Әлжан Жалғасбаев - сұрапыл соғыста 7 орден алған ардагер. Ол 1920 жылы дүниеге келген, Қызылорда облысының тумасы. Дүниеден өткеніне 10 жыл болып қалған ардагердің аты жақында Тасбөгет ауылының бір көшесіне берілетін болып отыр.
Жалғасбаевтың жорық жолы Мәскеу қаласындағы Подольск артиллерия училищесінен басталған. Оқуын «өте жақсы» деген бағалармен бітіріп, лейтенант шенін алған. Ұрысқа училище бастығынан 32 рет «алғыс» алып кірген. Әлжан Жалғасбаев сол бойы майданға аттанып кеткен. 1941 жылы Мәскеудің Можайск маңындағы ұрыста курсант формасымен зеңбірек расчетының командирі болған Әлжан «Ерлігі үшін» медалімен оралады. Бұл оның бірінші жауынгерлік марапаты болған екен.
анды шайқаста ардагер Батыс майдан, Брянск Балтық бойы майданы, Үшінші Беларусь майданында жорыққа шыққан. Бұл соғыста 50-ден аса қалалар, стансалар мен елді мекендерді жау қолынан азат ету үшін күрескен. Оның ішінде Мәскеу маңындағы Можайск, Клин қоныстары мен Ильин стансалары, Орел, Брянск, Витебск, Прейш, Каукеман, Велау, Аллебург, Летцен, Шауляй-Добэл қалаларынан басталып, Будапештт, Вена, Данциг және Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг болып жалғаса берген. Ол шайқаста қанша жараланса да шыдап, қатарға қайта қосылып отырған. Ардагер марапатталған 7 орден соның дәлелі деуге болады. №44 Қызыл тулы Полоцк мотоатқыштар полкының командирі майор Бибин мен оның саяси жұмыс жөніндегі орынбасары капитан Балакарский берген мінездемелерде Әлжанның екі ерлігі айрықша аталыпты.
Бірі - Шауляу-Добэл түбіндегі шайқас. Сол ұрыста батарея командирі, лейтенант Ә.Жалғасбаев артиллериялық атыстың үздік шеберлігі мен көзсіз ерлік үлгісін көрсетті делінген. Яғни қорғанысты бұзып кірген жау танкистерін кейін шегіндірген Әлжанның бөлімшесіндегі артиллерист-атқыштарға Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, ардагерімізге I дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені табысталыпты.
Ал екіншісі - Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг қаласын алу шайқасы. Алғашында бұйрық бойынша Тильзат түбіндегі 2746 метрлік асуды алулары керек болған. Сол ұрыста немістердің бір батареясын түгелімен басып алған Әлжан жауынгерлері апанына шегінген жаудың өз снарядын өзіне жаудырған. Мінездеме дерегінше, Ә.Жалғасбаев ұрыс қорытындысымен Ленин орденіне ұсынылған екен. Алайда соғыстың соққысынан болар, бүгінде наградалар арасында бұл орден жоқ. Сонымен, 1941-1945 жылғы сұрапыл соғысты ардагеріміз 3 Ұлы Отан соғысы, 2 Қызыл жұлдыз, Александр Невский және жауынгерлік Қызыл ту ордендерімен, 3 медальмен аяқтапты.
Ғұмыры ерлікпен өткен Әлжан Жалғасбаев өмірінің соңына дейін Тасбөгет ауылындағы №11 орта мектепте шәкірттеріне әскери-патриоттық тәрбие берумен айналысып келген. Тағдырдың жазуымен ардагер 75 жасында 1995 жылдың желтоқсан айында дүниеден озған деп жазады «Айқын» газеті.