Анонс


Қостанайдағы геология музейі қайта құрылатын болды

Сейсенбі, 30 Маусым 2015 09:35
Қостанайдағы геология музейі қайта құрылатын болды KAZMUSEUM.KZ -  

«ҚР минералдық ресурстар академиясы» Солтүстік Қазақстан филиалының төрағасы Виктор Дейнека облыс әкіміне хат жазып, онда Қостанайдағы геологиялық музейді сақтап қалу үшін оны қаржыландыру проблемасын көтерген болатын. Жақында осы мәселені назарда ұстаған Нұралы Сәдуақсов геологиялық музейге өзі барып, мәселенің мән-жайына қанықты.

Хатында Виктор Кузьмич Солтүстік Қазақстан геологиялық және жер қойнауын пайдалану аймақаралық басқармасының Көкшетау қаласына көшірілуіне байланысты Қостанай қаласындағы геологиялық музей жағдайының сын көтермей тұрғанын жазған болатын. Онда автор музей орналасқан ғимарат, музейдің жұмыс істемеуіне байланысты жағдайларды көтерген еді. Қазір музей «Қостанай іздестіру-түсіру экспедициясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінен тұр, бірақ бұл кәсіпорынның өзі бүгінде қаржылық қиыншылықты бастан кешіп отыр. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан геологиялық және жер қойнауын пайдалану аймақаралық басқармасының басшылығы музейді Көкшетауға көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Музейге келген облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов ондағы өте бай жәдігерлермен танысты.  Музей директоры Татьяна Крылова әңгімелегендей, мұнда 5 мыңға жуық геологиялық минералдар үлгілері қойылған. Оның сыртында 10 мыңға жуық жәдігер қоймада сақтаулы. Сонымен қатар музейде 1961 және 2013 жылдары Әулиекөлден табылған мұнай сынамасы да бар. Музей қызметкерінің айтуынша, экспонаттарының көптігі жөнінен республикада оның теңдесі аз. Музей директоры Татьяна Крылова: «Біздің мақсат музейді осы ғимаратта қалдыру болып отыр. Мұнда тастар жүйеленіп қойылған» деді. Облыс әкімі музейді облыстың коммуналдың меншігіне өткізу керек деп шешті. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов: «Музейдің білімдік, танымдық мәдени әлеуетін көріп отырып, оны сақтауға тиіспіз. Жақын уақытта музейді облыстың коммуналдық меншігіне алу жұмысын бастаймыз. Содан ары қарай көреміз. Музей облыстық тарихи-өлкетану музейі ретінде жұмыс істейді немесе оның арнайы филиалы болады. Музейді облыс қаржыландыратын болады», деді.

 

 

 
2635 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper