Музей Қазақстандағы алғашқы мұнай-газ өндірісі және бір ғасырдан астам тарихы бар іргелі кәсіпорындардың құрылуына негіз болған қайраткерлер өмірінен сыр шертеді. Болашағын мұнай өндіріс саласымен байланыстырғысы келетін жастарға да енді бұл ордадан мамандығына қатысты мағлұматтар алуға мол мүмкіндік бар. Соңғы үлгідегі ақпараттық технологиялармен жабдықталған музей мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында есігін айқара ашты. Салтанатты шараға ұлттық компания басшылығы, мұнай-газ өндірісі саласының ардагерлері мен «ЕмбіМұнайГаз» АҚ құрамындағы кәсіпорындардың үздік қызметкерлері қатысты.
- Болашақтағы жас буындарға жеткізу үшін бұрынғы мұнайшылардың еңбектерін, қалай қиындықтар көріп, қандай замандарда еңбек еткендерін көрсететін бірден-бір құрал. Осы музейіміз құтты болсын, игілікке жарасын. Болашақ мұнайшылар осыдан келіп тәлім-тәрбие ала берсін, - деді «ЕмбіМұнайГаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Көптілеуов музейдің ашылу салтанатында.
Айта өтейік, интерактивті музейдің өзгелерден артықшылығы мұнда экспонаттар жоқ. Компьютер желісіне енгізілген бар тарихты кез келген жастағы көрермен өз қолымен арнайы нүктелерді басу арқылы тамашалай алады.