өзенінің атына байланысты шыққан /6,91/.
  2. (Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Байзақ ауданы. Алматы, 2010 ж. 67 б.)
  3. (Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути. - Алматы, 1998 5)
  4. «Бұқар тарихы» Ташкент, 1897 ж. 12-бет
  5.  «Бұқар тарихы» Ташкент, 1897 ж. 12-13 беттер.
  6. Таласская долина. Труды Семиреченской археологической экспедиции (1936-1938 гг.)/Составлены под общ. ред. проф. А.М.Бернштама.
  7.  (Материалы и исследования по археологии Казахской ССР. Алма-Ата, 1949. Т.1.С-135-137.)
  8.  (Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштер жинағы. Алматы, 2002 ж. 101-103 б.)
2028 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper