Музейдің ашылуына еліміздегі аграрлық саланың ғалымдары, ауыл шаруашылығымен айналысатын компаниялар әкімшілігі мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, шаруашылық жетекшілері, өзге де білікті мамандар, ҚазҰАУ оқытушы-профессорлары мен ғалымның туыстары қатысты. Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан университет ректоры, академик Тілектес Есполов Лашқар Есенқұлұлының өмір жолы мен еңбегі жайында кең-көлемді баяндама жасады:
- Заман өзгеріп, қоғам алға жылжып, ғылым өркендеген сайын әрбір ізденіс пен нәтижелі еңбектің бастауында тұрған тұлғалардың қадыр-қасиеті арта түсетіні заңдылық. Өз ісіне жан-тәнімен беріліп, ұтқыр ұйымдастырушылық қабілеттерімен қатар біліктілігі мен іскерлігін, жауапкершілік пен сауаттылығын, ізгілік пен телегей теңіздей білімін кейінгі ұрпақтың ой-санасына сіңіре білген Лашқар Есенқұлұлының тәлімін алып, шәкірті болғанымды өз басым мақтан тұтамын. Өзінің көптеген ізбасарлары үшін ұстаз идеалына айналған танымы терең, тәлімі мол, болмысы бекзат, тұлғалы ғалымнан алған ұлағатты білім мен зор тәжірибе ғылыми ізденістерім мен қызметтік жолымның өрістеуіне де кең ықпалын тигізгенін атап өтуді парызым деп білемін, - деп атап өтті ректор өз сөзінде.
Еңбегін ел дамуына арнап, ауыл шаруашылығының жаңа бағытта өркендеуіне адал қызмет еткен ірі ғалымның ағартушылық бағыты мен негізгі ғылыми еңбектері су мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, егістік, жайылымдық, шөл-шөлейт жерлерді сумен қамтамасыз етуге және мәдени жайлымдарды автоматтандыруға арналды. Ғалым Лашқар Есенқұлұлы бастаған бір шоғыр ізденімпаз ғалымдар – су шаруашылығының білікті мамандары еліміз үшін аянбай еңбек етті. Ғылыммен айналыса жүріп, бірқатар жауапты, лауазымды қызметтер атқарған қайраткер тұлғаның ғылымды басқарудағы ұтқырлығының нәтижесінде кең байтақ жерімізде сумен қамтамасыз ету мәселелері шешімін тауып, егістіктер жайқалып, бау-бақшалар гүлдеп, қаңырап тұрған елді мекендер мен шаруашылықтар судың игілігін көре бастады. Бұл өз кезегінде сол кездегі ел экономикасының еселенуіне алып келді.
Саналы ғұмырын ауылшаруашылық ғылымына арнап, су мәселелерін терең зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазып қалдырған аяулы ұстаз, Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаев 1915 жылы 20-тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының қасиетті Қазығұрт өңіріндегі Қара қия ауылында дүниеге келген.
Ғалымның атындағы жаңа музейде тұлғалы ұстаздың өмірі мен ғылыми жолынан сыр шертетін құжаттар мен суреттер, ғылыми кітаптар мен өз атымен патенттелген су қондырғыларының үлгілері, алған атақтары мен орден, медальдары, зерттеу жұмыстарында қолданып, тұтынған заттары сынды құнды жәдігерлер қойылған. Музейдегі ашудағы мақсат – Лашқар Есенқұлұлы сынды тұлғалы ғалымдарымыздың ардақты есімі мен терең ғылыми еңбектерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, жастарды ғылымға ынталандыру.