Өткен жылы өрт қауіпсіздігіне байланысты Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары мәдени нысанға тексеру жүргізген. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктерді анықтап, жұмыс істеуге жарамсыз деп таныған. Сол бойда облыстық экономикалық ауданаралық сотқа шағым түсіреді. Ондағылар да өрт сөндірушілердің келтірген дәлелдерімен келісіп, музейді уақытша жабуға шешім шығарады.
«Жүз мыңнан астам жәдігер сақтаулы тұрған қойма өткен ғасырдың басында ағаштан салынған. Ол өзі құлайын деп тұр. Сондықтан қойманы жауып тастау туралы шешім шықты. Қазір жәдігерлерді музейдің негізгі ғимаратына көшіріп жатырмыз. Мұнда бұрын алты көрме залы бар болса, енді екеуіне экспонаттар толып тұр. Музейдің ағаштан жасалған баспалдағы мен есік жақтауларын ауыстырдық. Бірақ қаншама жерден өрт сөндірушілер келтірген кемшіліктерді түзеуге тырысқанымызбен, оның еш мәнісі болмай тұр. Қойма жабылған соң, залдар тарылып, келушілерді қабылдай алмаймыз. Алда Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланғалы отыр. Бұл шараларға қалай дайындаларымызды білмейміз»,-дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Ақтөбеде музейге арнап жаңа ғимарат салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Өткен жылы жергілікті билік құрылысқа арнайы жер бөлу туралы уәде еткен болатын. Бірақ мәдениет қызметкерлерінің әкімдік берген арнайы орынға көңілдері толмаған.
«Музей салуға «Нұр-Ақтөбе», «Батыс-2» ықшам аудандарынан жер бөлген еді. Бірақ бірінішісінде қаланың шетінде болған соң оны құптамадық. Ал «Батыс-2» аумағындағы учаскені кейін бермейтін болып шықты. Біздер жаңа ғимарат үшін қаланың орталығынан жер сұрап отырмыз. Себебі ірі мәдени нысанның орталықта болғаны дұрыс»,-дейді музей басшысы.
Ақтөбедегі облыстық тарихи-өлткетану музейі 85 жылдығын тойлайды. Мәдени нысан орналасқан ғимарат та тарихи ескерткіштер тізіміне алынған. Сондықтан күрделі жөндеу жұмысын жүргізе алмайды.