Көрменің ашылуында Ұлттық музей жанындағы "Халық қазынасы" институтының жетекшісі Ақан Оңғар аталмыш шараның басты мақсаты туралы айта келе, қазақ даласындағы құнды сәулет-ескерткіштерді тұтас қоғам болып қорғауға шақырды.
- Бүгінгі көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – ол Қазақстан аумағында табиғи, техногендік және адами факторлардың әсерінен бұзылып жатқан ескерткіштердің қазіргі жай-күйіне көпшілік назарын аудару. Сол арқылы тарихи мұраларға деген қоғам жауапкершілігін арттыру. Кеше ғана біз Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану мемлекеттік мекемесі және Ерейментау аудандық әкімдігімен бірлесіп, осы өңірдегі археологиялық ескерткіштер мен мәдени ландшафтаны қорғау мәселелері бойынша далалық семинар өткізіп келдік. Сондай-ақ халық арасында тарихи ескерткіштерді қорғау мен сақтауға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда арнайы темір іздейтін құрылғымен тарихи орындарды бүлдіріп, қазып кетіп жатқан жағдайлар көптеп кезедседі. Әрине мұндай заңбұзушылықтарға әрбір адам тосқауыл болып, жол бермеуі тиіс, - деді А.Оңғар.
Көрмеге еліміздің әр аймағында түсірілген 50-ге жуық фотоматериалдар қойылған. Олар«Қазреставрация» РММ, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мемлекеттік мекемелерінен және З. Самашев, М. Елеуов, К. Байпақов, А. Бейсенов, Д. Байтілеу, Ғ. Омаров, А. Нұржанов, А. Оңғар, Е. Оралбай, Е. Ақылбек сынды археолог-ғалымдардың жеке мұрағат қорлары мен ғылыми-көпшілік жарияланымдарынан алынды.