Анонс


Ақтөбе облысының Болгарка ауылында этнографиялық музей үйі ашылды

Дүйсенбі, 14 Қыркүйек 2015 12:29
Ақтөбе облысының Болгарка ауылында этнографиялық музей үйі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облысындағы Алға ауданына қарасты Болгарка ауылында осыдан бір ғасыр бұрын қоныс аударған болгар ұлтының ұрпақтары тұрады. Этнографиялық музей үйі осы жергілікті болгарлардың құрметіне орай ашылып отыр, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Блогарлар Ақтөбе жеріне 1907 жылы Столыпин реформасы тұсында Бессарабиядан осында кеп қоныстанған екен. Ғасырдан астам уақытта болгар этнос өкілдері Қазақстанға әбден сіңіп, сондай-ақ өз мәдениеттері мен салт-дәстүрін сақтап қалды. Алға ауданында құрылған «Вяра» фольклор ансамблі және сомен аттас этномәдени бірлестігі кеңінен танымал.

Музейге болгар халқының бір ғасыр бұрын тұрмыста пайдаланған құрал-жабдықтары қойылған. «Дюзен» деп аталатын тоқыма цехы, 105 жыл бұрын ағаштан жасалған шкаф бар. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары музей қорының толуына белсенді атсалысып, темір үтіктеріне дейін берген екен. Ақтөбе облысының басқа аудандарында тұратын болгарлардың барлығы музейдің ашылуына жұмыла көмектесіп, естілері қай заттың қалай қолданылатынын тәптіштеп айтып берген.

Музейдің ашылуына мұрындық болған бірден-бір адам мектеп кітапханашысы Марина Маринова екен. Оның бастамасын барлығы қолдап, ауыл әкімдігі мен аудан әкімдігі көмегін берген.

Музей үйінің тұсауын Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе филиалы хатшылығының меңгерушісі Жолдас Нұршин мен Болгарка ауылының ақсақалы Михаил Бошков кесті.

Музей ашылып отырған үйдің өзі бір ғасыр бұрын салынған. Оны ең бірінші келген қоныс аударушылар тұрғызған. Болгарка – Алға ауданындағы Сарықобда ауылдық окуругіне кіретін елді мекен. Бұл ауылдың іргетасын болгарлар 1908 жылы қалаған.

 

Фото: yvision.kz

2958 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper