Анонс


Астанада «Мәңгілік Ел» триптихының таныстырылымы өтті (ФОТО) Таңдаулы

Сәрсенбі, 22 Шілде 2015 14:10
Астанада «Мәңгілік Ел» триптихының таныстырылымы өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  
Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мәңгілік Ел» триптихының таныстырылымы өтті. 

Жобаға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі қылқалам шебері Ерболат Төлепбай жетекшілік етті. Отандық су­рет­шілердің шығар­машылық ұжымы картинаны бір­­­неше жыл салды. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай триптихтың ерекшеліктері мен құндылығы жөнінде өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, аталған триптихтар Қазақ хандығының 550 жылдығына ерекше сый болып отыр. Шығармашылық ұжым әрбір іс қимылға жете мән беріп, тарихи деректерді мүмкіндігінше қамтыған. 

«Мәңгілік ел» триптихының  Ұлттық музейде таныстырылуын  тарихи жағдай деп санауға болады. Себебі мұндай тарихи әрі көркем туындылар музейге келушілерге және жалпы қазақстандықтарға рух пен мақтаныш сыйлайды. Композиция өткен тарих пен бүгінгі өркениетті Қазақстанның Тұңғыш  Президенті Елбасы саясатымен шебер үйлестіре білген.

 Туынды тарихи және  көркемдік тұрғыдан бағалағанда Ұлттық музейдегі құнды экспонаттардың алдыңғы легінде болары сөзсіз», - деді музей директоры Д. Мыңбай.

«Мәңгілік Ел» триптихының  бірінші бөлігі Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардың бейнелерін негізге алған. Тарихи сюжетке құрылған туынды күрделі һәм көп бейнелі композициясының ауқымдылығымен, шығармашылық шеберлігімен ерекшеленеді.

Триптихтың екінші бөлігі қазақтың дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы «Жеті жарғыға» арналған.  Тәуке хан мен қазақтың әйгілі билері басты бейнелер ретінде орындалған күрделі композициялық туындыда көптеген кейіпкерлердің әрекеті біріктірілген. Тарихи сюжеттің мазмұны сол дәуірге тән этнографиялық, архитектуралық элементтер арқылы ашылған.

Триптихтың композициялық және көркемдік түйіні – тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті.

Ұлт көшбасшысының бейнесі Қазақ мемлекеттігінің ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы даму тарихымен бірге қарастырылады. Туындының орталық тұсында ХХ және ХХІ ғасырларды түйістірген тарихи шекара аясындағы кеңестікке қадам басқан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бейнесі. Шығарманың басты мақсаты – елді дағдарыс пен күйзелістен сақтай отырып, халықты өз төңірегіне біріктіріп, соңынан ілестіре алған Елбасы болмыс-бітімін сомдау. 

Туынды авторлары Тұңғыш Президенттің көркем бейнесін оның жеке қасиеттері арқылы емес, бірінші кезекте тұлғаның әлемдік деңгейдегі тарихи масштабын көрсету негізінде ашуға тырысқан. Кескіндемелік туындының ашық және қанық түстері біздің заманымыздың қажырлы да қайратты қарқынын білдіреді.

 

Фото: Baq.kz 

 

 
2603 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper