Конференцияның салтанатты ашылуы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Жастар сарайы» ғимаратында өтеді. Халықаралық конференция Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдық мерей тойына арналған кезекті шараларының маңыздысы болып отыр. Конференция қонақтары қатарында ҚР белгілі ірі музейлерінің басшылары мен қызметкерлері бар.
Конференцияның барысында Еуразия даласының археологиясы, этнографиясы, антропологиясы және тарихының өзекті мәселелері мен ғылыми жетістіктері бойынша ақпараттармен алмасу жоспарланған. Ұсынылған тақырыптардың уақыттық шеңбері тас дәуірінен бастап қазіргі заманға дейінгі аралықты қамтиды.
Конференцияға Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия сияқты алыс-жақын шетелдерден Еуразия Далалық белдеуінің тарихы мен мәдениетін зерттеуші көрнекті ғалымдар және Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Алматы мен Астана қалаларынан тарих, мәдениет, өлкетану саласының мамандары шақырылды.