Анонс


Қазақстанда алғаш рет телефон музейі ашылады

Жұма, 19 Маусым 2015 15:07
Қазақстанда алғаш рет телефон музейі ашылады KAZMUSEUM.KZ -  

95 жыл бұрын Жамбыл өңірінде телефон байланысы пайда болды. Бұған облыстық мемлекеттік мұрағаттан табылған құжаттар дәлел.

«Облыстың мемлекеттік мұрағат қорларында Әулие Ата уезі (Жамбыл облысының бұрынғы атауы) қалалық алқасы комиссарының 1919 жылғы 30 тамыздағы баяндамасы сақталып отыр. Бұл құжатта барлық мекемелерді телефон байланысымен қамтамасыз ету қарастырылып отырғаны жазылған. Ол үшін 1919 жылдың қазан айында Ташкенттен үстел үстіне қойылатын бес телефон аппараты және қабырғаға ілінетін екі аппарат, екі амперлік бір телефон коммутаторы және Әулие Ата кеңестік халық шаруашылығы электр стансасы үшін екі мың метр мыс телефон сымы сатып алынған», -  деп баяндады «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісіне «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бөлім басшысы Асқар Қошмәмбетов.

1919 жылдың желтоқсан айында Әулие Ата уезі Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы Әулие Ата пошта-телеграф конторасының меңгерушісіне коммутатор мен телефондарды орнату ұсынысын жасап, келесі жылдың қаңтарында бұл идея жүзеге асырылды.

Яғни, 1920 жылы Әулие Ата (Тараз) қаласында телефон байланысының пайда болғанын айтуға болады, ал 2015 жылы Жамбыл облысында телефон байланысының пайда болғанына 95 жыл толып отыр.

«Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық  телекоммуникациялар дирекциясында аймақты телефондандыру мұражайын ашу шешімі қабылданды. Жиырмадан астам экспонат пен мұрағат құжаттарының көшірмелері жиналып, музей витриналары дайындалуда.

Жамбыл облысының телефон байланысы музейін биылғы жылдың тамыз айында ашу жоспарланған. 

 
2651 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper