«Ұлттық музейдің ашылуы ел тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Бұл музей бүгінгі күні қонақтарымызға мақтанышпен көрсететін тарихи орынға айналды. Осы уақытқа дейін музейді 200 мыңға жуық адам тамашалады. Оның ішінде 13 мыңнан астам шетелдіктер бар. Ел тарихының жаршысына айналған музейге келушілердің саны арта түседі деген ойдамыз», - деді Дархан Мыңбай.
Музей директорының айтуынша ҚР Ұлттық музейі орналасқан ғимараттың халыққа беймәлім тұстары өте көп.
«Музей ғимаратының өзіндік құпиясы бар. Мұны көпшілік біле бермейді. Тәуліктің ішінде музей ғимаратының сырты 7 рет өзгереді. Бұл өзгерістер күннің түсуіне байланысты болып отырады. Күн өз ұясына батқанша 7 рет өзгеретін музей ғимаратының сыртындағы оюлардың да мәні бар. Төменнен жоғары қарай көмкерілген оюлар ғимараттың төбесіне дейін жетпейді. Бұл ұлттық қазынамыздың енді ашылып келе жатқанын меңзейді», - деді музей директоры.
Айта өтейік, ҚР Ұлттық музейі орналасқан орын қазіргі уақытта Астананың ең көрікті орындарының бірі. Сонымен қатар, Қазақ елі алаңындағы сәулеттік композицияның маңызды бөлшегі болып саналады.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС