Залда соғыстан бұрын және соғыстан кейінгі жылдары Ақмола облысының сот жүйесінде еңбек еткен майдангер судьялар туралы арнайы экспозиция ашылды.
Соғыстан кейінгі жылдары Ақмола облысының сот жүйесінде еңбек етіп, үлкен жетістікке қол жеткізген қаһармандар - отызға жуық адам. Қазіргі күнде майдангер судьялар арасынан арамызда бары Александр Торкин ғана. Ол Мәскеуге фашистер жақындаған кезде, 1941 жылдың 7 қарашасында өткізілген әскери шеруге қатысқан. Кремль алаңынан Рейхстагқа дейінгі соғыс жолдарымен жүріп өтіп, туған елге аман-сау оралған соғыс ардагері.
Музейде майдангер судьялардың фотосуреттері, өмірбаяндары мен ерлік істері туралы газет-журналдар тігінділері, кітаптар жинақталған. Сонымен қатар, соғыс кезінен сақталып қалған майдангерлердің заттарымен де кеңінен танысуға болады. Мысалы, командир биноклі, сарбаз дулығасы, офицер планшеті, әскер құтысы, қазан, қасық және т.б. заттар сол сұрапыл күндерден сыр шертеді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге өңірдегі аудандық соттар ұжымдары да дайындалу үстінде. Облыс соттарында музейлік бұрыштар ашу көзделінген. Ұлы Отан соғысына қатысқан судьяларға арнап мемориалдық тақталар қойылды.
Ақмола облысының ардагер судьялар кеңесінің төрағасы, отставкадағы судья Мейрам Ғибәділовтың айтуынша, жақын арада экспонаттарды толықтыру мақсатында майдангерлердің туысқандарымен кездесулер өткізіліп, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Судьялар болашақ ұрпаққа мұра қалдыру үшін тарихи айғақтарды сақтау өте маңызды деп есептейді.