Анонс


Шіліктіде аспан асты музейі қашан ашылады?

Сәрсенбі, 28 Қазан 2015 10:25
Шіліктіде аспан асты музейі қашан ашылады? KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыстағы Шілікті жазығы шежіреге толы. Осынау жазықтағы құпия сыр бүккен көне қорғандар мен обалар қашаннан-ақ талайлардың назарын өзіне аударып келеді. Біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың басындағы жәдігерлердің қатарына жататын үшінші «Алтын адам» да дәл осы жерден табылған болатын.

Қазақстанда қанша «Алтын адам» бар?

Алтын адам,
Алтын адам...
Адам жоқ!
Алтын қалған жарқыраған.
Білмейміз саудагер ме, қолбасы ма?
Сараң ба, алтын үшін қалтыраған?
Сары алтынның белгілі нарқы маған,
Қайда, бірақ алтыннан артық адам?!...
1970 жылы Алматы облысындағы Есік қорғанынан алғашқы алтын адам табылған кезде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осылай деп жыр жазған екен. Қалай десек те, қасиетті де киелі жерімізден алтын адамның шығуы тарихымыздың тамырының тым тереңде жатқанын білдірсе керек. Кейіннен тоқсаныншы жылдардың соңында Батыс Қазақстандағы Аралтөбе қорғанынан екінші алтын адам табылып, ғалымдар оның біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырға жататын жәдігер екенін дәлелдеді. Ал еліміздің шығысындағы Шілікті жазығы «Алтын адам» табылған үшінші аймақ. Десе де, ғаламтордағы кейбір деректерге сенсек, Қазақстан аумағында 2014 жылға дейін ресми жарияланған жеті алтын адам табылған көрінеді. Тіпті, еліміздегі алғашқы алтын адам 1970 жылы емес, 1967 жылы дәл осы Шілікті қорғанынан табылғаны туралы хабарды да ғаламтордан көзіміз шалып қалды. Ленинградтық ғалым С.Черниковтің қазып алған алтын адамы Ресейдегі Эрмитажда сақтаулы тұрған көрінеді-мыс. Бірақ мұның қаншалықты рас-өтірігін анықтауды ғалымдардың еншісіне қалдыруды жөн көрдік.

Сақ патшасын тонаған кім?

Зайсан аудандық өлкетану музейінің директоры Әденбек Әбілмәжіновтің айтуынша, Шілікті қорымдарын зерттеу жұмыстары патшалық Ресей кезінен бастап жүргізіле бастаған көрінеді. Сақ қорымдарының бір жерде шоғырлануы талайлардың ерекше қызығушылығын тудырған. Кейбір деректер бұл жерде мыңнан астам сақ қорымдарының болғанын айтады. Тек көзге көрініп тұрғанының өзі 250-ден астам екен. Қорғандар 1914 жылдан бастап қазыла бастаған. Ал 1949 - 1970 жылдар аралығында Шілікті қорғандарын зерттеуге ленинградтық археолог С.Черников ерекше белсене кіріседі. Ұзақ жылғы зерттеудің нәтижесінде ол бұл жерден ежелгі сақтардың аң, құс стилінде жасалған 524 алтын бұйымын тапқан екен. Ол бұйымдардың барлығы қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы тұрған көрінеді. 
Еліміз егемендік алып, жерімізге өзіміз иелік ете бастаған кезде, Шілікті отандық ғалымдардың да зерттеу нысанына айналады. 2003 жылы бұл жерге тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев бастаған археологиялық экспедицияның табаны тиеді. Және де олар үлкен олжаға кенеліп, біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың басындағы жәдігер болып табылатын еліміздегі үшінші алтын адамды табады. Ғалымдар бұл алтын адам – сақ патшасы деген байлам жасайды. Профессор Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, бұл алтын адам «өзіне дейінгі Есіктен табылған «Алтын адамнан» екі жарым, үш ғасыр бұрын, Аралтөбе «Алтын адамынан» мың жыл бұрын өмір сүрген» екен. Ғалым сонымен қатар бұл алтын адамның үстіндегі киімдері тірі кезінде киіп жүрген киімдері екенін айтады. 
Есіктен табылған алтын адам бізге тоналмай, бүтін күйінде жетсе, ғалымдар Шіліктіден табылған алтын адамның тоналғанын айтады. Ұрылар көзге түсетін ірі дүниелерді жымқырып кеткен. Десе де, патша киімдеріне тағылған сом алтыннан құйылған жапсырмалардың бәрін түгел ұрылар жинап ала алмаған. Обадан барлығы 4303 дана алтын зат шығады. Оның 250-і аң стиліндегі әшекей жапсырмалар. Олардың ішіндегі ең үлкені – арқардың мүсіні. Сонымен қатар екі бұғының мүйізі айқасып тұрған жапсырма да өте құнды. Бұл әшекей үш көріністі: қос таутекенің басын, тура қарап тұрған барыстың бейнесін және ұшып бара жатқан құсты адамның көз алдына әкеледі. Ғалымдар мұндай ұшқыр қиялдың кәсіби дизайнерлердің өзінің ойына көп келе бермейтінін айтып, мұны сақ бейнелеу өнерінің ерте заманның өзінде де биік шыңға көтерілгенінің айқын дәлелі дейді.
Содан кейінгі тағы бір ерекшелік - бұған дейінгі сақ обаларынан шыққан алтын бұйымдар қаңылтыр немесе фольга тәрізді болып келсе, Шілікті қорғанынан шыққан әшекейлердің барлығы да құйма алтыннан соғылыпты. 
Музей директоры Әбдеш Тәшкенұлы бастаған археологиялық экспедиция 2004-2005 жылдары да Шіліктідегі тағы бір үлкен қорғанды қазғанын, бірақ ішінен ештеңе де шықпағанын айтады. 

Обалар шашылып жата бере ме?

Табиғаттың тылсым сыры таусылған ба? Жергілікті тұрғындар археолог ғалымдар алтын адамды қазып алғаннан соң, Шіліктінің ауа райы күрт бұзылғанын айтады. Ежелден адамға да, малға да жайлы құтты қоныстың тұрғындарының берекесі қашып, небір қолайсыздықтарға тап болады. Бұл өңірде қыс болса, қар қалың түсіп, бет қаритын аяз апталап тұрып алатынды шығарады. Тіпті, қайбір жылы көктемде қыстағы қалың түскен қардың кесірінен бұл маңдағы бір-екі ауыл қызыл судың астында да қалады. Мұндай табиғаттың тосын мінез танытуын тұрғындар қасиетті қорымды қазып, ата-баба аруағын мазалаумен тікелей байланыстырады. Кейіннен жергілікті азаматтар киелі адамның сүйегін қайтадан Шіліктіге әкеліп жерлеу мәселесін көтеріп, жоғарыға хат жазады. Сөйтіп, 2013 жылы Шіліктіден табылған сақ патшасы қайтадан жер қойнына тапсырылады. 
- Басына құран бағышталып, қатым түсіріліп, қазақы ырыммен қойылды десек те, алтын адамның сүйегі табытпен жерленді, - дейді Әденбек ағамыз. Осыдан кейін ғана Шіліктіде тыныштық орнайды.
Шіліктіде аспан асты музейін салу туралы алғаш сөз еткен сол кездегі еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Қасиетті жерге табаны тиген бір жиында мәдениет министрі алдағы уақытта бұл жерге қаражат бөлініп, үлкен кесене салынатынын, Шіліктінің туризм орталығына айналатынын айтады. Министрдің мағыналы сөзі жергілікті тұрғындардың да ойындағысын дөп басып, үміт отын жаққандай болады. Бірақ содан бері біраз жыл өтсе де айтылған сөзден ешқандай нәтиже жоқ. 
Десе де, жергілікті жұртты тағы бір дүние қатты алаңдатады. Ол - осы уақытқа дейін зерттелген, қазылған обалардың сол күйі жабылмай, ашық-шашық жатуы.
- 1914 жылдан бастап Черниковтың, Төлеубаевтың қазған обалардың түгелі дерлік жабылмай жатыр. Әбдеш Тәшкенұлынан «Зерттеу жүргіздіңіздер, енді неге жауып кетпейсіздер?» деп талай сұрадым. Жабыңыздар да, жанына «мына оба 2003 жылы зерттелген» деп қара тастан белгі қойыңыздар деген ұсыныс та айттым. Сонда олар маған «біздің қазуға ғана лицензиямыз бар, жабумен басқа мекеме айналысады» деп жауап берді, - дейді Әденбек Әбілмәжінов. Оның айтуынша, тіпті жайлаудағы обаларды өз бетінше ашып, пайдаға кенелмек болғысы келетін пысықайлар да бар көрінеді. 
Қалай десек те, обалардың да обалы болатынын ертерек ойлағанымыз жөн шығар. Қатпарлы тарихымызды зерттейміз деп, табанның астында ашық-шашық тастауымыз қай қоғамға да болсын әсте жараспасы анық. 

Мейрамтай Иманғали

Шығыс Қазақстан облыстық "Дидар" газеті. 

3498 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper