
Ашылу салтанатына келген мәртебелі меймандар Оңтүстік өңірде осынау этно-мәдени, тарихи ошақтың ашылып отырғандығы рухани құндылықтарымызды дәріптеуде мағынасы терең екендігін атап, Елбасының «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» идеяларымен үндесіп жатқандығына айрықша тоқталды.

Этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына өңірдегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған.

Кешеннің құрамында «Бәйдібек» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны біріктіріліп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан.

Тұсауы кесіліп отырған «Қазына» этно-тарихи кешені Шымкент қаласының жалпы аумағы 76,4 гектар жерінде орналасқан. Этно-тарихи кешен аумағында сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткіш бой түзеді.


Бұл жерде сонымен бірге ұзындығы 50 метр, биіктігі 8 метрді құрайтын тарихи ескерткіштердің бірі - «Ұлы жібек жолы» сәулеттік-композициясы орналасқан.

Көлемді аумағы бар «Наурыз» алаңы қазақша өрнекпен төселген кілем іспеттес, оның аумағында «Ауылым − алтын бесігім», «Туған жерім тұғырым» атты барельефті сахна, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» секілді сәулеттік-декоративтік композицялар орнатылған.

Шаһардың көркін ашып, қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс уақытын өткізуіне мүмкіндік беретін осындай мәдени кешендердің өңірлерде бой көтеріп жатқандығы – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығының тағы бір айғағы.
Фото: Партияның баспасөз қызметінен алынды.
