Анонс


«Есік» қорық-музейінің 5 жылдығы ерекше тойланды (ФОТО)

Бейсенбі, 01 Қазан 2015 15:55
«Есік» қорық-музейінің 5 жылдығы ерекше тойланды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы облысындағы «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы мен «Алтын адам» археологиялық ашылымының 45 жылдығына, «Есік» қорық-музейінің 5 жылдығына орай «Қорғандар сыр шертеді» және «Дәстүрлі жыр мерекесі» атты екі бөлімнен тұратын  іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Ресми шараның алғашқы бөлімінде 2015 жылдың маусым айында Алматы облысындағы Өрнек ауылының маңынан табылған, бұған дейін отандық ғылым саласында көп белгілі бола қоймаған археологиялық олжаларын паш ететін «Қорғандар сыр шертеді»атты көрмесінің ресми ашылу салтанаты болды.

Өрнек ауылының маңынан табылған, ерте темір дәуіріне, дәлірек айтсақ,б.з.д. V-IV ғғ.жатады деп болжанып отырған бұл қорғандар өзінің ерекше құрылысымен дараланады. Мысалға, Жетісу жеріндегі сақтарға тән жерлеу орындары көбіне бөренеден жасалған лақатпен өрілсе, Өрнек қорғандарының лақаты тастан қаланған. Мәйіт қойылған жерлеу камерасының жанында тағы бір жерлеу орны жасалып, өртелген боп шықты.Сол қорғандардан табылған, осыған дейін еш жерде кездеспеген ежелгі замандағы ұсталық өнердің ерекше бұйымдары – өзгеше әдіспен жасалынған қыш құмыралар мен жекелеген алтын бұйымдар да көрменің мәнін аша түсті. «Өрнек қорғандары» болашақта жан-жақты зерттелер болса, еліміздің археология тарихына тың жаңалықтар қосылуы әбден мүмкін.

 

Шараның  «Дәстүрлі жыр мерекесі» атты екінші бөлімнің шымылдығын жергілікті өнерпаз, ақын, сазгер А.Үсенов  «Алтын адам» шығармасымен ашты.  Жиынға қатысқан өзге ақында мен жыраулардың сөздеріне мәйек болған тақырып - ерте замандардан бүгінге дейін тамыры үзілмей жеткен Қазақ тарихының тылсым сырлары, «Алтын адамның» ел тарихындағы алар орны, «Есік» қорық-музейінің ауданның мәдени өміріндегі үлесі, еліміздің кемел тарихы, келісті болашағы болды. 

 

Музей басшылығы айтулы шараны бұқараға жеткізу үшін журналистерді шақырғанын да атап өтті.

«Ойын-сауықтық жаңалықтарды жырқылдатып эфирден беруге құмар көптеген БАҚ өкілдерінің ғылым саласында осындай жаңалықтар орын алып жатқанда, ай бұрын сауын айтылып, хабар берілгеніне қарамастан ат ізін салмай қойғаны өкінішті», - дейді музей әкімшілігі.  

                

2868 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper