Сонымен қатар ауыл орталығында «Жыр сүлейі – Сүйінбай» атындағы саябақ ашылып, ескерткіші бой көтерді. Мұндай игі істердің барлығы ақынның 200 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр. Жалпы мерейтойға арналған іс-шаралар 21 қазанда ақындар айтысымен басталды. Содан соң термешілердің байқауы және халықаралық ғылыми конференцияға ұласты. Ғалымдардың пікірінше, Сүйінбай поэиясы терең философиясымен, ой сұлулығымен, ақын тіліндегі поэтикалық өрнек-айшықтарымен ерекшеленді. Жазушы Мұхтар Әуезов Сүйінбайды «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атаған. Ақынның айтыстары мен өлең-толғауларын жинау, жариялау ісі 20 ғасырдың бас кезінде қолға алына бастады. 200 жылдыққа арналған шаралар легі Көкбастау ипподромындағы ұлттық ат спорты ойындарымен аяқталды.
Фото: astanafm.kz