Қорық қызметкерлері негізгі жұмыс бағыттары бойынша Маңғыстау түбегі мен Үстірт жотасы, Каспий маңының оңтүстік бөлігіндегі Бозашы түбегіндегі аймақтарына археологиялық барлау жүргізу және тарихи ескерткіштерді зерттеу, есепке алу, техникалық жағдайларын тексеру мақсатында жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып тұрады. Іссапар барысында олар елді мекендерге соғып, сол маңдағы ескерткіштер туралы аңыз әңгімелер, тарихи деректер жинауға тырысады. Маңғыстау мен Үстірттің тарихи ескерткіштерін ғылыми зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, насихаттау, сақтау қызметін көздеген қорық мекемесінде қазба жұмыстары, реставрация, түрлі бағыттардағы экскурсия жұмыстары жүруімен қатар, ғылыми-әдістемелік кеңес отырыстары мен конференциялар да жиі өтіп тұрады. Қазіргі таңда мекемеде «Ескерткіштерді есепке алу және қорғау», «Сәулет», «Археология», «Экскурсия-көпшілік бөлімі» және ескерткіштердің құжаттары, тарихи деректер, бағалы кітаптар мен жәдігерлер сақталатын «Қор» бөлімі жұмыс істеп тұр. Қорықтың қор бөлімінде 99771 дана артефакт пен жәдігер жинақталып, сақталған.Тарихи-мәдени мұраның 13000-нан астам объектілері зерттеліп, паспорттанды. 1980-2014 жылдар аралығында есепте тұрған 57 діни сәулет кешендерінің 511 объектісінде ғылыми жөндеу жұмыстары жүргізілді. 51 тарихи-мәдени ескерткішке қорғау тақтасы орнатылып, 12 ескерткіштің қорғау аймағы мен құрылыс салуды реттеу аймағы бекітілді. Ерекше бір оқиға – 2014 жылдың тамыз айында елімізде алғаш рет Ақтау қаласында Евразия мәдени мұрасының 7 халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде ЮНЕСКО тізіміне «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан бірқатар ескерткіштер енгізілді.
Жыл бойында қорықтың «Маңғыстау ескерткіштері» тұрақты көрмесі және «Маңғыстаудың киелі орындары», «От киесі», «Ежелгі Маңғыстау мұралары», «Ортағасырлық Қызылқала қалашығы», «Сисем ата қорымы», «Маңғыстау петроглифтері» атты тақырыптық жылжымалы көрмелері қала тұрғындары мен қонақтарға, студенттер мен жастарға, үйірме жетекшілері мен оқушыларға, өлкеге саяхаттап келуші көрермендер назарына ұсынылды.
Маңғыстау жерінде жергілікті сәулет өнерін, оның ерекшеліктерін ғылыми негізде ашып, талдап, жүйелеп, том-том кітаптар жазған сәулетшілер мен осы саланы зерттеушілер бар. Академик Ә.Марғұлан, профессор М.Меңдіқұлов және Б.Ыбыраев, С.Әжіғалиевтер жазған ғылыми еңбектер өз өлкесін құрметтеп, оның сырын білемін деген жастардың оқу орнында дәріске пайдалана алатын сүйікті әдебиеттері болуы тиіс. Маңғыстау халқының өмірі, тұрмысы, тыныс-тіршілігі тарихи-мәдени ескерткіштерімен тығыз байланысты. Бұл ғажап сәулет өнерін шетелден келіп тамашалап, таңдай қағушылар қатары аз емес.
Гүлнар НАУЫРША
Ақтау